– 11 жыл орысша оқып, университетте «қазақ филиологиясын» оқыған, 17 жыл мектепте мұғалім болып істеген адам кәсіпкерлікті ғылыми тұрғыда зерттеуге қалай келді?
– 11 жыл мектепте орысша оқысам да, саналы түрде қазіргі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «қазақ филологиясы» мамандығын таңдауыма «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», деген сөз себеп болғандай. Иә, 17 жыл мектепте өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ бердім. Кейін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Астана филиалындағы «Достық» орталығына екі елдің білім саласындағы достық қарым-қатынасы жөніндегі үйлестіруші болып ауыстым. Сонда еңбек етіп жүргенде білімімді жетілдіру үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне магистратураға оқуға түсіп, «Қазақ фольклоры арқылы тұлғалық образдың қалыптасуы» тақырыбында диссертациямды қорғадым. Осы оқуымнан кейін бизнес саласына қызметке шақырту алып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының білім-ғылым жөніндегі кеңесшісі ретінде ұлттық контентке жауап бердім. Қазақ тарихында, менталитеті мен дәстүрінде экономикалық сана, логистика, сауда-саттық, ақша, ата кәсіп деген болды. Соны жаңғыртып, азаматтарымызды бизнеске үйретейік десек, ұлттық контент жоқ. Содан отандық мықты еңбектерді, шетелдік зерттеулерді де қарап, палатада арнайы жұмыс тобын құрып, сол топпен авторлық оқу бағдарламасын әзірлеп шықтым. Осылайша, келер жылы зерттеліп бастағанына 10 жыл болатын «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты бағдарламамыз барлық сараптамадан өтіп, мектепте оқытуға енгізілді. Оқу бағдарламасының атауына зер салсаңыз, кәсіпкерлік және бизнес сөзі бірге тұр. Бұл екі ұғым бір-біріне өте жақын болғанымен, ішкі бағыты әртүрлі. Біздің импортқа тәуелділігіміз – бизнеспен айналысқанымыз, яғни алып-сатарлық. Ал кәсіпкерлік – еуропалық зерттеушілер түсінік беріп кеткендей, жаңашылдық, шығармашылық. Кәсіпкерлік тоқтаған жерден бизнес басталады. Бизнесте дайын өнім сатылады. Сол өнімді жетілдіретін кішкене бір жаңалық қосылса, кәсіпкерлік болады. Қазақта «Кәсіп түбі – нәсіп» деген сөз бар ғой, соны әрі қарай өрбітуді, оны ғылыми тұрғыда зерделеп, дәлелдеу үшін Еуразия ұлттық университетіне докторантураға түстім. Жақында алдын ала қорғадым, негізгі қорғау күзде. Сөйтіп жүргенде автоөндіріс саласына жұмысқа шақырып, 2021 жылы «Allur» компаниясына келдім.
– Мұнда ғылыми еңбегіңізді іс жүзінде нәтижелі қолдандыңыз ба?
– «Allur» компаниясының машина құрастыру зауыты Қостанай қаласында орналасқан. Ал бұл өңірде еңбек миграциясы өте өзекті. Себебі мұндағы мектеп түлектері көршілес елге оқуға көптеп кетеді, сонда жұмысқа қалып қоятындары да бар. Аталған компания мені жұмысқа шақырғанда дәл осы мәселенің шешімін табуды тапсырды. Содан компанияға жетіспейтін жұмысшы мамандарды оқытатын Қостанайдағы техникалық колледжде қазақ тобын аштырдым. Оған оңтүстік пен батыс өңірлерден талапкерлерді тарттым, 120 балаға мақсатты грант беріп, бітіргеннен кейін «Allur» зауытына жұмысқа алуды көздедік. Оқытайық десек, қазақ тілінде оқулық жоқ. Енді мен мемлекет деңгейінде мәселені шеше алмаймын ғой, құзыретім жетпейді. Қолымнан келгені – компания басшылығына айтып, ақша бөлдіріп, сол автоөндірісте күнделікті қолданылатын корей, орыс, қытай (инвесторлардың) тіліндегі сөздерді, терминдерді белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлымен бірге аударып, детальдарының суретін қоса салып, «Машина жасау сөздігін» жасап шықтық. Соның нәтижесінде студенттер ешбір тілдік барьерсіз білім алып жатыр. Бүгінде сол колледждің түлектері «Allur» зауытында еш қиындықсыз еңбек етіп жүр. Қазір зауытта 80 пайыз қазақтар жұмыс істейді. Бұл мен үшін «қазақтар жалқау, тойшыл, технарь болу қолынан келмейді» деген қасаң көзқарасты жойған нақты іс болды. Маған әкем: «Айттың ба – істе, істей алмайсың ба – айтпа» дейтін. Осы сөз мені әр істе алға жетелейді.
– Кәсіпкерлікті идеология арқылы дамытуды ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген адам ретінде айтыңызшы, біз неге бизнестен кәсіпкерлікке өте алмай отырмыз? Бұған мамандар мәселесінің тікелей қатысы бар секілді, әлде бәрі идеологияға байланысты ма?
– Бұл жерде екеуі де бар. Әлихан Бөкейхан кезінде «Зауыт ашыңдар» деп айтып кетті. Мысалы, қазір жаман-жақсы машина құрастыратын зауытымыз жұмыс істеп тұр. Енді сол зауытты дамытып, құрастырудан өндіруге көшу керек қой. Айталық, «Мынау көліктің осы бір бөлшегін бізде бар металдан өзіміз жасайық» десе, ақырын өндіріске аяқ баспаймыз ба? Алайда соған жеткізетін маман жоқ қой. Екі темірді дәнекерлеуді үйретті ме, сол жерде тұра береді, әрі қарай жетілдіруге талпыныс жоқ. Өзгенің үйреткенінен әрі аса алмайды, жасампаздық жоқ, техникалық намыс жоқ. Бұл – идеологиялық тұрғыдан соншалықты бір орында тұрып қалғанымыздың көрінісі. Бізге бүгін 300 мың теңге алғанына қанағат қылып отыра беретін, «тәубәға тойып алған» тоқтық емес, техникаға, жаңа технологияға, өндіріске, жаңашылдыққа, түптің түбінде еңбекке деген «аштық» керек. Мамандар мәселесі, яғни адами капитал деп дұрыс айтып отырсыз, бізге өзгеге тәуелді болмай, өндіріске итермелейтін мықты идеология, ал жаңа нәрсе жасауға өндірістің қажетін қанағаттандыратын жоғары білім қажет.
– Сонда елімізде қаншама техникалық университет бола тұра қазіргі өндірістің қажеттілігін қанағаттандыратын білімі бар маман жоқ па?
– Шынын айтайын, ел бойынша біраз техникалық жоғары оқу орнын аралап, автоөндірістің қажеттілігіне сай мамандар даярлайтын университет пен оқытушыларды таппадым. Бізде әр министрлік бір кеңістікте, бір үкіметтің құрамында болғанымен, бір-бірінің жұмысында үйлесім, байланыс жоқ. Мұны мойындау керек. Мойындадым, ойланып, әрекетке көштім. Университет іздеп жүргенде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне жаңа басшы келді де, мен сол ректор Мейрам Мұхаметрахимұлына студенттерді зауытымызда ақылы өндірістік практикадан өткізуге ұсыныс жасадым. Бұл ұсынысыма «Allur» компаниясындағылар «Сонау Алматыдан Қостанайға жастар келмейді, утопия» деп күмәнмен қарады. Бірақ Мейрам мырза мені бірден түсініп, қолдай кетті. Әуелі Қ.Сәтбаев университетінің ғалымдары мен оқытушыларын цифрландыру, автоматтандыру, робот, материалтану бағытына өндірістік тағылымдама ретінде зауытта оқыттық. Осы оқыған оқытушылық құрам жоғары оқу орнына барып студенттерді оқытты. Содан соң сол студенттер өз оқытушыларынан алған білімін іс жүзінде бекіту үшін бізде айына 200 мың теңгеден төленген 1 жылдық ақылы практикадан өтті. Талап бойынша дипломдық жұмыстары «Allur» компаниясының өндірістік қажеттілігіне қарай жазылды, бұл оларға инновациялық идеяларын іске асыруға мүмкіндік берді. Қазір олар – біздің әріптесіміз. Кейбірі «Kia» компаниясына жұмысқа шақырылды, яғни сұраныстағы маман бола алды. Бастапқыда соңғы курстың студенттерін практикаға қабылдадық, содан соң 3-курстың студенттерін өткіздік. Ал биыл 2-курс студенттерін шақырғалы отырмыз. Осы жұмыстың бәрін жүйелі іске асыру үшін «Allur» компаниясында Жоғары инженерлік мектебін аштым. Бір қуанғаным, осы мектепті ашқанымызға 1,5 жыл болғанда Президент әр өңірде озық инженерлік мектеп ашу керегін айтты. Дәл сол тапсырма қолға алынса, мендегі мектептің дайын модулін беруге әзірмін. Енді осы бізде нәтиже көрсеткен тәжірибені ел көлемінде тарату үшін мықты мамандардың басын қосып Ә.Бөкейхан атындағы инновациялық хаб ашып жатырмыз. Өйткені Әлихан атамыз – «технократ болу керек» деген идеологияның басында тұрған адам. Ал хаб арқылы өндірістің өкілі мен оған маман дайындап беретін жоғары оқу орны оқытушыларын екі тарапқа ортақ мәселені бірге шешуге жағдай жасамақпыз. Жоғары оқу орнына қандай дағдыны меңгерген маман керегін өндіріс белгілеуі керек, маман сонда сұраныста болады. Жақында «Allur» компаниясының қолдауымен Қарағанды және Қостанай қалаларының ғалымдарын Сеул және Пусан қалаларындағы автоөндірісті көзбен көрсетіп, 4 зауыт, 5 университетте іскерлік кездесу ұйымдастырып қайттық. Өзімнің де көп нәрсеге көзім жетті, Сеулдегі техникалық университет 90 пайыз интеграциялық бағытта, яғни университет өндірістегі түрлі зауыт, компаниялармен бірлесіп маман даярлайды. Бұл жүйе «Алдымен – адами капитал, содан соң – өндіріс және инновация» деген қағидамен жұмыс істейді. Мұндай жүйенің қандай нәтиже беретінін корейлердің автоөндірістегі табысы мен беделінен көріп отырмыз.
– Елімізде кейінгі жылдары ең көп грант инженерлік мамандықтарға бөлініп келеді. Бірақ бәрібір техникалық мамандар тапшы. Неге?
– Өте күрделі мәселе. Десе де мұның шешімі бар. Инженерлік мамандықтарға деген сұраныс біздің қалауымыздан емес, заманның талабынан туындап тұр. Ал грант бөлу мен мүмкіндік жасау инженер болу немесе инженер қалыптастыру деген сөз емес. Инженер мектептен қалыптасады. Технарь болатын адамды оқушы кезінен анықтап, бағыттауымыз керек. Сонда инженерлік саланы қандай мамандыққа түсетінін соңғы сыныпқа өткенде шешкен адам емес, нақты мақсаты бар талапкер таңдайды, ондай жан сөзсіз осы салада қалып жұмыс істейді. Енді қараңыз, технарь болатын баланы мектеп кезінен кім анықтайды? Әр сала өзінің кадрымен, мамандарының сапасымен мықты. Осы ойды терең ұғынған компаниялар өзінің қызметкерлерін үнемі кәсіби тұрғыда шыңдап, қайта даярлап, біліктілін арттырып отырады. Сол себепті барлық мектеп мұғалімі, әсіресе жаратылыстану бағытында сабақ беретін мұғалімдер сақа болуы қажет. Мұғалімдер дайын делік, одан әрі 5-сыныпқа өткен әр балаға оның ата-анасымен (міндетті түрде) қоса мықты-әлсіз жағы, қабілет-қарымы қандай екенін анықтайтын диагностика жасау керек. Содан соң инженерлік мамандықтарға қабілетті балаларды сол сыныптан бастап-ақ осы мамандықтарға тереңдете оқыту керек. Мектеп бітіріп технарь болуды таңдап, университетке түскен студентке қазіргідей мектептегі пәндерді қайта оқытпай, оны 1-курстан өндірістік тәжірибеге жіберген жөн. Сонда ғана ол толыққанды инженер болып шығады.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»