Әділетсіздік қоғамға дендей еніп, тереңдей берсе зор дағдарыстар орын алуы әбден ықтимал. Сондықтан әділетсіз құбылыстарды, ахуалды ерекше назарда ұстау керек. Әділетсіздік орын алса болды, сол салада қоғамдық тепе-теңдік пен жарасымдылық бұзыла бастайды. Дағдарыстық құбылыстардың тереңдей беруінің қайнар көзі, негізгі себебі де осында жатыр.
Жаратқан адамзатқа ақыл, парасат беріп, әділетсіздікке бармауды бұйырған. Олар – Абай бабамыз айтқан Алланы сүю, адамды сүю, әділетті сүю. Осындай дамудың қайнар көзі болатын құндылықтарды басшылыққа алып, өмір тәжірибесінде іске асыра алмаған қоғамдардың теріс жолдарды таңдап, кері кетіп жатқанын әлемдік саяси тарих ұдайы дәлелдеп, көрсетіп келеді. Қандай социумда әділдік бұзылады? Кемшіліктерді, қателіктерді, қайшылықтарды жасырған қоғамда басталады. Қоғам, мемлекет жеткен жетістіктерін халқымен бірге біліп, бөліскені қателік емес. Бірақ бұл – саяси өмірдің бір жағы ғана. Оның екінші жағы – ел өз дамуы барысында қандай мәселелерді шеше алмады, қандай кемшіліктерге жол беріп алды деген мәселе. Тек позитивтерді айта беру жақсылыққа бастай бермейді. Жаңа, сапалы, әділетті Қазақстан құрамыз десек, елдің дамуына бөгет болып отырған әділетсіздікті дөп танып, солардан құтылудың батыл да тиімді жолдарын көрсетуге, алдын алуға, қарастыруға тиіспіз.
Кейінгі жылдары қоғамды осындай құбылыстардан арылту, Әділетті Қазақстан, әділетті мемлекет құрудың тағдырлы міндеті күн тәртібіне ашық қойылып отыр. Бұлай етпейінше дағдарыстан шығу мүмкін емес. Елімізге түбегейлі жаңару керек.
Жаңа Қазақстан шешетін өзекті міндеттер айқын. Бірінші кезекте ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, әртараптандыру саясатын батыл іске асыру қажет. Елімізде өңдеу, тұтыныс, азық-түлік тауарларын шығармайынша, экономика тығырықтан шыға алмайды. Түбегейлі жаңа агросаясат негізінде халықтың 42 пайызы өмір сүріп жатқан ауылды көркейту тіптен маңызды. Сапалы ет, сүт, май, жүн өнімдеріне әлемдік нарық зәру болып отырғанда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдалану зор пайдаға кенелтеді. Халыққа жұмыс, елге азық әкеледі.
Келесі әлеуметтік-саяси міндет – қалыпты, сапалы кадр саясаты. Бұл орайда жемқорлықтан құтылу керек. Ресми мәліметтерге сенсек, 162 адам ел байлығының 50 пайыздан астамына ие болып алды. Олардың елден шетке шығарған байлықтарының көлемі ең аз санағанда – 400 млрд доллар. Кейбір сарапшылар тоналған байлық 1 трлн долларға жетеді деп есептеп отыр. Мұның салдары ең алдымен халықтың наразылығына алып келді. Себебі агроөнеркәсіп кешені күйреді, жеңіл өнеркәсіптің тұтынушы заттар өндіру саласы құрдымға кетті. Тек табиғат ресурстары мен көмірсутекті шикізат өндіру дамытылып, олигополия мен олигархтарды байытумен болды. Сондықтан клептократия мен олигополияны ауыздықтау маңызды бола түсті.
Аса қауіптісі – әлеуметтік әділеттіліктің өрескел бұзылуы. Сондықтан әділетті Қазақстан нарративінің рөлі арта түсіп отыр. Халыққа әділетті қоғам ауадай қажет. Ашық ақпараттық заманда ел дамыған мемлекеттердің халықтары заңға бағынған, адам құқықтары қорғалатын, еңбегіне қарай адал жалақы ала алатын қоғамдарда өмір сүріп жатқандығын көріп отыр. Қазақстан халқы да солардай өмір сүруді қалайды. Қоғамда латентті, ашық көрінбейтін ішкі наразылық бар. Халықтың материалдық әл-ауқаты жақсармаса, әлеуметтік наразылық асқынып кетуі ықтимал.
Сондықтан әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруының алғашқы батыл қадамы ретінде офшорлық аймақтарға шығарып әкетілген 400 млрд доллар қаржы елге қайтарылып, халық игілігіне жұмсалуы керек. Жаңа мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, тұрғын үйлер көптеп салынса құба-құп. Осы шаруа 2-3 жылда рет-ретімен іске асырылса, ел халқының жаңа Қазақстан билігіне сенімі қалпына келері даусыз. Үкіметтің, Парламенттің халықшыл болғаны ауадай қажет. Қоғамға жетіспей тұрғаны – билік пен халықтың біртұтастығы. Сондықтан Жаңа Қазақстан әлеуметтік әділеттілік қағидатын іске асыру жолында жаңа кадр саясатын батыл түрде жүргізуге міндетті. Әрине бұл – қиын міндет, бірақ оны шешпейінше әділеттік орнату қиынға соғып, еліміз тұрақты даму жолына түсе алмайды.
Конституцияда белгіленген стратегиялық міндет – «демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет» орнату. Ал жаңа Қазақстанның басты бағыты осы конституциялық мақсатты орындау шаралары болмақ. Сонда ғана халқымызда әлеуметтік оптимизм оянады. Ол билікпен бірлесіп, нағыз дамыған, демократиялық, құқықтық қоғам құру ісіне құлшына кірісетін болады.
Айтылған ойлар белгілі болып көрінгенімен, әлі де дұрыс жолға қойылмай келе жатқан мәселелер. Кейінгі екі жылда ғана осы міндеттерді шешудің нақты саяси қадамдары жасала бастады. Мәселелерді ертерек шешуге үш жылдай мерзімге созылған билік транзиті бөгет болды. Қазіргі кезеңде елде нақты демократиялық эволюцияны, экономикалық реформалар мен әлеуметтік жаңаруды іске асыруға жол ашық.
Жалған ақпарат, өтірік мақтаныш, әлеуметтік әділеттіліктің болмауы қауіпті мәселеге алып келді. Тамыр-таныстыққа негізделген билік жүйесінде батыстық оқудан туындайтын қызметтік модельдерді қолдану тіптен мүмкін емес еді. Басқарушы элита мүшелері де халықты, жер қойнауларын тонауға кірісті. Халық экономикадан, қазба байлықтарынан шеттетілді. Ел халқының 70%-ы қарызға белшесінен батты. Аграрлық сектордың күйреуі кесірінен мыңдаған ауылдар ыдырап, қалалар жұмыссыз халыққа толды. Кесірінен қарапайым халықтың люмпендену үдерісі күшейіп кетуі сияқты ауыр құбылыстары, бағаның өсуі, инфляцияның күшеюі халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлай беруінен көрініс тапты. Елдегі экономикалық ахуалдың шындығы осындай. Осы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді біртіндеп шешпейінше, әділетті Қазақстанды, Конституцияда белгіленген қоғамды құру мүмкін емес.
Қазақстанның дамуына тежегіш болған авторитарлық билік – саяси-экономикалық жүйедегі қауіпті құбылыс. Бұл олигополиялық топтың ел байлығын тонаумен, басқалардың бизнесін тартып алумен айналысуы, олардың құнарлы жер телімдерін меншіктеніп жатқанын көрген басқарушы элита мүшелерінің де халықтың жер қойнауларын тонауынан көрініс берді. Авторитаризм құбылысы қоғамдық қатынастардың барлық саласына залалды ықпалын жүргізді. Саяси билікте олигархияға берілген, оған қызмет етуде айтқанын екі етпейтін кадрлар іріктелді. Халықшыл, мемлекетшіл, әділет пен заңдылықты ту ететін кадрлар биліктен шеттетілді. Вертикалды билік жүйесінің күшейе беруі жағдайында заң билігі мен сот билігі толыққанды қызмет атқара алмады. Демократиялық, құқықтық мемлекет орнына авторитарлық мемлекет орнады. Адам құқықтары, сөз бостандығы елеулі түрде шектелді. Әлеуметтік салада әлеуметтік әділеттілік қағидаттары өрескел бұрмаланды. Халықтың кедейленуі, оқу-білім, ғылым жүйелерінің әлемдік дамудан артта қалуы, денсаулық саласын қаржыландырудың нашарлығы, жалақының, зейнетақының төмен деңгейде болуы – авторитарлық кезеңнің нақты әлеуметтік белгілері.
Бір сөзбен айтқанда, әділетсіздіктің қаупі жетерлік. Халықтың басым көпшілігі олардың зиянды салдарын қазір терең түсінді. Қоғамда жаңаруға, тазаруға, әділеттілікке ұмтылуға серпіліс оянды. Халық болып әділетсіздікті саралап, талдап, олардан құтылудың тиімді жолдарына батыл кіріссек, бұл қауіптен құтыла аламыз. Бұл үшін бірлік керек, жалпымемлекеттік, жалпыхалықтық шаралар қажет. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда атап айтқандай, «Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет».
Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор