23 Қаңтар, 2015

Шарапаты мол бағдарлама

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша өткен жылы Сырым ауданына 66 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылда кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүруде. Аудандық жұмыспен қамту  орталығының директоры Шынар Дүйсенғалиеваның айтуынша, 12 ауылдық округ бойынша 38 адамның жобалары іріктеліп, халыққа қызмет көрсету, өндіріс орындары, мал шаруашылығы саласы бағытындағы несие алушылардың жұмыстары жандана түскен. Тұрғындар шаштараз, наубайхана, пластик терезелер жасау, көлік жөндеу, жолаушыларға қызмет көрсету секілді жұмыстарды қолға алып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы несие алушылар тарапынан 68 ірі қара, 51 жылқы, 246 қой, ешкі сатып алынды. Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір түрі – әлеуметтік жұмыс орындары. Бұл бағытта өткен жылдың шеңберінде 13 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалып, нәтижесінде 122 адам жұмысқа орналастырылды. «Жұмыспен қамтудың жол қартасы-2020» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау, қоғамға пайдасы тиерлік істерге жұмылдыру бағытында жұмыстар қолға алынған. Аталмыш бағдарлама аясында 10 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтылса олардың арасында несиеге қол жеткізген 7 адам бар. Несие алған мүмкіндігі шектеулі жандар бүгінде жолаушыларға қызмет көрсету, мал шаруашылығы, ұстахана цехы, фотосалон, компьютерлік қызмет көрсету секілді жұмыстарды қолға алып, бастап кетті. Мүсірбек АЙТАШЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы.