Зерде • 02 Тамыз, 2024

Омбыдан түлеген оғландар

1685 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәуір дидарындағы адамзат баласының ең ащы ышқынысы мен ең ауыр күрсінісі Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған уақытымен тұспа-тұс келеді. Ондағы қазақ халқының ерлігі мен өрлігі тарих бетінде алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Бұл жолы отан үшін отқа түскен ерлер, көпшілікке беймәлім Омбы жерінен аттанған бес қазақ – Төлебай Әжімов, Қайден Қарабаев, Великан Есмағамбетов, Темірбай Сүйінов , Өмірзақ Шалғынбаев пен Польша даласында жерленген Зәйкен Көпеевтің өмір жолы мен ерлігі хақында баян ететін боламыз.

Омбыдан түлеген оғландар

Төлебай Әжімов – 1921 жылы Астрахан облысы, Икрянин ауданы, Мумра ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 30-жылдардың орта­сында Төлебайдың отбасы байлар деп танылып, Түмен облысы­ның шалғайындағы арнайы қоныс­қа жіберіледі. Отбасы Сүргіт ауданының Қарамүйіс ауылында тұрды. Төлебай әскер қатарына 1942 жылдың 24 қарашасында шақырылады. Солтүстік-Батыс, Брянск, Беларусь және Бірін­ші Украин майдандарының құра­мында соғысады. Ол 1944 жылы 24 шіл­деде Красностав қаласын (Польша) азат ету үшін шайқаста 15 фа­шисті жойып, басқарма үйді босатады. 31 шілдеге қараған түні ол Висла өзенінен өтіп, плацдармды кеңейту үшін шайқасқа кіреді. Сол жолы қатты жараланса да, әскер қатарынан шықпай, 12 не­міс басқыншысының көзін құрт­ты. Неміс басқыншыларымен шай­­қас­та көрсеткен батыл­ды­ғы, жанқиярлығы мен батыр­­лы­ғы үшін, батыс жағалау­да­ғы жағажайды кеңейту басқару­шы­сының жауынгерлік тап­сырмаларын ұқыпты орын­да­ғаны үшін Кеңес Одағының батыры атағы­на ие болды. Демо­билизациядан кейін Қазақстанда, Алматы қаласында тұрды. 1988 жылы 14 ақпанда қайтыс болды. Әжі­мовтың бюсті Ханты-Ман­сийск қаласында «Даңқ аллеясында», Жеңіс саябағында орнатылды. 2005 жылы 9 мамырда Сүргіт қала­сында батырдың бюсті ашылды.

Қайден Қарабаев болса сер­жант, 480-атқыштар полкі­нің ­2-ат­қыштар ротасы взводы коман­­­дирінің көмекшісі болды. 1945 жылы Шығыс Пруссия елді мекеніндегі жаудың күшті ны­ғайтылған қор­ғанысын бұзып, жерді азат етті. Шығыс Прус­сия аумағында жау­ға қарсы күрес­те көрсеткен ба­­тыл­дығы үшін Қарабаев ең жо­ғары үкімет­тік наградаға – Ке­ңес Ода­ғының батыры атағына ие болды.

Лейтенант Великан Есмағам­бетов 1917 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. 1938 жылдан бастап Омбы облысының Омбы АӘК әскеріне шақырылды. Соғыс кезінде 483-жауынгер­лік авиация полкінің коман­дирі ­болды. 32 рет ұшақты сәтті ұшы­рып, нәтижесінде жаудың 3 ұшағын жеке өзі атып түсірді. 1944 жылы «Қызыл Ту» ордені­мен марапатталған.

Ал Темірбай Сүйінов қызыл әскер қатарына 1940 жылы ша­қырылды. 1943 жылдан бас­тап майданға кірді. Ол бірден бір­неше жоғары марапатқа ие бол­ды. Өзінің алғашқы III дәрежелі «Даңқ» орденін Висла өзенінің батыс жағалауындағы шайқастардағы батылдығы үшін алды. II дәре­желі «Даңқ» орде­ні­мен 1945 жылы 15 қаңтарда Горбатка станса­сын азат еткені үшін марапат­талды. 1944 жыл­дың қыркүйе­гін­де батылдығы мен батырлығы ­үшін Кеңес Одағы­ның Батыры ата­ғына ұсынылды.

1918 жылғы аға лейтенант Өмір­зақ Шалғынбаев 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденін алды. Марапаттау парағынан біз мы­наны білдік: «Аға лейтенант Шал­ғынбаев шабуылдаушы әскери қимылдары кезінде өзін шебер, өз ісін жақсы білетін командир ретінде көрсетті. Бұйрық алған­нан кейін жолдас Шалғынбаев қиындықтарға қарамастан өз взводымен Десна өзенінен уақытымен және шығынсыз өтті. Осылайша, жауынгерлік парызын орын­дады. 1943 жылы 13 қыркүйекте жолдас Шалғынбаев Т-VI типті жау танкісіне тойтарыс берді» делінеді. Ал 1944 жылдың күзінде алған «Қызыл Ту» орденімен марапаттау парағында былай деп жазылады: «Жолдас Шалғын­баев ержүрек офицер. 1944 жыл­дың 18-21 қыркүйегі аралығында Дбэлэ ауданында Шалғынбаев төзімділік, тәртіп пен батыл­дық үлгілерін көрсетті. Жаудың 2 тан­кісін өртеп жіберді. 1944 жылы ­9 қа­занда Войнута ауданын­да ­фашистермен кездесіп, жаудың 3 танк­ке қарсы зеңбірегін жойып жіберді. 1944 жы­лы 10 қазанда тауларды басып алғаннан кейін, Шиббейлер тауында қалып, неміс батарея­сын жойып, 76 көлікті өртеп, бата­реясын отпен ұрды. Бұл ретте кеңес әскерінің 40 жарамды автокөлігін, өздігінен жүретін зеңбірегін және 75 мм зеңбі­рек батареясын аман алып келді. 100-ге дейін адамды тойтарып, нәтижесінде жау батысқа жібе­рілмеді».

Ал Зәйкен Көпеевтің ерлікке толы өмірі оқығанның зердесіне ой салары сөзсіз. Соғыстың алғаш­қы оғы атылған күн – 1939 жылдың 1 қыркүйегі. Жер-жаһанды қара жамылдырған соғыс өрті ең алдымен Польшада тұтанды. Жеңіс туы желбіреген күннің өзінде Төменгі Силезияда зеңбіректердің гүрсілі көк күмбезін күңгірлетіп тұрды. Польша даласында опат болған жауынгердің бірі жоғарыда атын атаған Зәйкен Көпеев – Омбы облысы, Есілкөл ауданы, Үлгі ауы­лында 1918 жылы Көпей Ермек­ұлының шаңырағында дүниеге келген. Ақмола облысынан сай­ланған Мемлекеттік дума­ның депу­таты, діни қайраткер Шәй­мерден Қосшығұлдың інісі болып келеді.

Өкінішке қарай, соғыс бас­талып кеткен соң, 1941 жылы Польша жерінде хабарсыз кеткен көрінеді. Содан 80 ­жылдан астам уақыт ешкім ештеңе таба ал­мады. Сөйтіп, атамыз туралы де­ректі Солтүстік Қазақстан об­лысы, Тайынша ауданының тумасы, қазір Польшаның Гданьск қаласындағы ІІ дүниежүзі соғы­сының музейінің қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры Дмитрий Пантоға тауып беруін өтіндік. Зерттеуші сөзінде тұрды. Атамыздың сүйегі табылды.

Зәйкен Көпеев 1941 жылдың 25 маусымында Польшадағы Гревцы деген жерде 366-шталаг концлагеріне тұтқынға тү­седі. Жалпы алғанда, поляк дала­сындағы тұтқындалған солдат­тардың жағдайы өте ауыр болған. Жауынгерлер адам төзгісіз азаптарды бастан кешірген. Содан Зәйкен атамыз 1943 жылдың 21 қыркүйегінде ауруханаға түсіп, 1943 жылы 11 қарашасында қай­тыс болады. Марқұмның сүйе­гін Польшаның Седльце қаласы, Зельна көшесінде орналасқан Ма­зовецк воеводствосында, №184 болып жерлеген екен. Кейін оның қасында есім-сойы жоқ ­262 солдат жерленгені анықталды.

Ресми деректер бойынша­ ­Поль­ша аумағында қайтыс бол­ған ке­ңес жауынгерлері мен әскери тұт­қындардың 648 зираты тіркелген. Бұған қоса сарбаздар­дың рухы­на тұрғызылған 561 ескерт­кіш бар. Осы орайда Еуропа дала­сына сүйегі сіңген аталарымыз­дың жат­қан жерін анықтайтын және олардың тағдырын зерттейтін жаңа комиссиялар құру керектігін жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған танымдық музейлердің де маңызын арттыру керектігін баса айтамыз. Олардың ұрпақ санасынан өшпеуінің басты ке­пілі – осы мәдени-тарихи орындар.

Журналист Жандос Әуел­бек­ұлының зерттеу мақаласында дип­ломатиялық өкілдігіміз ашыл­ған 2000 жылдан бері соғыста қаза тап­қан туыстарын іздеген отан­дастарымыздан жүздеген хат келіп түскені айтылады. Нәти­жесінде, көптеген азаматымыз өз туыстарының жерленген орын­дарын анықтап, басына ес­керт­кіш тақтайша орнатып, елден ала келген топырақтарын сал­ған. Қазақ-поляк тарихшылары ассо­циациясының септігімен Зәйкен ата­мыздың басына біз де туған жер­дің топырағын салдық.

 тт

юю

аа

Самат Жұматайұлы,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері