Себебі осы шаһар арқылы Орта Азияның басқа аймақтарына қарай жолдар тарамдалып кете береді. Міне, сол үшін мегаполис республиканың оңтүстік өңіріндегі көлік-логистикалық хабына айналып отыр. Осынау маңызды идеяны шын мәнінде іске асыру үшін жергілікті билік ауқымды жобаларды қолға алды. Айталық, қала іргесінен сауда-логистикалық орталығын құрды. Ол жерде көлемі кең заманауи қоймалар орналасады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да тауарлар сақтайтын қоймалар алаңы болады. Дәл қазір жобаның біраз бөлігі аяқталып, нысандардың бірсыпырасы пайдалануға беріліп үлгерді. Келешекте жан-жақтан сауда-логистикалық орталығына тауарлар келіп, еліміздің түкпір-түкпіріне, тіпті шетелге осы жерден өнімдер тасымалданбақ.
«Қала әкімдігі көлік қызметін, жолаушылар тасымалы саласын жақсарту бағытында көптеген жұмыс атқарды. Соның бірі – көлік кептелісін азайту мақсатында салынған 2 ірі жолайрық. Бірі Қонаев, екіншісі Бәйдібек би даңғылында орналасқан. Сондайақ қаладан Ташкент тасжолына қарай шығып кететін екінші ірі жол салынып жатыр. Ол Қонаев даңғылын ұзарту жобасы арқылы іске асып отыр. Бұл ауқымды бастама да біту мәресіне жақын қалды. Шаһар республиканың үшінші мегаполисі болғандықтан, жолаушы тасымалдау қызметі саласында да ілгері дамушылық байқалады. Оған биыл жаңа келбетке енген бұрынғы теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары арқылы көз жеткіземіз. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты бір жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған құрылыс 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Нысанды сенімгерлік басқаруға берудің нәтижесінде қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн», дейді қалалық жолаушылар тасымалы қызметіне жауапты басқарма мамандары.
Теміржол вокзалында тәулігіне 27 бағыт бойынша жолаушы тасымал қызметі ұйымдастырылған. 1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витраж, металл кассеталармен қапталды.
Өз кезегінде жаңа әуежай терминалының құрылысы «ЅСАТ» АҚ инвестициялары есебінен іске асырылып отыр. Терминалды іске қосу жолаушылар ағынын сағатына 200-ден 2 000-ға арттырып, ал өткізу қабілетін жылына 10-12 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай ақ терминалдың ішін 7 аймаққа бөлу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Жаңа жолаушылар терминалын пайдалануға беру нәтижесінде 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады, халықаралық бағыттардағы маршруттық желілер дамиды, шетелдік әуе тасымалдаушылардың қызығушылығы артып, қосымша инвестициялар тартылады. Оған қоса әуе жүк тасымалының да көлемі ұлғаяды. Алдағы жоспарға сәйкес, әуежай мультимодальды орталық ретінде қызмет көрсетеді. Бұл – жаңа терминалды салудағы стратегиялық мақсаттың бірі. Соның аясында әуежай аумағында енді әуе кемелеріне қызмет көрсететін ангар, ұшақтарға жедел жанармай құю үшін отын құю бекеті, қонақүйлер салынады. Сонымен бірге әуе кемелеріне жерүсті сервистік қызметін ұйымдастыру үшін арнайы техникалар сатып алынады. Бұдан бөлек, перрон мен кірме жолдардың жүк терминалы жаңғыртылады. Жаңадан авиациялық-техникалық орталық пен борттық тамақтандыру цехтары ашылады. Сонымен қатар санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұзындығы 3 300, ені 60 метрді құрайтын жаңа ұшып-қону жолағының құрылысы жүргізіледі. Бұл әуежайға заманауи ауыр ұшақтарды қабылдауға және ауа райының қолайсыздығына байланысты тұманды кезде ұшақтардың қонуына мүмкіндік береді.
Шымкент әуежайындағы терминал құрылысын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып тексерген болатын. Аралау барысында шаһар басшысы біраз кемшіліктерді анықтаған. Осыған байланысты әкім мердігер мекеме басшысына әуежайға кіреберіс жолдың құрылысындағы кем-кетіктерін кепілдік мерзімі ішінде түзеуге тапсырма беріп, жұмыс сапасын көру үшін құрылыс басына тексеріспен қайта келетінін мәлімдеді. Айта кету керек, әуежай құрылысының екінші кезеңі биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтіліп отыр.
Жергілікті атқарушы билік қоғамдық көлік мәселесі мегаполистің өзекті проблемасы екенін ескере отырып, 2024 жылдың басынан бері бұл салаға бірқатар өзгеріс енгізді. Мәселен, 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілді. Схемаға сәйкес 77 маршрутты құрайтын жаңа бағыттық желі әзірленді. Соның нәтижесінде 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды, 6 айналма маршруттар қарастырылды. Бүгінгі таңда осы жолаушылар бағыттары толығымен қызмет көрсетіп отыр. Қаланың ішкі орталық көшелері мен шет аймақтарында орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын үй алаптары қоғамдық көлікпен жүз пайыз қамтылған. Осы күнде шаһарда күнделікті 916 автобус жолаушы тасиды. Ал бұл қызметті 11 тасымалдаушы компания жүзеге асырып отыр. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 адам. Сонымен қатар жалпы автобус саны резервпен қосқанда – 1 140 болса, оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен қалған 36-сы бензинмен жүреді.
Жолаушылар тасымалына жауапты басқарма мамандарының берген мәліметі бойынша, биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарда тұр. Бүгінге дейін «Автоимпульс» серіктестігі «Zhongtong» маркалы 5 жаңа автобус сатып алыпты. «Санжар моторс» пен ЖК «Абдуганиев» компаниялары «SAZ LE 60» маркалы 12 автобусты мамыр айында бағытқа қосқан, ал «Ман-оңтүстік» мекемесінің «Youtong» маркалы жап-жаңа 3 автобусы қалада қызмет көрсетіп жатыр.
Мегаполистегі барлық 1 142 автобустың 95 пайызға жуығы – соңғы 5 жылда алынған көліктер. Жалпы, қоғамдық көліктерді жыл сайын кезең-кезеңмен жаңарту қала әкімдігінің стратегиялық жоспарына енген.
Бұрынғы кезде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгі иегерлеріне, тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген еді. 7-18 жасқа дейін мектеп оқушылары тарифтің 50 пайызын төлейтін, студенттерге жолақы 50 теңге еді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей тапсырмасымен биыл 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталған жандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болды. Олар – екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, жеңілдіктер бойынша соларға теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, «Қазақстанның Еңбек ерлері», Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар мен 1941 жылғы 22 маусым 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстегендер. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргiн құрбандары, екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалар, 70 жастан асқан зейнеткерлер мен мектеп оқушылары.
Қоғамдық көліктегі электронды билет жүйесінде туындаған мәселелерді шешу үшін әрі бәсекелестік орта қалыптастыру мақсатында жаңа электронды билеттендіру жүйесі енгізіліп жатыр. Жеке инвестор «SmartMobility» компаниясы бұған қызығушылық танытып, өз есебінен жүйенің бағдарламасын әзірлеген. Енді қоғамдық көліктерге валидаторлар орнату жұмысын бастап кетті. Жаңа билеттендіру жүйесі жолаушы тасымалдаушы мекеме «Shymkent bus» БК» серіктесіне тиесілі 35 бағыттағы автобустарға орнатылып үлгерді.
2024 жылғы 10 мамырдан бастап валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Жаңа валидатормен сол бұрынғыдай көлік картасымен, «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы «Bluetooth», NFC, QR кодтармен, контактісіз банк карталарымен төлем жасала береді. Сондай-ақ қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік бар.
ШЫМКЕНТ