АҚТАУ. 12 маусым. Маңғыстауда кәсіпкер облыстық әкімшілікте өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында былтыр сүрілген «Равиль» кафесінің иесі Бахтияр Масимов жұртшылықты осылай қорқытты. Кафесі сүріліп, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған, өзіне материалдық және моральдық шығын қайтарылмағандықтан ол бұл әрекетке басқа амалы қалмағандықтан баратындығын айтты. Нақтырақ айтсақ, жергілікті тұрғындар арасында «Кораблик» деген атпен мәлім кафесін жергілікті әкімдік заңсыз деп танып, жер телімін босатуды талап еткен. Соттасудың соңы кәсіпкердің емес, әкімдіктің пайдасына шешіліп, жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болып шығады. 2014 жылы 4 ақпанда «Равильге» қатысты шыққан сот шешімі, сол жылы мамыр айында орындалып, кафе орны тазартылады. Қазір ол жерге автотұрақ салынуда.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Н.Аққұлов бұл туралы «Лада» газетіне берген сұхбтында: «Бахтияр Масимов 1998 жылы аталған жерді 10 жылға жалға алған. 2008 жылы қайтару керек болған, бірақ ол 2012 жылға дейін 4 жыл бойы заңсыз пайдаланып келді. 2012 жылы Ақтау қалалық әкімдігі заңсыз пайдаланып отырған жер телімін қайтаруды сұрады. Масимов кінәлі санап отырған Маңғыстау облыстық әкімдігі, Ақтау қалалық әкімдігінен бастап, барлық атқарушы және құқық қорғау орындары заң жүзінде жұмыстанды. Масимовті өзіне қол жұмсауға жеткізетіндей ешкім қысастық көрсеткен жоқ. Ол материалдық және моральдық шығын өндіруді сұрайды. Ал әкімдік одан 4 жыл бойы заңсыз пайдаланып келген жердің жалдау ақысын да, кафені сүру кезінде қолданылған техника, адам күшінің есебін де сұрап отырған жоқ», – деді.
Бақтияр Масимов еліміздің Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерінде қызмет етіп, майор шенінде зейнетке шыққан. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық әзербайжан этно-мәдени бірлестігі мәжілісінің төрағасы.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: tumba.kz.