Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Білім алуға баланың дайын немесе дайын емес екенін қалай білуге болады? Баласы енді ғана мектеп табалдырығын аттағалы отырған ата-ана нені білуі керек? Кішкентайы әлі 6 жасқа толмағандар не істейді? Осы сұрақтарға жауап табу мақсатымен жан-жақты іздене бастағанымызда, «Балақайлар мектебі» атты курс туралы хабарландыруды көзіміз шалды. Сөйтіп, оқу ошағына ат басын бұрдық.
Біз барғанда балақайлар әріптер әнін айтып жатты. Содан соң олар өздерінің бал тілімен дыбыстардың дауысты, дауыссыз екенін анықтап айтып, қызыл, көк түспен белгі қойып шықты. Ізінше дәптермен жұмыс істеді. Мектепке, партаға, мұғалімге енді ғана бейімделіп жатқан кішкентайлардың арасында үйренуге ерекше зейін қойғандары да, қобалжып отырғандары да байқалады. Өйткені балалардың кейбірі 7-де болса, енді біреулері 6 жасқа енді толады. Оларды ата-аналары ала жаздай тек қана ойынмен өткізбей, мектепке дайындығын пысықтау үшін, 1-сыныпқа беру-бермеуін шешу мақсатында да арнайы курсқа қатыстырып отыр. Бұл – елордадағы №73 физика-техникалық лицейіндегі «Балақайлар мектебі» курсы. Ең маңыздысы, курс – балаларға тегін және тұрғылықты мекенжайына қарамастан қабылданады. №73 физика-техникалық лицей директоры Гүлшат Заитқызы осымен екінші лекке бала жинап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, маусым айында бірінші лек мектепке даярлық курсынан өтіпті.
«Астана қалалық білім басқармасының бастамасымен «Балақайлар мектебі» курсын тегін өткізіп жатырмыз. Ата-аналарға құлаққағыс ретінде айтқымыз келеді, негізі мұндай курс қаладағы мектептердің көбінде бар. «Балақайлар мектебінің» басты мақсаты – баланы мектепке бейімдеу, осыған қоса балақайдың мектепке дайындығын анықтауға және пысықтауға берілген мүмкіндік. Тәжірибемізден үнемі байқаймыз, көп ата-ана баласының санап, оқып тұрғанын айтып жасы жетпесе де, мектепке беруге асығады. Бірақ баламен психолог жұмыс істегенде оның әлі де психологиялық тұрғыда мектепке дайындалу керек екені анықталып жатады. Сол себепті баланың мектепке тек материалдық немесе оқу бағдарламасын меңгеру жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда дайындығына да баса назар аударған дұрыс. Мұнда баланы әріп танып, санауға ғана үйретпей, балалар психологімен, педагогімен бірге диагностика жасап, ата-анасына әр баламен өзінше бөлек жұмыс істеу керегін, оны өзгелермен салыстыруға болмайтынын, барлық жағынан дайын болғанда ғана мектепке беру өзіне де, перзентіне де дұрыс әрі жеңіл болатынын түсіндіреміз. Енді бір ата-аналар орыстілді баласын қазақ сыныбына беруге жүрексінеді, болашағына алаңдайды, уайымдайды. Бәрін түсінеміз, алайда қазақ тілі қанында, генінде бар баланы қазақ сыныбына беруден қорықпауға шақырамыз. Мұндай балалар көп және бәрі дерлік алып кетті, тіпті үйдегілерін қазақша сөйлетіп жібергендері болды», деді Г.Заитқызы.
Директордың айтуынша, «Балақайлар мектебі» курсы баланың мектепке дайындалуына және өмірінің жаңа кезеңіне сенімді түрде қадам басуына көмектеседі. Курста тәжірибелі педагогтердің жаңа форматтағы сабақтары өткізіледі. Сонымен қатар баланың сөйлеу әрекетін және қол мен саусақтардың ұсақ бұлшықеттерін, математикалық іс-әрекет негіздерін, танымдық (ойлау, зейін, есте сақтау) және шығармашылық қаблеттерін дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіледі. «Балақайлар мектебінің» екінші легіне жиналған балалар 1-29 тамыз аралығында оқиды. Жұмыс күндері таңертеңгі сағат сағат 09.00-ден 12.00-ге дейін өткізілетін сабақтардың ұзақтығы – 30 минут, сабақ арасындағы динамикалық үзілістерге – 10минут.
№73 физика-техникалық лицейі мектепке даярлық тобының мұғалімі Бақтыгүл Тілепбергенқызы балаларды мектепке дайындауда 4 дағдыны қатар меңгеруіне басымдық беретінін айтты. Бұл – айтылым, жазылым, тыңдалым және оқылым. Дәл осы дағдылар мектеп бағдарламасында да талап етіледі. «Қазір алдымда отырған балалардың басым бөлігі, 80 пайызы деуге болатын шығар мектепке дайын. Ал қалғанын мектепке дайын емес деуге болмайды, балада кейде физиологиялық жағынан қиындықтар кездеседі. Мысалы, тобымдағы екі баланың ата-анасы менімен, психологпен кеңесе келе 1-сыныпқа биыл емес, келесі жылы беретін болды. Өйткені мұндай жағдайда мектепке барса, қиналып қалуы мүмкін. Кей ата-аналар арасында «Баланы мектепке даярлық курсына беру кейін баланың ішін пыстырып жібереді-ау» деген ойды жиі айтады. Бірақ бұл қате, себебі біз курста 1-сыныптың бағдарламасын өтпейміз, сабақты тек ойын түрінде өткіземіз. Сабақта баланың айту, жазу, оқу, тыңдау дағдыларын қатар қалыптастыруға назар аударамыз. Бастысы, бала мектептің атмосферасына бейімделеді», дейді Б.Тілепбергенқызы.