Мәдениет • 07 Тамыз, 2024

Гөзәл бояулар

92 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ағайындардың қай-қайсысының да түп тарихы, өнері мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті қазақ елімен тереңнен тамырласып жатыр. Бауырлас халықтардың түрлі тараптағы бекем байланысы бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Мәселен, күні кеше ғана ел астанасында Өзбекстанның бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі ашылды.

Гөзәл бояулар

Суреттерді түсірген – Игорь Бургандинов

Ұлттық музейге қойылған көр­ме Өзбекстан Респуб­ликасының Президенті Шавкат Мирзиёев­тің елі­мізге мем­лекеттік сапары аясында өтіп жатыр. Мәдени іс-шара тәуелсіздік жылдары екі ел арасында қалыптас­­қан мәдени-ақпараттық диа­логті жалғастыру мақсатында ұйым­­дастырылған.

Еске салсақ, өзбек өнері, әсіресе тәуел­сіз­дік жылдары жаңа биіктерге көтері­ліп, тың бағыттарға жол салды. Әлем­дік көркемөнер кеңістігінде де ерекше шығыстық стильдерімен көзге түсті. Қыл­қалам шеберлері ұлттық мәдениетін, тарихи мұрасы мен қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық болмысын мың бояу­мен сөйлетті. Әр бояудың түсі шығыстық сарынмен шертіліп, ұлттық өне­рін өрнектеді. ХХ ғасырдың екінші жар­тысы мен ХХІ ғасырдың басындағы Өзбек­стан кескін­демесі­нің айрықша ерек­шелігіне баланған «өзбек авангарды» толастаған осы ізденістердің нәти­же­сінен туған еді. Мұны кезінде өнер зерт­теушілері ұлттық өнер дәстүрлерінің еуро­палық постимпрессио­низ­мі және өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы Өзбек­стан кескіндемесімен синтезі деп бағалады.

Өзбек сурет өнерінде өзіндік қол­таңбасымен таныл­ған авторлар же­терлік. Бұған – аталған көр­меге ұсынылатын Акмаль Нур, Алишер Хам­дамов, Татьяна Фадеева, Файзулла Ахмадалиев, Шах­ноза Абдул­лаева, Бахтиёр Мах­ка­мов, Хур­шид Зияха­нов және Өзбекстан өнер ака­де­миясының мүше­лері мен Өзбек­станның әртүрлі аймағының талант­ты жас сурет­шілері сынды өзге де қыл­қа­лам шеберлерінің туын­дылары айқын дәлел.

ыва

Көрмеге Өзбекстан сурет­шілерінің 80-ге жуық картинасы мен қолданбалы өнер шеберлері жасаған 100-ден астам зат қойылды.

Көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәде­ниет ко­ми­тетінің төрағасы Күміс Сейітова мұндай мәдени іс-шаралар екі бауырлас мемлекет арасындағы мәдени байланыстың қарқынды дамуына септігін тигізіп, түбі бір түркітілдес қос халықтың тамыры тереңде екенін ай­ғақтайтынын атап өтті.

«Бүгінгі көрме тарихы ортақ, мә­дени мұрасы бай қазақ және өз­бек ұлты­ның дос­тығын тағы бір мәрте паш етіп, рухани байланыс­ты арттыра түспек. Бұл көрмеде өзбек су­рет­­шілерінің, қолданбалы өнер шебер­лерінің соңғы он­жыл­дықтағы тартымды туын­дылары қойылған. Жалпы, өзбек қылқалам шеберлерінің өзіндік ерекшеліктері мол екенін атап өткен жөн. Мұны бүгін ұсынылып отырған туын­дылардан көре аламыз», деді Мәдениет комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ Өзбекстан Өнер акаде­миясының төрағасы, суретші Акмаль Нури­динов екі елдің өнерпаздары бірігіп, тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі әлеміне ортақ мәдениетті дамыту керегін айтты.

«Біз Қазақстандағы өнер­сүйер қауымды қызық­ты­ратын өзбек сурет­ші­лерінің жұмыс­тарын әкелдік. Қазақ­­­­станмен үнемі ортақ жобалар жүргізіп отырамыз. Жалпы, Өзбекстан мен Қазақ­стан өнері ұқсас, өйткені біздің түпкі тамы­ры­мыз ортақ», деді Өзбекстан Өнер ака­де­миясының төрағасы Акмаль Нуридинов.

Экспозициядағы заманауи кескін­деме туындылары Шығыстың ежелгі аңыздарынан, поэзиясы мен тарихынан, рухтанған романтикалық бейнелерден бастап, Өзбекстанның сұлу табиғаты мен ұлттық тұрмысына тән сипаттарын ашып көрсететін нақты сюжеттерге дейінгі сурет­шілердің стилистикалық ерекшеліктерінің әртүр­лілігін, қызығушылықтары мен шығар­машылық көз­қарастарының кең ауқы­мын көрсетеді.

«Өзбек суретшілерімен әрқашан шығар­­машылық байланыстамыз. Қылқа­лам ұстаған қауым болған соң, әрдайым бір-біріміздің шығармашылық шебер­ханамызға үңіліп, жаңа бір стиль, тосын ой байқай қалсақ, бірден хабарла­сып айтуға асықпыз. Шетел­­дік көрмелерде де талай сапарлас болдық. Екі елдің мәде­ниеті мен менталитеті жақын болған соң, кенеп бе­тінде ортақ ұқсастық­тар көп. Шығыстық сарын бір­ден байқалады. Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бері өзбек сурет өнері күрт дамыды. Қазір де мем­ле­кеттік саясат суретшілерге жақсы көңіл бөледі», дейді суретші Сенбіғали Смағұлов.

Ал көрменің қол­дан­балы өнер бөлімінде Өзбек­станның дәстүрлі өнерін­ ашып көрсететін туындылар ұсынылған. Көрмеге жи­нал­ған жұрт ташкенттік за­ма­науи шеберлердің ағаш бұйымдарын, Бұхара мен Самарқанд шеберлерінің сюзане кестелерін, марғұландық шебер­лер­дің қолдан тоқыған атластары мен жібектері, Риштан мен Гиждуван ше­бер­ле­рінің нақыштары мен миниатюралары, керамика бұйым­­дарын тамашалады.

Айта кетейік, көрме ­8 тамызға дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, ел астанасында 7-8 тамыз күндері Ташкенттің Мәдениет күндері өтеді. Орталық саябақта өтетін Мәдениет күндері аясында Ташкент әртістерінің қатысуы­­мен концерттік бағдарлама­лар, ұлттық өнер және қол­­өнер көрмелері, отбасылық спорттық жарыс­тар мен ойындар, Ташкент пен Өзбекстанның туристік іс-шараларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады. Дәстүрлі өзбек тағамдарынан да дәм татуға болады.