Мәселен, сізге ерте күннен биік көрінген тұғырлар білім жинай келе аласарып, керісінше аласа қырлар биіктеуі мүмкін. Немесе ерте күнде дүниенің шыңы көрінген сары-жасыл медальдар, көпірме мақтау сөздер көз алдыңызда бағасын жояды. Өмірінің соңына қарай Толстой өзін Нобель сыйлығына ұсынудан бас тартты. Тіпті қаламақы үшін жазған шығармаларын оқымауға кеңес беріп, «ақымақ болып әлемді түзетпек едім, ақылды болып өзімді түзетуге кірістім» деп ағынан жарылады. Бұл, әлбетте, дана жазушының рухани биіктеуі, өмірлік өлшемнен тысқарыға озуы. Егер есті кісі талмай ізденіс үстінде болса көзқарасы тоқтаусыз өсіп, ұстанымдары өзгеріп, өзгеше адамға айналмақ. Жанкешті еңбек арқасында өткен шағын өлтіріп отырған Борхес секілді.
Ал жан құмарын орындамаған, өзін тануға ұмтылмаған адамның көзқарасы балаң күйінде қалады. Ақыл ұшталып отырмаған соң онда кері әуестіктер тамырланып, дүниені бұлыңғыр көруді бастайды. Гете «Білімсіз адам секемшіл келеді» деді. Ең ауыр азап — ақылдың тот басуы, онда Құдайдың өзі сақтасын, ол адамға осы өмірдің өзі жаһаннамға айналары даусыз. Сонау Сократтан бастау алған «сау ақыл» ұғымы түрлі дерттерден, нәпсіден құтылған ақыл иесі болуға үндейді. Үнемі жаңғырып отырған ақыл өзді-өзін тазартумен шұғылданады. Ішіне жаңа білім енген сайын шұғылалы сезімге бөленіп, кезіккен ағашқа тамсана сәлем беретін дәрежеге жетеді. Әр адамға жер бетінің жұлдызындай сүйсіне қарап, XVI не XVIІ ғасырда емес, өз заманында туған сапарлас пендеге бауырмалдық оты тұтанады. Бұл дәрежеге жеткен ақыл түрін Абай «нұрлы ақыл» деп атады. Көзқарас өмір бойы өсіп жетілсе, онымен бірге адам да жақсы тарапқа өзгеріп отырады. Ақыры адам, Руми айтқандай, ешкімге ренжімейтін, тас лақтырса мыңқ етпейтін алып мұхитқа айналады.