Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары • Кеше

Көшпелілер ойындары: Бәйгеге қатысатын жылқылар белгілі болды

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында бәйгеден Қазақстан чемпионатының 8-кезеңіне, сондай-ақ Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына іріктеу өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен 90-нан астам тұлпар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көшпелілер ойындары: Бәйгеге қатысатын жылқылар белгілі болды

Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Жарыс бәйгенің 4 түрі бойынша өтті: Құнан бәйге, Топ бәйге, Жорға жарыс және Аламан бәйге, жалпы жүлде қоры — 24 900 000 теңге.

«Бұл бәсеке - бәйгеден ел чемпионатының 8-кезеңі, ал бір жағынан осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына іріктеу есебінде өтіп жатыр. Ат жарысқа еліміздің түкпір түкпірінен ең үздік жылқылар жиналды. Олар бәйгенің төрт түрінен, яғни құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және жорға жарыс аталымы бойынша сынға түседі. Әр бәйге түріне шамамен 25 тұлпар қатысып жатыр. Бұл аттардың жағдайы жақсы, алдағы үлкен додаға дайын деп айта аламын», деді «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.

Құнан бәйгеден бірінші орын алған Қамысқұлақ атты тұлпардың шабандозы Асланбек Абдықал жеңіс жолында бапкер кеңесінің көмегі тигенін атап өтті.

«Бапкердің айтуымен жүріп отырдым. Ол маған жарыс бастала сала алдыңғы топта отыруға кеңес берді. Соңғы айналымда бірінші болып  алға оздым. Мәреге бес жүз метр қалғанда артымнан тағы бір ат келе жатты. Жетіп ала ма деп қорқып едім, бірақ мен бірінші келдім. Енді көшпелілер ойындарына дайындаламын», деп атап өтті жас шабандоз Асланбек Абдықал.

II орынды Найза атты құнан алды, шабандозы Арнат Мұратхан. Жүлдегерлер үштігін Айшуақ есімді атқа мінген Аңсар Арыстанбек тәмамдады.

Топ бәйгеде Ғасыр атты сәйгүлік, Алихан Жәнібекұлы есімді шабандозымен үздік атанды. II орынды Равшан, шабандозы Ділнұр Нұрмұқаш иеленді. ІІІ орынды шабандоз Қаиржан Әлихан Тәуекел атты тұлпарымен жеңіп алды.

Жорға жарыс қорытындысы:

  • I орынды иеленген Орда, шабандозы Юрий Лымарь;
  • II орын Выпуск, шабандозы Ануарбек Абдрахманов;
  • III орын Ақжауын, шабандозы Ербұлан Тілеғалиұлы.   

Аламан бәйге нәтижесі: 

  • І орынды Софлор Лэнд есімді айғыр, шабандозы Амир Аманұлы;
  • ІІ орынды Береке есімді жылқы, шабандозы Иринат Санжар;
  • ІІІ орында Шайкүрең атты тұлпар  шабандозы Арнат Мұратхан.

Іс-шараның серіктестері – Ұлтық спорт қауымдастығы, Республикалық «Бәйге» федерациясы және Павлодар облыстық әкімдігі.

Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.