Интернетке «жасанды интеллект» деп жазсаңыз, алдыңыздан робот бейнесі, мидың суреті, көп цифр мен таңба шыға келеді. Біздің санамызда жасанды интеллектінің бейнесі осындай. «Yandex Qazaqstan» компаниясының жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі директоры Александр Крайновтың айтуынша, негізінде жасанды интеллект «қара жәшік» іспетті. Бұл жәшіктің ішінде күрделі схемалар, нейрондық желілер болады. Ол нейрондық желілер бірнеше қабаттан, қабаттар нейрондардан тұрады. Нейрон – қарапайым формула. Мұнда бірнеше мәлімет енгізіліп, бір шешім шығарылады.
Жасанды интеллектінің оқыту және қолдану деген екі кезеңі барын ескерсек, адам әзірлеген робот өздігімен ештеңе үйрене алмайды. Оның бағдарламасына түрлі дүниені енгізетін, оқытатын – адам. Қандай да бір роботты жасап, өздігімен жібере салсаңыз, оның қазіргі деңгейі мен 10 жылдан кейінгі деңгейі бір болады. Ал адам миы күн сайын жаңа мәлімет қабылдайды.
Жалпы, жасанды интеллект туралы түсінікті жеткізу қиын. Ол туралы нақты түсінік жоқ. Әркім әртүрлі пікір айтады. Біреулер жасанды интеллект адамға тән қабілеттерді жүзеге асыра алатын машина дейді. Александр Крайнов оны адам шеше алмайтын есептерді шешуге қауқарлы құрал деп отыр. Мәселен, адам оп-оңай ақуыз молекуласының құрылымын айта алмайды. Жасанды интеллект адам миына кіріп-шықпайтын осындай болжамдарды болжай алады. Бірақ ол барлық жағдайда шындыққа жанаспауы мүмкін. Сенімділік үшін фактчекинг жасаған абзал.
Қайткенде де жасанды интеллект біздің өміріміздің бір ажырамас бөлігіне айналды. Қазір жасанды интеллектінің технологияларын ғана емес, өнімдерін де жиі қолданып жүрміз. Бір қуантатыны, қазақтілді өнімдер де көбейіп келеді. Қазір «Yandex Qazaqstan» компаниясы қазақ тілінде жасанды интеллект өнімдерін әзірлеуге белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Бұл туралы «Qaz.AI» жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы ұйымдастырған шеберлік дәріс барысында белгілі болды. Бұл қадам еліміздің жасанды интеллект саласындағы ұстанымын едәуір күшейтуге және жаңа технологиялардың дамуына ықпал етуге бағытталған.
«Qaz.AI» қауымдастығы еліміздегі технологиялық компанияларды біріктіріп, білім мен тәжірибе алмасу платформасы ретінде қызмет етеді. Қауымдастық құрылған сәттен бастап жасанды интеллект саласындағы ұлттық даму мен операциялық жүйелердегі өзгерістерді реттеумен айналысып келеді. Жақында қауымдастық шеберлік дәріс өткізіп, жасанды интеллектіні қоғамда қалай қолдануға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ оқу барысында қатысушылар жасанды интеллектіге байланысты түрлі мәселе мен мүмкіндік туралы талқылап, білімдерін тереңдете түсті.
Кездесу барысында «Qaz.AI» жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы «Yandex Qazaqstan»-ның жаңа мүшесі ретінде қосылғанын хабарлады. Басшылықтың айтуынша, елімізде бұл серіктестік жасанды интеллектіні енгізуді жылдамдатады әрі бірге көтерген жүк жеңіл болары анық.
«Yandex Qazaqstan»-ның қауымдастыққа қосылғанына қуаныштымыз. Тәжірибелі, ауқымды сараптамасы бар «Yandex Qazaqstan» сияқты ірі компанияның мүшелік етуі біздің мүмкіндігімізді айтарлықтай арттырады. Инновацияларды ілгерілетуге және еліміз үшін негізгі бастамаларды қолдауға көмектесе отырып, елімізде Ұлттық жасанды интеллектіні дамыту бағытында қызмет етеміз», деді Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының төрағасы Бақытжан Ешмұхамбетов.