23 Қаңтар, 2015

Жақсылық

841 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Жаксылык Тунгатаров Біздің елімізді, елдігімізді сақтап келе жатқан ең үлкен құнды қазынамыз – тұлғалар. Қай заманда да, қай ғасырда да солай болған және солай болып келеді де. Баянды болашағымыз бен кемел келешегіміздің иесі мен қожасы – бүгінгі заманның озық жастары да алдыңғы толқын ағалардың дәстүрлі ізін жалғастырып, өз заманының тұлғасына айналады. Олардың алдындағы ұрпақ: «Артымызда қоламта емес, шоқ қалсын!..» деп аманат еткен. Жақсылық Садықұлы Тұңғатаров – сонау жетпіс-сексенінші жылдары Ақтөбе өңірінде, сонан соң республика аумағында іскер, білікті маман, талапшыл, қамқор жетекші, қай саланы да шебер ұйымдастырушы тұлға ретінде танылды. Осындай адами қасиеттер отбасынан және мектеп қабырғасындағы алғашқы күндерден-ақ қалыптаса бастаған еді... Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған Садық-әке қанқасап майданнан аман қалған соң түбі бір жақсылыққа жорып, 45-тің қаңтарында дүниеге келген баласының атын Жақсылық қойды. Шынымен-ақ сол жылы көктемде фашизм масқара күйде тізе бүкті. Төрт жылға созылған соғыстан әбден қансоқта болған халық Ұлы Жеңісті тойлады. Садық-әке мен Барша-ананың Жақсылықтың алдында, одан кейін де балалары болды, олардың әрқайсысы бір төбе. Дегенмен, осы балаға әке мейірімі бөлек еді. Бәлкім, қанқұйлы соғыстың ортасында талай сұмдықты көзімен көріп, от кешкен соң, бір қазаннан ас ішіп, қолдағысын бөліскен қаруласынан бір сәтте айырылып қалған сәттердегі азаны бастан өткеріп, өмірін олжалап отбасына оралғанда дүниеге келген Жақсылығы Жеңіс туын ала туғандай көрген болар. Бала Жақсылық та жасынан-ақ әкенің ерекше қамқорлығына лайықты болуға тырысып бақты. Ала жаздай қозы, бұзау бағып, бірге ойнаған өзі тектес балалар 1 қыркүйекте мектепке бара жатқанда алты жасар ойын баласына басқа ой келді. Үйге алқынып жеткен ол әке-шешесіне «мен де мектепке барамын» деп қиғылықты салсын. Жасы толмаған баланы мектепке қайдан ала қойсын, бәрібір қайтарып жібереді, әйтеуір тыныш болсын деген болу керек, ата-анасы ығына жығыла кетті. «Кімсің?» дегенде фамилияңды айтарсың» деп жіберді. Содан мектепке жеткенше фамилиясын қайталаумен болды. Бастауыш сынып мұғалімі Елена Михайловна да жайсаң екен, бір ауыз орысша, беске дейін санауды да білмейтін баланы 1-сыныпқа тіркеді де жіберді. Мұғалима қателеспеген екен, бала алғыр болып шықты. Сөйтіп 4-сыныпты бітірді. Бесінші сыныпты бес шақырым жердегі Нагорноеда оқыды. Жататын үй жоқ. Таныстардың жатқыза қоятындай жағдайлары көтермеді. Сабақ ауыр болды. Келер жылы Ақтөбедегі мектеп-интернатқа көшкен соң жағдай өзгерді. Мемлекеттің қамқорлығына өткен соң киім көк, тамақ тоқ, алаң жоқ, тек оқу керек. Мектеп директоры Николай Елизарович Левченко интернат балаларын өз балаларындай көрді. Жоғарғы сыныптарда тарих пәнінен сабақ берген Күмісхан Имашұлы Ещанов кейінірек мектеп басшылығын қолға алды. Балалар да, мұғалімдер де Константин Иванович деп атап кеткен Ещановтың ықпалының күшті болғаны соншалық, Жақсылық та тарихшы болуды армандады. Ещанов сабақтан тыс уақытта жоғарғы класс оқушыларына вальс, фокстрот билерін үйретеді. Өзі музыкалық аспаптардың түр-түрінде ойнайтын, ән салатын. Мектепте үрмелі, ішекті аспаптар оркестрлері құрылды. Ещанов әлемдік живопись өкілдері, олардың туындылары туралы да сөз бастап кеткенде балаларды ұйытып тастайтын. Химия пәнінің мұғалімі – Алексей Федорович Пастухов балалар үшін осы бір ауыр пәнді қызықты етіп түсіндіретін. Оның киім киісі, жүріс-тұрысының өзі балаларға үлгі болатын. Өзі қатаң мұғалім болса да не балаларға, не әріптестеріне дауыс көтермейтін. Кейін ол біраз жылдар Ақтөбе қаласының оқу бөлімін басқарды. Осындай ұстаздардан тәлім-тәрбие алған Жақсылықтың бойынан ауылдағы тұйықтық, біртоғалық мінездер қалып, мектеп-интернаттың бір отбасындағыдай қым-қуыт тіршілігіне сіңісіп кетті. Тіпті, белсенділер қатарында сол кездегі әр оқушының арманы болған «Артекте» демалып қайтты. Мектеп-интернатты үздік аяқтап шық­қан Жақсылық Тұңғатаров Кеңсахара ауылындағы бастауыш сыныпқа енді өзі сабақ берді. Барлық төрт сыныптың мұғалімі де, тәрбиешісі де өзі. Бастауыш сынып болса да Кеңсахара мектебі – үлкен еңбек жолы алдындағы алғашқы баспалдақ болатын. Өмірге көзқарас, бала кездегі тарихшы болам деген арман да өзгеріп, Жақсылық 1962 жылы Алматыдағы политехникалық институттың құрылысшы-инженер факуль­тетіне оқуға түсті. Институттағы алғашқы жылдарда студенттік құрылыс отрядын ұйымдастырып, жыл сайын бүкілодақтық екпінді құрылыстарды жүргізуге қатысты. Еңбекке жасынан бейім өскен жас жігіт осы салада бірнеше құрылысшы маман­дықтарын игеріп алды. Курсқа жер-жерден талабы таудай талантты жігіттер мен қыздар жиналған. Аманғазы Разбеков, Тоқтархан Қожағалиев, Болат Нұрғазиев, Заманбек Нұрқаділов сияқты жігіттермен араларынан қыл өтпестей дос болды. Мен жүріңкіреп барып үйлендім, – дейді Жәкең. Ол кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құрылысшы-инженер болатынмын. Іссапармен Алматыға жолым түсіп пойызға билет алдым. Бойдақ кезім. Вокзалда келбеті көз тартатын сұлу қызға көзім түсті. Сәтін салғанын қараңыз, сол қызбен бір вагон, бір купеге тап болдым. Әкесімен бірге Алматыға демалысқа бара жатыр екен. Таныстық, әңгімелестік, Алматының вокзалында бөліндік. Тіке, досым Заманбекке тарттым. Ол кезде Зәкең ірі құрылыс-монтаж басқармасының бас инженері. Екі күн іздеп, әкесімен дема­лып жатқан қызды тауып, әкесінің рұқсатын алып, сол күні Зәкең әйелімен – төртеуміз күнұзақ бірге қыдырдық. Сол қыз – Светлана, міне, елу жылдан бері біздің үйдің түтінін түтетіп келеді. Светлана Қалешқызы қалада туып-өскен, тәрбиесі мен мәдениеті де  қаланың қыздарындай болған соң Жәкеңнің достары (ауылдан шыққандар) одан тартыншақтап, ашылып кетісе алмай жүрген. Бірақ, ауыл мен қала арасында белең алып кеткен сол бір көрінбейтін шекараны Светлана Қалешқызының өзі бірден-ақ бұзды. Үлкенімен үлкенше, кішісімен кішіше сөйлесіп, туыстар мен достарды өзіне бау­рап алды. *** Жақсылық Садықұлы институттан соң Ақтөбе облысына келіп, Григорий Нико­лаевич Киевский жетекшілік ете­тін кеңшарға құрылысшы-инженер болып орналасты. Кеңшар директоры көпті көрген, тәжірибелі, жаратылысы өзгеше адам екен. Алғашқы бірер айдан соң, Жәкеңнің қабілетін танығаннан кейін бұйрықсыз-ақ жұмыс жасай беруге жол ашып қойды. Шаруа дөңгеленіп жүре берді. Шаруашылықтағы құрылыс, жөндеу жұмыстары үлгіге айналды. Сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Равхат Ғаділшин басқармаға бас құрылысшы-инженер лауазымына шақырды. Жақсылық Садықұлы үшін Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының құрылыс бойынша орынбасары қызметіндегі кезең өзінің жұмыс істеу қабілетін жан-жақты көрсеткен уақыт еді. Облыс басшылығына В.Ливенцов келген соң ауыл шаруашылығы құрылысының көлемі шұғыл көтерілгенін айта кету керек. Алдыңғы жылдарға қарағанда үш есе өсіп шыға келді. Облыс бойынша бір мезгілде жүздеген өндірістік және әлеуметтік маңыздағы нысандар құрылысы басталды. Облпартком мен облаткомға апта сайын сол құрылыстардың жүргізілу барысы туралы әр аудан бойынша ақпар тапсырылады. Осы салада сегіз жыл қызмет еткен Жақсылық Садықұлы облыс басшыларының алдында күнбе-күн есеп беріп отырады. Бұл саланы оттан түспейтін қазан сияқты елес­тетуге болады. Қазіргідей индустриялық-инновациялық даму емес, ол кезде негізінен барлық назар да ауыл шаруашылығы саласында болатын. Жақсылық Садықұлы ауыл шаруа­шылығы саласына кездейсоқ келген жоқ. Өзі ауылда өсті. Ауыл еңбеккерлерінің қандай үйлерде тұрып жатқанын көзімен көріп, ортасында болды. Институттың соңғы курстарында жүргенде жастардың республикалық «Ленинская смена» газетіне ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысының сыртқы келбетін жақсарту, оған сапалы құрылыс материалдарын пайдалану, қысқасын айт­қанда, болашақтың ауылы туралы пікірін білдірген мақаласы жарияланды. Шынымен-ақ, ауылдағы құрылыс стихиялы түрде жүргізіліп келген еді. Ауылдағылар қолына түскен материалмен жеке үйін салып шығады. Жәкең өзі осы салаға келгеннен кейін жағдайды түбегейлі өзгертуге кірісті. Елді мекендердегі тұрғын үйдің саман қабырғасын кірпішке, төбе жабатын ағашты темір-бетон жамылғыға ауыстырып, терезелер кеңейтілді, пәтерлерге су мен кәріз жүйелері кіргізілді. Бекітілген сметалық құн шегінен шыққан жоқ. Бірақ тексерушілер базалық жобаға сәйкес емес деп, жаңа жобаны бұрмалаушылыққа жатқызды. Өзінің жобасын Алматыға барып қорғауға тура келді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мемқұрылыс жобаны қолдап, үлгі етуді, тіпті сыйақы тағайындауды ұсынды. *** Ақтөбе облысын 70-80-ші жылдардағы кезеңде басқарған Василий Андреевич Ливенцов осы өңірге ерекше еңбек сіңірді. Бірінші хатшының көмекшісі болған, қазір ақтөбелік ардагерлер ұйымының жетекшісі Кеңес Бірманов басқа қызметке ауысарда өз орнына Жақсылық Садықұлын ұсынған. Ол кезде Ж.Тұңғатаров облыстың ауыл шаруашылығы саласында көзге ілініп, танылып болған. Василий Андреевич Жәкеңді өзіне көмекшілікке ерекше ықыласпен алды. В.Ливенцовтың беделі республикада ғана емес, Одақ көлемінде де жоғары еді. Ол одақтық деңгейдегі министрлерге, Үкімет басшысының орынбасарларына, КОКП ОК Саяси бюросының мүшелеріне тікелей байланысқа шыға беретін. Бұл бір жағынан облыс үшін де едәуір пайдалы болды. Абыройы асқақ, беделі биік басшыға көмекші болған адамның қадір-қасиеті де орта деңгейде қалып қоймауы тиіс. Өйткені, үлкен мәселенің оң шешім табуы көмекшіге де байланысты болып жатады. Жақсылық Садықұлының қандай мәселеге де батыл кірісіп, шұғыл әрі тиімді шешім қабылдай білу қасиеті бірінші басшының ойынан шығып, ұнады, оған деген сенімі арта берді. Үлкен отырыстарда, келелі кеңестерде кейбір ірі өндіріс орындарының басшылары, аупарткомның бірінші хатшылары қандай да бір мәселелер бойынша Ж.Тұңғатаровқа кінә арта бастаса Василий Андреевич оларды тыйып тастап, оның шешімі орынды болған соң қорғап қалатын. Бұл кезең – Жәкеңнің партиялық органда шыңдалу, тәжірибе жинақтау, адамдармен жұмыс істеудің қыры мен сырын үйрену мектебі болды. Оның үстіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінде қазіргі «Ғасыр Нұры» қоғамдық қорының директоры Есімқан Есенбаев сияқты таңдаулы кадрлармен оқып жүргенде білімі теориялық жағынан тереңдей түсті. Сол кезде факультет деканы Зинаида Леонтьевна Федотова «сабақты Тұңғатаров сияқты оқу керек» деп мектептің басқа тыңдаушыларына үлгі етіп отыратын. Партия органындағы қызметте жиып-терген тәжірибе кейін Фрунзе аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болған жылдары өзінің игілігін берді. Жақсылық Садықұлы облыс орталығындағы аупартком басшылығын қолға алған соң бұрынғы белсенді қарқынын үдете түсті. Аппарат қызметкерлерінен үнемі тың ұсыныстар мен жаңа бағыттағы іс-қимылдарды талап етті. Осы орайда облыстың өзге аудандық партия комитеттері партиялық іс пен көпшілік-мәдени шараларды қатар жүргізуде Фрунзе аупарткомының тәжірибесіне сүйенді, үйренді, іске асырды. В.Балакиров Ақтөбеде, комсомол, партия органдарындағы қызметтің талай сатыларынан өтіп, артына жақсы сөз, кейінгілерге үлгі болар із қалдырған адам. Облыстық партия комитетінде үгіт-насихат және партиялық ұйымдастыру бөлімдеріне басшылық етті. Мәскеуде соңғы жылдары зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Ресей Федерациясы Үкіметі Аппараты іс бас­қарушысының орынбасары болған Вячеслав Яковлевичпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, бұрын қызметтес болған жігіттерді сұрастырып, солар туралы сөз қозғай бастағанбыз. Сөз ауаны Жәкеңе көш­кенде Вячеслав Яковлевич шешіліп кетті: – Жақсылық Садықұлы жас жігіт кезінен-ақ өмірге көзқарасы байсалды, бойындағы қайраты мен жігерін орынды жұмсап, сөзі мен ісі тең түсіп жататын бекзат қой. Өзінің тікелей міндетіне де, айналасында болып жатқан құбылыстарға да бейтарап қарамайды. Ол қолға алған шаруа, ол бастаған іс оңтайын тауып, сәтімен аяқталады. Өйткені, оның көкірек көзі – ояу, қимыл-әрекеті – ширақ, жасаған ісіне – мұқият. Қай кезде де жоғары зиялы және зияткерлік ерекшеліктерімен өзіне тартып тұрады. Оның жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзі адам қызығарлық. Қашан көрсең де сергек, жарасымды киініп, еңсесін жоғары ұстап жүреді. Әріптестеріміз, әсіресе, жас қызметкерлер Жақсылық Садықұлына ұқсауға тырысатын. Ж.Тұңғатаров сексенінші жылдардың соңына қарай «Ақтөбеоблагроөнеркәсіп­құрылысы» бірлестігін басқарып, ауыл шаруашылығы құрылысында бұрын өзі ұсынған жобаларды толығырақ жүзеге асырудың сәті түсті. Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ірі құрылыс бірлестігін басқарып отырған Жақсылық Тұңғатаровтың жігерлі іс-қимылы  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің назарынан тыс қалмады.1989 жылы Орталық Комитет Жақсылық Садықұлын ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы лауазымдық қызметіне алды.  Партиялық ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімов Тұңғатаровтың парасаттылығы мен қарапайымдылығын, бір мәселені шешудің бірнеше нұсқасын әзірлеп отыратын іскерлігін, сауаттылығы мен адалдығын, айтқан сөзіне тұра білетін адамдығын, сыпайы адамгершілігін тани білді. Еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет құра бастаған алмағайып кезеңде Жақсылық Тұңғатаров,  Әмзебек Жолшыбеков, Нұр­лан Рахымжанов, Нұрлан Омаров сияқты қайраткер азаматтар қажет болды. Мемлекетті басқарудың ерекше, тың үлгілері құрылды. Сол уақыт егемен елімізге еңбек ететін ерлердің екшелген, ірі тұлғалардың іріктелген сәті еді. Оралбай Әбдікәрімұлы – Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппараты ұйымдық-инспекторлық және аумақтық даму бөлімдерінің меңгерушісі. Аз мерзім мен тар кезеңде азаматты танып-білген О.Әбдікәрімов Жақсылық Садықұлын Аппаратқа қызметке шақырды. Осында және кейіннен Парламент Сенатының Аппаратында Ж.Тұңғатаров мемлекеттік қызметтегі өзінің бай тәжірибесін тиімді жұмсап, шебер пайдалана білді. Кеңес Одағы сияқты үлкен держава ыдыраған соң, бұрын бір отауда болған рес­публикалар сан тарау жолға түсті. Қазір солардың кейбіреуі әлі күнге дейін өзінің сара жолын таба алмай келеді. Біздің еліміз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен аумалы-төкпелі кездерде дұрыс жолды тауып, таңдай білді. Өңірлердің іргесін бұзбай, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға кірісті. Сол бір күрделі 90-шы жылдардың ор­тасында Ж.Тұңғатаров Президент Әкімшілігінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік инспекторы болатын. Облыс әкімі Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев республикалық деңгейде ісімен танылған Ж.Тұңғатаровты өзіне бірінші орынбасар қызметіне шақырды. Қазақстан мұнайының астанасы – Атырауда шешімін күткен іс шаш-етектен болатын. Әсіресе, мұнайдың үстінде отырған өңірдің әлеуметтік ахуалының төмендігі көзге ұрып тұратын. Қысқа мерзім ішінде мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылып, елді мекендерге газ жүргізу, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын салу, өндіріс орындарының қызметін жандандыру істері қолға алынды. Облыс орталығында жаңа заманға сай тұрғын үйлер салынып, жаңа даңғылдар пайда болды. Өңірдің экономикалық әлеуеті арта түсті. Әсіресе, мұнай және газ өндіру көлемі ұлғайып, сапалық деңгейі өсті. Осындай шаруалардың ұйымдастырушысы, қозғаушысы облыс әкімі Равиль Тәжіғараұлы болса, оларды тікелей жүзеге асырып, іс басында Жақсылық Садықұлы жүрді. Жәкең сияқты кез келген істі еңсе­ріп кететін қайратты, жігерлі, білгір қайрат­кердің іс тәжірибесі қай салада да, қай кезде де сұраныстан түспейді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еліміздің ірі-ірі құрылыс, мұнай компаниялары мен банк жүйесінде басшы қызметтер атқарған Жақсылық Садықұлы сол салаларда өзіне тән өзгеше, ер-азаматқа сай ерекше қолтаңба қалдырды. Азаматтың айнасы – ортасы мен отбасы. Жәкеңнің ортасы – жоғарыда сөз еткен қара нардай жігіттер, марқасқа азаматтар. Олармен байланысы әлі күнге бекем. Ал отбасында  Жақсылық Садықұлы зайыбы Светлана Калешқызымен алты бала тәрбиелеп өсірді. Эльмира мен Мұрат Есеналы, Кәмила, Іскендір деген балаларымен Атырауда, Ләйла мен Тимур Абай, Далили, Әмірлан деген балаларымен Астанада, мұнайшы Гүлнары өздерімен бірге, Дәмелі мен Әнуар Әлинұрымен Қарағандыда, Дана мен Ахат Ресейдің Воронежінде тұрып жатыр. Ертеде Садық-әкенің бала Жақсылыққа көңілі қандай болса, Жәкеңнің де кенжесі Нұр-әд-Динге деген ықыласы ерекше. Әке ықыласына қарай Нұр-әд-Диннің де алғашқы қадамдары басқалардан өзгеше. Ресейдің белгілі ғалым-пе­дагогтары физика-математика мектебіне Астанадан ойы озық, санасы ұшқыр оқушылар іздей келгенде мыңның арасынан таңдаулары Нұр-әд-Динге түскен. Қазір Нұр-әд-Дин Жақсылықұлы Ново­сібірде мамандандырылған ғылыми оқу орталығының 10-шы сыныбында оқып жүр. Міне, өз заманының тау теңдес тұлғалары осылайша қалыптасады. Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Парламент Сенатының депутаты.