Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорыған тағы бір әскери кеме тәуелсіз еліміздің көк байрағын салтанатты жағдайда көкке көтерді. Маңызды шараға Ақтау гарнизонына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.
Еліміздің Қарулы Күштерінің тапсырысы бойынша Оралдағы «Зенит» зауытында құрастырылған зымырандық-артиллериялық «Сарыарқа» әскери кемесі суға өткен жылы жіберілген еді. Су ығыстырғыштығы 250 тоннаға жуық, ұзындығы 42 метр шамасында және ең жоғары жылдамдығы 25-30 узел, жүзу қашықтығы 1200 мильді құрайтын кеме қазіргі заманғы зымырандық-артиллериялық қару-жарақпен, навигациялық қондырғылармен жабдықталған.
Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының 7-ші тұрағында сап түзеген әскери-теңіз базасының жеке құрамы мен жиылған жұртшылық алдында Әскери-теңіз күштерінің туын кеме командирі капитан-лейтенант Р.Жүнісовке табыстаған Қорғаныс министрі: «Сарыарқа» кемесі – отандық өндірістің төл өнімі. Егемендік жылдары әлеуеті артып, экономикасы асқақтаған, сол арқылы қорғанысын қамдап, қауіпсіздігін арттырған мемлекетіміздің ақталған мерейі. Күндіз-түні туған еліміздің, әр үйіміздің түзу түтіні мен кең-байтақ жеріміздің бүтіндігін ойлаған Елбасының сарабдал саясатының жемісі. Бұл бес қаруын асынып, болашақта осынау әскери кеменің даңқын асыратын теңізшілеріміз үшін зор мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Елбасы алдындағы абыройлы парыз, ел алдындағы қасиетті борыш! – деп теңізшілердің өздеріне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Маңғыстау облысы Ұлы Отан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, А.Ғұмаров сөз сөйлеп, әскери кемеге көтерілген тудың мән-маңызы мен қадір-қасиеті туралы баяндады. Жастарды Отанды сүюге, оның алдындағы міндеттер мен парыздарға адал болуға шақырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.