Білім • 07 Тамыз, 2024

Білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын ба?

131 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Үкімет басшысы оқу жылы басталғанға дейін, физика, химия, биология, роботтехника бойынша мыңға жуық пәндік кабинет сатып алуға қатысты тапсырма берді.

Білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын ба?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Оқушы қауіпсіздігі –  басты назарда

Оқу-ағарту министрі Ға­ни Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек атқарылып жат­қан жұмыс туралы, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бі­лім беру нысандарындағы қауіп­сіздіктің ағымдағы жағдайы жө­нін­де баяндады. Сондай-ақ отырыста бірқатар жекелеген өңір әкімдері жаңа оқу жылына әзірлік туралы ақпарат берді.

Алдағы қыркүйек айында 3,9 млн оқушы мектепке барады. Оның 360 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары. Осы жылғы білім күніне қарай елімізде 61 жаңа мектепті пайдалануға бе­ру жоспарланған. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, биыл 536 мың оқушыға арналған 302 жаңа мектептің есігі ашылады.

Үкімет басшысы білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу үдерісінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету­­дің маңызды екеніне назар ау­дар­ды. Пайдалануға беріл­ген­­­нен кейін мектептерді бала қа­был­­дауға дайындау үшін де үл­кен жұмыс атқарылатынын атап өтті. Ғимаратқа, оқу каби­не­­­тіне, асханаға қойылатын бар­лық қауіпсіздік шарттарын, са­ни­тарлық-эпидемия­лық жә­не өртке қарсы талапты орындау
қажет.

Премьер-министр мектептер­ді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханалар мен спорт залдарды жабдықтауды тапсырды. Бұл тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына емес, барлық білім беру нысандарына қатысты қойылып отырған талап екенін ескертті.

Сөйтіп, бірқатар өңірде кей­бір оқу орындарының дайынды­ғы алаңдаушылық туғызып отыр­ғанын алға тартты. Мәселен, жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі бар жоғары білім ошақ­та­рының жетеуі Ақтөбе облысында орналасқан.

«Құрылыс жұмыстары негіз­­сіз созылып кетті. Осы бағыт­та барлық күш-жігерді бірік­тіріп, нысандардың бел­гілен­ген мерзімде тапсырылуын қам­та­масыз ету қажет. Сон­дай-ақ тамыз айында күрделі жөн­деу жұмыстарының барлығы аяқта­луға тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30%-ы ғана орындалған. Бұл Қа­рағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қа­тысты. Бұл өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу үдерісі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар. Со­нымен қатар оқу жылы бастал­ғанша, физика, химия, биология, роботтехника бойынша мыңға жуық пәндік кабинет сатып алынуы керек. Өңір әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пәндік кабинеттер ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын уақтылы қамтамасыз етуі ләзім. Бұл жұ­мысқа салғырт қарауға болмайды», деді О.Бектенов.

Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де жан-жақты талқылан­ды. Биыл ІІМ тарапынан 2 655 нысан тыңғылықты тексеруден өткен. Нәтижесінде, мыңнан астам бұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдары арқылы 95 млн теңгеге айыппұл салынып, білім саласындағы 340 басшы жауапкершілікке тартылды. Бүгінде көптеген білім беру ұйымы бейнебақылаумен 100% жабдықталған. Алайда же­ке құрылым камераларының тек 55%-ы ғана «Жедел басқару орталығына» шығарылған. Бұл іс бойынша ең нашар жағдай Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыс­тары мен Алматы қаласын­да қалыптасып отыр.

Жеке нысандардың 85%-ы дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан, Аты­рау, Маңғыстау облыстары дабыл түймелерімен ең аз қамтылған аймақтар қатарында. Адам саны 700-ден асатын білім беру нысандары радиобайланыс құралдары, қызметтік қару, жедел мобильді топтары бар лицензияланған күзет ұйымдарын тартуға тиіс. Алайда Ішкі істер министрі атап өткендей, жекелеген нысандарда күзетшінің көбі – қара­пайым вахтер мен зейнеткерлер.

«Өңір әкімдері білім беру ұйым­дарын лицензияланған күзет­пен, турникетпен, жедел бас­қа­ру орталығына қосылған ка­ме­ралармен жабдықтауы қа­жет. Ішкі істер министрлігі осы бағытта тексеруді жалғастырсын. 1 қыркүйекке қарай қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау үлесін 90%-ға дейін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін 100%-ға жеткізу керек», деген О.Бектенов вице-премьер Тамара Дүйсеноваға әкімдіктер жүргізіп жатқан жұ­мысты жеке бақылауына алуын тапсырды.

 

1,7 млн оқушы тегін тамақтанады

Отырыс барысында Пре­мьер-министр балаларды 1-сы­ныпқа қабылдау үдерісін дұ­рыс ұйымдастыру және мем­лекеттік қолдауға мұқтаж ба­ла­ларға әлеуметтік көмек көр­се­ту мәселесіне назар аудар­ды. Оған қоса, бірқатар өңір әкіміне тамақтану сапасын және санитар­лық-эпидемиялық қауіпсіздіктің қамта­масыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Жаңа оқу жылында 360 мың оқушы алғаш рет мектеп табал­дырығын аттағалы тұр. Үкі­мет басшысы оларды қа­был­дау үдерісінің белсенді жү­ріп жатқанын, оны дұрыс ұйым­дас­тыру қажет екенін айт­ты. Соны­мен қатар бұрын бала­бақ­шаға бармаған болашақ оқу­шы­лар­ға көбірек көңіл бөлген жөн. Ол үшін мектепке дейінгі меке­ме­лердегі консультациялық пункт­тердің қызметін жандан­дырған дұрыс.

«Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж бала­ларға материалдық және әлеу­меттік көмек көрсетілуге тиіс. Биыл 500 мыңнан аса бала үшін 22 млрд теңгеден асатын бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақтылы жіберілуін қамтамасыз етсін», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн бастауыш сынып оқушыcы мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін та­мақпен қамтылатынын айт­ты. Мектептерде тегін тамақ­тан­дыруды ұйымдастыру мақса­тында әкімдіктер қажетті қаражат бөлді.

Атырау, Түркістан, Жам­был облыстарының бірқатар мектебінде асхана жоқ. Үкі­мет басшысы осы өңір әкім­дік­теріне тамақтану сапа­сын және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздіктің қамта­масыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Оқу-ағарту министріне барлық мектептің оқулықпен толық қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауды мін­деттеді.

 

Жайлы мектептерде «негізгі стандарт» болуға тиіс

Үкімет басшысы мектеп, кол­ледж және жоғары оқу орын­дарының жұмысын жаңа бәсе­келестік деңгейге шығаруды тап­сырды. Өйткені еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуы көбіне өскелең ұрпақтың білім деңгейі мен бойындағы құндылықтарына байланысты екенін атап айтты.

«Әртүрлі салада балалардың ізденіс, зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын анықтау, білім берудің барлық деңгейінде олардың қабілетін барынша дамыту маңызды. Мектеп пен колледждердің және жоғары оқу орындары базасында студенттер мен оқытушылардың жетекшілігімен оқушылар өзде­рінің болашақ инженерлік идея­ларын жүзеге асыра алатын, әр­түрлі бұйым мен бөлшектерді құрастыруды және дайындау­ды үйренетін жалпыға бірдей қолжетімді үйірмелер, техни­калық шығармашылық орта­лықтарын құру керек. Білім бе­рудің барлық сатысында сапа бойынша жаңа талаптар бел­гіленуі қажет. Орта білім сала­сында жайлы мектептер да­муға ықпал ететін «негізгі стан­дарт» болуға тиіс. Басқа мек­тептерді олардың деңгейіне бейім­деп, реновациялаған абзал. Ал жоғары білім беруге келетін болсақ, ұлттық жоғары оқу орындарымыз бен жетекші шетелдік университеттердің филиалдары бағыт беріп отыруға тиіс», деген Премьер-министр, Ғылым және жоғары білім минис­трлігіне жұмыс нәтижесіне орай филиалдарға қойылатын талаптарды әзірлеуді тапсырды.

Тиісті сараптамалық кеңес құрудың және барлық университеттерге қойылатын талаптарды олардың әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қараудың маңызын атап көр­сетті. Жоғары оқу орындары кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеу керек. Ал студенттік, магис­тр­лік жұмыстардың ел экономикасы үшін нақты нәтижесі болуға тиіс. Қойылған міндеттерді іске асыруға бейінді министрліктер ғылым мен технологияларды кеңінен танымал ету жөніндегі кешенді жоспарды қабылдауы қажет.

Үкімет басшысы жаңа оқу жы­лы қарсаңында жатақ­ха­налар­дағы орын тапшылығы мәселесіне де назар аударды. Сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауы керек екенін айтты.

«Өңір әкімдері, Оқу-ағарту және Жоғары білім министрлері айтылған мәселелерді жеке бақы­лауға алсын. Барлық білім беру нысандары оқу жылының басталуына 100% дайын болуға тиіс», деп қорытындылады Үкімет басшысы.