Қоғам • 06 Тамыз, 2024

Этномедиация – татулық пен келісім құралы

139 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республикалық этноме­диация кеңесінің кеңей­тілген отырысы өтті. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктеген міндеттері арқау болды. Қатысушылар елдегі этнос өкілдерін ұйыс­тырып, бірлікті бе­кем­­дей түсудегі ұлт­тық құндылықтарды дәріп­теу, этномедиа­ция инс­титутын дамыту тап­сыр­масының орындалу барысын талқылады.

Этномедиация – татулық пен келісім құралы

Іс-шараға Парламент Сена­тының депутаттары, Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының өкілдері, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қа­ты­настарды дамыту комитетінің басшылығы, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілдері, сондай-ақ республикалық және өңірлік медиация кеңестерінің мүшелері қатысты.

Жиында ҚХА төрағасының орынбасары, Қазақстан Республи­касы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хат­шылығының меңгерушісі Ма­рат Әзілханов Мемлекет басшы­сының «Әді­летті Қазақстан – Жауапты аза­мат – Прогрессивті ұлт» тұжырым­дамасын жүзеге асы­ру міндеттерін ескере отырып, этномедиация инс­титутын тиімді дамытудың және этно­ме­диаторлардың сапалық жаңа пулын қалыптастырудың маңыз­дылығын атап өтті. Сондай-ақ ҚХА медиациясы аймақтық медиация кабинеттерінің қызметі аясында құқықтық көмек көрсетуден тікелей салалық бағытқа, атап айтқанда этномедиация институтын этносаралық саладағы жанжалдарды шешудің тиісті құра­лы ретінде дамытуға көшкенін жеткізді.

– Қазақстан халқы Ассамблея­сы қоғамдық келісім институттарын ілгерілету мен дамытуда бас­тамашы бола отырып, ел­дегі этносаралық келісімді қам­та­ма­сыз етуде этномедиацияны на­зардан тыс қалдырған жоқ. Этно­медиация – татулық пен келісім құралы. ҚХА-ның XXXIII сессия­сында Президент Ассамблея жұмысының бағыт-бағдарын ай­қындап берді. Ашып айтқанда, мемлекеттік тіл мәртебесін, терроризм мен сепаратизмге қатысты маңызды мәлімдемелер жасап, этносаралық алауыздықтың алдын алуды тапсырды. 2015 жылы ҚХА шетелдік сарапшылар мен медиация тренерлерін тарта отырып, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері үшін алғашқы оқыту семинарын ұйымдастырды. Бүгінде Ассамблея қоғам белсенділері арасынан медиаторларды оқы­ту арқылы медиация инс­титу­тын тұрақты негізде дамытуды жалғастырып келеді. Бұл бағыт­та өңірлерде де белсенді жұ­мыс атқарылды. Жарты жылға жуық уақытта осы бағыттағы мәсе­лелер­дің 40%-ы оңтайлы шешілді. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 1%-дан аспаған еді, – деді М.Әзілханов.

«Бүгінде бейбітшілікті ту еткен еліміз – 100-ден аса этнос өкілінің қара шаңырағы. Алайда әлемдегі геосаяси ахуал күрделі тұс­­та шаңырақты шайқалтқысы ке­ле­тіндер бар. Яғни іште де, сыртта да татулығымызға көз алартып, түр­лі тұрмыстық кикілжіңдерді этносаралық қақтығыстарға ұлас­тыр­ғысы келетіндер бар. Осы орай­да этномедиацияның орны ерек», дей­ді Қазақстан халқы Ассам­блея­сы республикалық медиа­ция кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов.

– Этносаралық мәселелерде бірлігімізді сақтап қалу үшін ме­диа­ция тәсілдері қолда­ны­лады. Жыл сайын 10 мың­нан астам мәселе қарасты­ры­лады. Жалпы, этномедиация қайшылықтар туындаған жағдай­да алдын алумен, шешумен және татуластыру жұмысымен айналысады. Бұл әдіс көп мемлекет­терде кездеспейді. Бізде арнайы бағдарлама қабыл­данып, әр ай­мақта семинар, тренингтер өткі­зіліп, этномедиаторлар оқы­тылып жүр. Қазіргі уақытта рес­публика бойынша этномедиаторлар саны 200-ге жетті.

Қоғамдық келісімді нығай­ту, саяси реформаларды жүйе­лі жал­ғастыру бір-бірі­мен тығыз байла­нысты. Түрлі аран­датушылық әдіс арқы­лы өзінің қилы мақ­сат-мүддесін жүзеге асыруға ты­ры­сатындар көп. Біз­дің елде тұрмыстық келіс­пеу­шіліктерді осы этносаралық си­паттағы жан­жалдарға балайтындар бар. Жал­пы, этносаралық негіздегі қақ­ты­ғыстың өзіндік кезеңдері бола­тынын ескеру керек. Әдетте жан­жалдар әлеуметтік себебіне қарамастан, әртүрлі этнос өкіл­дерінің қатысуымен болса, этнос­тық реңкке айналып кетеді. Бұл ретте арнайы медиаторлар даяр­ланды. Тренинг кезінде этно­саралық қатынастардың ерек­шеліктері мен қақтығыстар туын­даған жағдайда ақпаратты қалай беру қажет, араздықты болдырмаудың жолдары қандай деген сұрақтар жіті талқыланып, нақты кейстерге талдау жасалып отырады. Қазір біз теориялық жағынан практикалық жағына көштік. Аумақтарға шығып, ха­лық­пен кездесіп, түсінбеушілікті тиімді шешудің жолын іздейміз. Байқағанымыз, бір этнос өкілінің өзге бір этносты жек көрген жағдайларды кездестірмедік, – деді ҚХА республикалық медиация кеңесінің төрағасы.

Негізі біртұтас ұлт концепция­сы – ұлтына қарай ерекшелеуге, азаматтарды дініне не мә­дениетіне бола арандатуға, кем­сітуге жол бер­мейтін орта қа­лып­тастыру. Кеңес­тің негізге алған қағидаты осы. Бұл туралы Пре­зидент Ассам­блеяның кезекті сессиясында ерекше атап өткен еді.

«Кейбір мемлекеттердің гео­стра­тегиялық амбиция­сы­нан этнодіни астар іздеуге тыры­са­тындардың, тіпті оны өркениет­аралық қақтығыс ретінде көрсет­кісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр.     Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қо­ғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бер­­мейтін орта қалыптастыру маңыз­ды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жанжалды шешудің тиімді шаралары туралы пікірімен бөлісіп, қақтығыстардың алдын алудың ең тексерілген және дұрыс жолы азаматтық борыш пен патриоттық сезімді басшылыққа ала отырып, азаматтық қоғам болып құқықтық салада өмір сүру, еліміздің барлық заңдарды орындау және талаптарды сақтау екенін баса айтты.

Ал Мәдениет министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеу­лер институты Этномедиация орталығының басшысы Луиза Узарова этномедиация – этносара­лық шиеленістің алдын алу шарасы екенін, оның тиімділігі жүйе­лі, күрделі және осы бағытта жүр­гізіліп жатқан жұмыстардың нәти­жесі деп айқындады.

Сондай-ақ іс-шарада Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің, Ішкі істер ми­нистрлігінің, Алма­ты об­лы­сы ішкі саясат бас­қар­масы­ның, Шығыс Қазақстан облыс­тық мәслихаты аппаратының, т.б. өкілдері сөз сөйледі.

Отырыс барысында этноме­диациялық кеңестің ережесі мен құрамы жаңартылды. Оның құрамына лауазымдары бойын­ша облыстық этномедиация кеңес­терінің төрағалары енді. Сон­дай-ақ сарапшыларға, оқу бағдар­ла­маларын әзірлеушілер мен іске асырушыларға, өңірлік этноме­диация орталықтарының өкіл­деріне этномедиация институтын, оның ішінде өңірлік деңгейде дамытудың өзекті мәселелерін тал­қылау үшін тақырыптық пікір­талас алаңдары өткізілді.