Экономика • 02 Тамыз, 2024

Мүлікті сақтандырудың мүмкіндігі қандай?

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқынынан зардап шеккен халықтың жағдайы елімізде тұрғын үйлерді сақтандыру мәселесіне түрткі болды. БҰҰ мәліметінше, соңғы 20 жылда дүние жүзінде табиғи апаттар, яғни жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық пен дауыл саны екі есе өскен. Ел халқының 75 пайызы дауыл, лай көшкіні, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері секілді табиғи апаттардың қаупі жоғары аумақта орналасқан. Халықаралық тәжірибеде мұндай табиғи және техногендік апатты аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.

Мүлікті сақтандырудың мүмкіндігі қандай?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сенатор Бибігүл Жексенбай залалды өтеудің жаңа тәсілдеріне байланысты өз ұсынысын жария етті.

­«Халықтың баспанасын сақ­­тандыруға ықылас таныт­пай­­тынын түсіну қиын. Мем­ле­ке­ті­міз­дің әлеу­мет­тік бағытқа басымдық беретін саясаты осы сегменттің нарық жолымен дамуына кедергі келтіреді. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге мемлекет пен қам­қор жандардың үнемі қолдау көрсететініне адамдар үйреніп қалған. Мемлекеттің ресурстары шексіз емес. Төтенше жағдай орын алған уақытта Үкіметтің резервтегі қосымша қаржы көз­де­рі­нің өзі жетпей қалатын кездер болатынын түсінетін кез келді», деген еді сенатор.

Сенатордың айтуынша, шетелдік сақ­тан­­дыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтан­ды­­рылады. Қайта сақтандыру тетік­терінің көмегімен әлемнің түк­пір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді.

«Халықаралық тәжірибе көр­сеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгісі ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі қағидаты бойынша жүзеге асырылады», дейді депутат.

Ол түйткілді былай тарқату қажет дейді:

  • Елі­міздегі сақтандыру жү­йе­­сін жетілдіру және тұрғын үй­­лерді міндетті сақтан­дыру мүм­кіндігі бойынша халық­ара­лық ұйым өкілдері, сарап­шы­лардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құру­ды қарастыру;
  • Отандық сақтандыру ком­па­ния­ларының төтенше жағ­дайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу;
  • Азаматтарға төтенше жағ­дай­лар қаупі туралы алдын ала ұдайы ескертіп, тұрғындардың да жауапкершілігін арттырып, ойға алған шараларды қол­дануына барынша жағдай жасау­ды қарастыру. Президенттің осы орайдағы талабы жеке заң­на­малық нормада көрсетілу мүм­кін­дігін ойластыру.
  • Табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін қалыптастыру үшін тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу, халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыру мен қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді қарастыруды ұсынды.

2024 жылдың алғашқы екі айын­да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3 пайызға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарт­тарының жартысы – 50,4 пайызы тиесілі. Алматының үлесі– небәрі 14,85 пайыз. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – 1 пайыздан да аз.

Сейсмикалық қауіпті аймақта тұрған Алматы қаласында жер сілкінісі үнемі болып тұрады. Жер сілкінісінен сақтандыру үрдісі қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен азаматтар жылжымайтын мүліктерін апаттың осы түрінен сақтандырған болса, апат салдарынан тұрғын үйге келтірілген зиянды өтеуге болар еді дейді мамандар. Ресми деректерге қарағанда, біздегі барлық жылжымайтын тұрғын үй нысандарының 2 пайыздан аз көлемі ғана сақтандырылған. Жыл басында орын алған қатты дүмпулерден кейін тұрғын үйді ерікті сақтандыруға өтініш біл­дір­гендер саны артқан көрінеді.

Бұған дейін тұрғын үйді сақ­тан­дыру көбіне ипотекалық несиелеу шеңберінде ғана жүр­гізілетін. Жақында депутат­тар­дың тұрғын үй­лерді міндетті сақ­тандыруға алу туралы бас­тамасынан кейін төтенше шы­­ғындарды өтеу тұр­ғы­сы­­нан отандық сақ­тан­дыру компанияларының мүм­кіндік­­­те­ріне талдау жүргізу үшін ведомство­­аралық комиссия құ­рыл­­ған еді. Алайда сақтандыру на­ры­­­ғының өкілдері бұл мәселені қолға алмас бұрын тұрғын үй жайын, сақтандыру сомасы мен қандай табиғи апатқа тап бол­ға­нын нақтылау керектігін айтады.

Сақтандырушылар қауым­дас­­тығының төрағасы Виталий Веревкиннің айтуынша, мүлікті сақтандыру арқылы мүліктен толық айырылу қаупін азайтуға, залал­дың орнын толтыруға мүм­кіндік бар.

«Негізінен белгілі бір өңір­де тұрғын үйді нақты қан­дай жағдайдан сақтандыру қажет­тігін, сақтандыру жағдайы туын­дағанда қаражатты қайдан алу­ға мүмкіндік бар деген мәсе­ле­лерді шешіп алу керек. Өйт­кені биылғыдай зардап шеккен 13 мың үйге төлем жасауға сақ­тан­дыру компанияларының шамасы жетпейді. Елде табиғи және техногендік апаттың салдарын жоюға бағытталған арнайы сақтандыру қорын құру әзір­ге қажетсіз. Себебі бізде әзір­ге сақ­тан­дыру нарығы дамы­ған ел­дер­дегідей біліктілік жет­кі­лік­сіз», дейді В.Веревкин.

Кейбір сарапшылар рұқсат етілмеген жерге құрылыс жүр­гізіп, кейін мемлекеттен өтемақы талап еткен халықтың шағымы заң шеңберіне сыймайды дейді. Сондықтан бұл жерде тек халық емес, сол үйді рұқсат етілмейтін жерге салуға жол берген жауапты мекемелердің де қызметтерін қатаңдату шарт.

 

Соңғы жаңалықтар