Кеше Астана қаласынан зейнеткер марафоншы Қазақстан – Ресей – Моңғолия – Қытай бағыты бойынша кезекті сапарына аттанды. Бірнеше елге табаны тиетін қария бұл жолғы саяхатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арнайтынын айтты.
Өскеменнен Алтай аймағына өтіп, ары қарай Моңғолияға аялдап, Қытайдың астанасы Бейжіңге жол тартатын қарияны кеше елордалықтар ақ жол тілеп, тілеулестік танытып, сәттілік тіледі.
«Бірнеше елдің шекарасын басып өтетін саяхатымды Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының құрметіне арнаймын. Этноспорт сайысын өткізу арқылы өзіміздің төл мәдениетімізді, бабаларымыздың ат үстінде жүріп, өркениетті өмір сүргенін күллі әлемге әйгілейміз. Көшпелі халықтың ұрпағы болғандықтан, дүниежүзілік доданы насихаттауға бел будым. Былтыр Атыраудан аттанып, Түркияның Ыстанбұл қаласына дейін жаяу жүрдім. Биыл Еуропа елдерін аралауды жоспарлап едім, құжаттық ресімдеуде кілтипан болып, реті келмеді. Моңғолияның Ұланбатыр қаласынан Қытай астанасы Бейжіңге дейін, жалпы 3 500 шақырымды басып өтпекпін», дейді марафоншы.
Сәрсенбай Қотырашев бала күнінен жаяу жүрумен шұғылданғанын айтты. Бүгінде зейнеткер марафоншы күніне 35-40 шақырым жол өндіреді. Саламатты өмір салтын насихаттап, көпшілікке үлгі көрсетіп жүрген қария қызығы мен қиындығы қатар өрілетін әр саяхатында мейірімді жандардың қамқорлығын көп көргенін де жеткізді.