8-17 шілде аралығында Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері бірлескен операция жүргізді. Әскери маневрлер «Оймаша» оқу полигонында, Қарақия ауданының Тоқмақ мүйісі мен Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында өтті. Оқу-жаттығуға 4000 адам қатысып, 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері жергілікті жер мен қарсыласты барлау, жүктер мен жеке құрамды тасымалдау, теңіз десантын түсіру, дұшпанның көзін жою және диверсияға қарсы іс-шаралар өткізу сияқты оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Оқу-жаттығу қорытындылары пысықталған жиында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, І дәрежелі капитан Данияр Хайрушев тактикалық іс-қимылдар мен атыс нәтижелеріне талдау жасады. Ал Бас қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Жұмабек Хасенов маневрлерді өткізу кезеңіндегі жоғары асқақ рухты, ұйымшылдыққа негізделген өзара көмек пен жауынгерлік жолдастықты ерекше атап өтті. Ол тапсырманы орындау барысында ерекше ынта-жігер көрсеткен, оқу-жаттығу кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылған әскери қызметшілерге алғысын білдірді.
– Жаттығу бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Көздеген межеге қол жеткізіп, қойылған міндеттер жоғары сапалы деңгейде орындалды. Әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің командирлері тапсырмаларды орындауды ұйымдастыруда, бөлімшелерді үздіксіз және тұрақты басқаруда, тынымсыз өзара іс-қимылды үйлестіруде және қолдауда жақсы тәжірибеге ие болды. Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша әр командир қандай бағытта жұмыс істеу керектігін және негізгі күш-жігерді не нәрсеге жұмсау қажеттігін түсінгеніне сенімдімін. «Бірлестік – 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуының нәтижелері бойынша тұжырымдар Әскери-теңіз күштері жеке құрамының жауынгерлік оқуын одан әрі жоспарлау және жетілдіру үшін ескеріледі, – деді генерал-майор Серік Борамбаев.
Жиналыс барысында барлық бөлімшеге және әрбір әскери қызметшінің жұмысына баға беріліп, 21 әскери қызметші грамоталармен марапатталды. Жоғары нәтиже көрсеткен мерзімді қызмет матростары Әлішер Кенжеғалиев пен Диас Медетов Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының қолынан атаулы сағат алды.