Аталған акция оқу жылына дайындық кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған. 15 жыл уақыт аралығында «Мектепке жол» акциясы мыңдаған балаға жаңа оқу жылын қуанышпен бастауға көмектесті. Осындай игілікті іс-шараға еріктілер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және барлық жанашыр азаматтар қатыса алады. Кейінгі үш жылда материалдық көмек көлемі барлық өңірде 2,5 есеге артты. Нақтырақ айтсақ, 17 мыңнан, 43,4 мың теңгеге өсіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдаудың артқанын және әлеуметтік осал топтардағы балалар үшін жағдайдың жақсарғанын көрсетеді.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, биыл 500 мыңнан астам баланың ата-анасы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында мектепке дайындалу үшін материалдық көмек алады. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар. Материалдық көмек киім-кешек, оның ішінде мектеп формасы, аяқкиім, оқу құралдарын сатып алу үшін бөлінеді.
«Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі. «Жалпыға бiрдей білім беру» қоры халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қолдау көрсетіп, оқуға қажетті қаражат бөледі. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдай салдарынан жәрдем талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек алады. Оқу-ағарту министрлігі көмек көрсету тетігін жақсарту бойынша түрлі шара қабылдады. Мәселен, мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға арналған материалдық көмек ата-аналардың есепшотына жіберіледі. Осылайша, әрбір ата-ана балаларына барынша сапалы тауар алуға тырысады. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері − 43 407 теңгені құрайды. Осыған орай барлық жүрегі кең азаматты, оның ішінде еріктілерді, кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да мүдделі қатысушыларды біздің қайырымдылық бастамамызға қатысуға шақырамыз», деді Н.Оспанова.
Бүгінгі таңда «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында ата-аналардың есепшоттарына 77 806 баланы қамти отырып, мектеп керек-жарақтары мен қажетті тауарларды сатып алу үшін 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған. Аталған көмек алушылардың жалпы санының 15%-ын құрайды. Қазір өңірлер мектеп құралдарын сатып алу үшін ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің есепшоттарына қаражат аудара бастады. Қаражат алған ата-аналар қажетті тауарды сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс. Материалдық көмек алу үшін әрбір ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазады.
Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жәрмеңкелер, оның ішінде көшпелі жәрмеңкелер мен мектеп керек-жарақтарын сататын автолавкалар ұйымдастырады. Осы тұста бағаның негізсіз өсуін болдырмау – маңызды шарт.
Айта кетейік, акция барысында «жедел желілердің», «сенім телефондарының», қоғамдық қабылдау бөлмелерінің үздіксіз жұмысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ көмекке мұқтаж немесе қолдау көрсетуге дайын жандар Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 74-25-28 сенім телефонына немесе «Bala qorǵaý» Telegram чатына жүгіне алады.