Кездесуге қатысушылар журналистиканы дамыту, бұқаралық ақпарат құралдарының жас қызметкерлерін, блогерлерді және жаңа кезең журналистерін қолдау мәселелерін талқылады. Нұртөре Жүсіп қазіргі қоғамның іргетасы сапалы ақпарат екенін атап өтті. Ақпарат таратудың негізгі құралының бірі ретінде мерзімді баспасөз қоғамдық пікір қалыптастыруда, өзекті оқиғаларды жариялауда маңызды рөл атқарып келеді.
«Газеттер мен журналдар білім көзі ретінде және адам құндылықтарын қалыптастыруда қоғам өмірінде маңызы зор. Мемлекет тиісті заңдарды қабылдауда және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуын белсенді түрде қолдап келеді. Парламент қабылдаған «Масс-медиа туралы» заң – осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Ол бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қолданыстағы бірнеше заңның ережелерін біріктіріп отыр. Онда мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына арналған грант арқылы мемлекеттік ақпарат саясатын қаржыландыруды жетілдіру, сұрақтарды қарау мерзімін қысқарту, журналистің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдік беру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өзін-өзі реттеуі және журналистің әдеп кодексін әзірлеу жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңес құру сияқты өзгерістер бар. Бұл заң еліміздің медиа кеңістігін дамытудағы маңызды қадам болып отыр», деді Нұртөре Жүсіп.
Тараптар журналистерді даярлау, мамандық этикасы және журналистикада жасанды интеллектті пайдалану келешегі мәселелерін де талқылады.