23 Қаңтар, 2015

Бөдене өсіріп, байып кетті

642 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
_DSC0335Облысымыздың бірқатар тұрғындары бөдене өсіріп, көл-көсір табысқа кенелуде. Солардың бірі Жанат Тасыл­баева «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы арқылы өзінің отбасы мүшелерімен бірлесіп Қазақ­станда көп адамдар айналыса қоймайтын бөдене құсын өсіріп, еті мен жұмыртқасын өндіруді қолға алыпты. – Бүкіл әлемдегі сияқты Қа­зақстанда да экологиялық жағынан таза өнімдерге сұраныс көп, – дейді  Жанат Тасылбаева. –Мәселен, Жапония елінде бөдененің жұмыртқасы мен еті үнемі қолданыста. Мектеп оқушыларының ой қабілетін арттыру үшін, денсаулықтарын нығайту үшін бөдене міндетті түрде олардың асхана мәзіріне кірген.  Әуел баста Алматыдан 100 бөдене әкелінді. Оны үлкен қиындықпен жеткіздік. Бөдене негізінен жұмыртқаны көп беретін құс.  Бір бөдене кү­ніне 30 грамм ғана жем жей­ді. Қосымша дәрумендер бері­леді. Қаз бен үйрек, тауық­қа қарағанда бөдене жиі жұмырт­қалайды. Жанаттың айтуынша, бөде­не­ден пайда та­буға бо­латын­дығына көз жеткіз­геннен кейін қаладағы жұмыспен қамту орта­лығының жетекшісі Мәу­ле­хат Шәкіровке барып, бизнес жобасын ұсынады. Сөй­тіп, алғашқы несиесіне де қол жет­кізіпті. Бүгінде ол кәсібі­мен облыс көлеміне таны­мал, әсіресе, Өскемен қаласы ең көп тапсырыс жасайды. Бұ­рын­дары тұрғындар бөдененің жұмыртқасын Ресейден әкеле­ді екен. Енді міне, Жанат Тасыл­баеваның арқасында олар алыс­тан арбаламай, жақыннан дорбалайтын мүмкіндікке жетті. Жанаттың айтуынша, бөде­ненің еті жұмсақ әрі жеңіл. Бұл құсты үй жағдайында да өсіріп, көл-көсір табысқа кенелуге болады. Бөдене өсіруді алғаш қолға алған жапондар екен. Қазіргі таңда дүниежүзінде жапон бөденесі, мәрмәр бөденесі, ағылшын бөденесі, фараон бө­де­несі атты төрт түрі өсіріледі. Бөдененің жұмыртқасы көп­те­ген сырқаттарға шипа. Әсі­ресе, адам организміндегі темір қалдықтары мен шлактар­ды тазартады. Тыныс жолы демік­песі, асқазан аурулары, жүй­ке, жүрек және тағы басқа ау­руларға пайдалы. Құра­мында фосфор, темір, калий, радионуклидтің пайдалы қоспалары бар. Қазақ халқына таңсық құс емес. Себебі, қазақ ертегілерінде жиі айтылады. Еті холестеринсіз, жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы жеткілікті, микроэлементтерге бай. Жанат Тасылбаеваның бизнесіне күйеуі Сағидолла Тасылбаев пен ұлдары Тайбек пен Әлибектер көмектесуде. Алдағы уақытта бөденеден басқа қоянның калифорниялық тұқымын, ор қоянды да өсірсем деп армандайды кәсіпкер келіншек. Ор қоянның терісі ғана емес, еті де пайдалы екен. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.