Олимпиада • 05 Тамыз, 2024

Француздар жапондарды жеңді

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында дзю­до­шылардың додасы аяқ­тал­ды. Соңғы болып татамиге әйелдер арасындағы аса ауыр салмақтағы Кәмилә Берліқаш шықты.

Француздар жапондарды жеңді

Фото: olympic.kz

Азия ойындары мен құрлық чемпио­натында жүлде алып жүрген Моңғолияның еңселі қызына оның әлі жетпеді. Бұл салмақта әлемде үш рет жүлде алып, өз құрлығында қарсылас шыдатпай жүрген бразилиялық Беатрис Соузаның бағы жанды. Финалда ол израильдік Раз Гершконы жолынан ығыстырды. Үшінші орынды франциялық Романе Дикко мен оң­түстіккореялық Ким Каюн ием­денді. Ерлер арасында аса ауыр сал­мақта Тедди Ринерге тең келер еш­кім табылмады. Олимпиаданың ашылу рәсімінде алқызыл алауы тұ­тандырған Фран­цияның атағы жер жар­ған алыбы шешуші тұста биылғы әлем чемпионы Ким Минджонның тас-тал­қанын шығарды. Тәжік Темур Ра­химов пен өзбек Әлішер Юсупов қола медальды еншіледі.

Одан кейін командалық сайыс­тар­ды тамашаладық. Қазақстан құрама­сы бастапқы бәсекеде Брази­лия­мен айқасты. Алғашқы болып та­тамиге шыққан Әбиба Әбужа­қы­нова өзінен жоғары екі салмақта өнер көрсететін Силва Рафаэламен күресті. Бұл белдесу Олимпиада мен дүниежүзілік доданы екі рет ұтқан 32 жастағы әккі дзюдошының пайдасына шешілді. Келесі кездесуде Данияр Шамшаев Даниел Карниннен жеңіліп жатып, бәсеке бел ортадан ауған тұста жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Токио Олимпиадасы мен Ташкенттегі әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеп, Пана­ме­рика біріншілігінде үш рет топжар­ған жампоз қазақ балуа­нының «қақпанына» қалай түскенін өзі де аң­ғармай қалды. Үшінші болып Есми­гүл Кую­лова өнер көрсетті. Осы­дан ба­қан­дай 16 жыл бұрын Бейжің Олим­пиадасында қола медальды иеленген 36 жастағы ардагер спортшы Кетлин Кудросқа 22 жастағы қазақ қызының әлі жетпеді. Абылайхан Жұбаназар өжеттігімен өз құр­лығының мықтысы Рафаэл Маседоны тізе бүктірді. Осы орайда қандасымыздың 81, ал брази­лиялықтың 90 кг салмақ дәре­жесінде өнер көрсететінін де ескерген жоқ. Бірақ одан кейін Кәмила Берліқаш Париж Олимпиадасының жеңімпазы Бетарис Соузадан, Нұрлыхан Шар­хан Леонардо Консалвестен ұтылды. Сөйтіп, Қазақстан жарыс жолынан шығып қалды. Коман­далық сайыстың финалында Франция Жапонияны 4:3 есебі­мен ұтса, қола медаль Канада мен Бра­зи­лияға бұйырды.