Білім • 09 Тамыз, 2024

Зерделі өрендер жетістігі

193 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді жеті олимпиа­да бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Аталған білім бәйгелерінде біздің оқушыларымыз жүлде алып, үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, Қазақстанның ұлттық құрама командасы жақында Сауд Арабиясының ­Эр-Рияд қаласында өткен IChO-2024 Халықаралық химия олимпиадасында қос алтын, бір күміс және бір қола медаль­ алып, жоғары нәтиже көрсетті. Одан бөлек, Гонконгте өткен IEO-2024 халықаралық экономика олимпиадасына қатысқан бес оқушымыздың бесеуі де жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты.

Зерделі өрендер жетістігі

Елге жеңіспен оралған оқу­шыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жас дарын иелерінің алдағы уақыт­та да білімнің биік шыңын бағын­ды­ра берулеріне тілектестік білдірді.

«Еліміздің құрама командасы үшінші жыл қатарынан осынау беделді турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізгені қуантады. Биыл сіздер екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, білім деңгейлеріңіздің өте жоғары екенін көрсеттіңіздер. Осы арқылы отандық білім беру саласының халықаралық ғылымдағы беде­лі зор әрі бәсекеге қабілетті еке­нін дәлелдедіңіздер. Бұл ретте ұстаз­дар мен ата-аналардың сіңірген еңбегі ерен. Сіздердің жеңістеріңіз еліміздің дамуы­на қызмет ететін кәсіби жетістіктерге ұласатынына сенімдімін», деді Президент.

IChO Халықаралық химия олим­пиадасының мақсаты – мектеп оқушы­лары­ның бүкіл әлемдегі химия ғылым­дарына деген қызығушылығын арттыру. Аталған білім сайысы жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары сынып оқушылары арасында өтеді. Биылғы бәсекеге 90 елден 333 бала келген. Айта кетерлігі, әр мемлекеттен әрі кетсе төрт оқушы ғана қатыса алады.

Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақ­­­стан ко­ман­дасының құра­мында Павлодар қа­ла­сы­ның дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11-сынып оқушысы Ринат Елеусізов, Астана қаласындағы физика-математика бағы­тындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің 11-сынып оқушысы Кирилл Ким, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Абы­лай Кабдулхадыр, Ақтау қаласы, «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сы­нып оқушысы Әділжан Молдағұл бар.

Қазақстан құрама коман­да­сының жетекшісі Санжар Бег­да­йырдың айтуынша, биылғы нәтиже – рекордтық көрсеткіш.

«Сайыс өте тартысты өтті. Есептер әрі қызық, әрі қиын. Айта кетерлігі, еліміз дәл осы Химия олимпиадасынан үш жыл қатарынан алтын медаль алып келеді. «Чемпион болу қиын. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын» дегендей, биыл да оқушыларымыз ел үмітін ақтап, бірін­ші орынға ие болды. Ең қуаныштысы, осы жылы біз елге бір емес екі алтын медальмен оралдық. Бұл – он жылдан кейін қайталанып тұрған рекордтық нәтиже. Өйткені алтыннан бөлек, күміске де, қолаға да қол жеткіздік», дейді С.Бегдайыр.

Құрама команда мүшелері Олим­пиаданың алдында Оқу-ағар­ту министр­лігінің, «Дарын» рес­публикалық ғы­лы­­­ми-прак­­тикалық орта­лығы­ның қол­дауы­мен бірне­ше респуб­ликалық және халық­аралық оқу-жаттығу жиынына қатысып, білімдерін шыңдаған. Содан кейін жүздеген оқушыдан үздік төртеуі іріктеліп, әлемдік додада бақ сынады.

«IChO Халықаралық химия олимпиадасына Қазақстан құрама командасы алғаш рет 1999 жылы қатысты. Содан бері озат оқушыларымыз 10 алтын, 35 күміс, 48 қола және 4 құрмет грамо­тасына қол жеткізіп, бар­лығы 97 марапатқа ие болды», дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Айта кетейік, халықаралық ірі олим­пиа­­даларда жеңіске жеткен оқушыларға елі­­міздің жоғары оқу орындарына кон­курс­тан тыс грантпен оқуға түсуге мүм­кін­дік бері­леді. Сондай-ақ ақша­лай сыйақы төле­неді әрі оқушыларды дайын­даған тәлім­­гер­леріне де марапат қарас­тырыл­ған. Білім бәйгесінің берен­деріне мем­ле­кет­тік қол­дау­дан бөлек, қоғам тарапынан да қоше­мет қажет-ақ. Осы турасында Мә­жі­ліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеу­меттік желідегі парақшасында біздің жас таланттарымызға қоғамның қолдауы мен мойындауы керек­тігін жазды.

«Олар әлемдегі ең қиын және ең беделді олимпиадалар­да жеңіс­ке жетіп жатыр. Тек кейінгі бес жылда олар әлемдік олимпиадаларда 1 320 медаль жеңіп алды.

Бұл – керемет, таңғажайып жетіс­тіктер. Олар елдің құрметі мен қошеметіне лайық. Егер біз дамыған мемлекет болғымыз келсе, әлемдік интеллектуалды олимпиадаларда өз ақылымен, табандылығымен және еңбегімен жеңіске жеткендерді де іс жүзінде мойындап, қоше­меттеуіміз керек. Президент мектеп оқушыларын ерекше қолдап отыр. Жақында біз, депутаттар, осындай балалардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант алуына мүмкіндік беру үшін жаңа түзетулер енгіздік. Кезінде академиялық адалдық қағидаттарын енгізіп, шынайы мықты балаларды іріктеу жүйесін дамытқан­ның, оларды қолдап, жүйелі шараларды қабылдағанның негізінде нәтижесін көріп отырмыз. Бұған қоса, жас таланттары­мызға қоғамның қолдауы мен мойындауы қажет. Жас зияткерлерімізді қолдайық, спортшыларымыз секілді оларды да мақтан тұтатынымызды білдірейік», деді А.Аймағамбетов.

о

Сөз басында Химия олимпиадасынан бөлек, оқушыларымыз IEO-2024 халықаралық экономика олимпиадасында да топ жарғанын айтқан едік. Гонконгте өткен байқауға әлемнің 53 елінен 250-ден астам оқушы қатысты. Солардың арасында еліміздің намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлделі болып, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, күміс медальға Ақтөбе қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айдархан Жұбатқан мен Алматы облысы «Дана» мектебінің 10-сынып оқушысы Жәңгір Елжанов ие болды. Ал қола медальға қол жеткізген оқушыларымыз – Алматы қаласы №165 мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Әлия Мұсаева, Астана қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқу­шысы Томирис Ыдырысбаева, Қара­ғанды қаласының химия-биология бағы­­тын­дағы Назарбаев зияткерлік мек­те­бінің 9-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан.

Команда жетекшісі Нұр­сұлтан Нұр­мұха­новтың айтуынша, Қазақстан құра­масы былтыр 22-орында болса, биыл 9-орын­­ға көтерілді. Бұл – айқын нәтиже.

«Қатысушылардың бәрі жүлделі болу деген – ол өте сирек кездесетін жағдай. Бұл Олимпиадада 53 елдің тек тоғызы осындай нәтиже көрсетті. Өткен жылмен салыстырсақ, биыл 13 сатыға жоғары­ладық. Нақтырақ айтсақ, алдыңғы жылы командалық есепте 22-орынға тұрақтаған едік. Ал биыл 9-орынға көтерілдік. Оқу-жаттығу жиынын наурыз айында баста­дық. Мамырға дейін үш кезеңнен тұратын іріктеу өткіздік. Бірінші кезеңге 2000 адам қатысса, екінші айналымға 200 қатысушы өтті. Солардың арасынан үшінші кезеңге тек 45 оқушыны алдық. Қырық бестің өзінен ең мықты деген 10 оқушыны таңдап алдық. Бұл іріктеудің бәрі онлайн болған. Кейін 10 оқушымен жүзбе-жүз кездесіп, бизнес-кейсті шештік. Мінекей, солардың арасынан бесеуі Ұлт­тық құраманың сапына қосылды. Нәти­же­сінде, өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл жеңісті жолымыздың бастауы ғана. Бұ­йырса келесі жылы бұдан да биік жетіс­тік­ке жетеміз деген ойдамын», деді Н.Нұр­мұханов.

Айта кетейік, олимпиада экономика, қаржылық сауаттылық және бизнес-кейс деген үш бағытты қамтыған.

Екінші орын иегері Айдархан Жұбат­қанның айтуынша, осындай халықаралық сайыстардан соң, елімізде экономика пәніне қызығушылық артатыны сөзсіз.

«Тапсырмалар теориялық білім­ді емес, практикалық қабі­лет­терді тексеруге бағыт­талған. Сайыс­тың осы шарты қиын болса да, қызық әрі пайдалы. Осындай жетіс­тіктерден соң, елімізде эко­но­мика пәніне көбірек ден қойы­лады деп ойлаймын», дейді ол.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Қазақстан оқушы­лары ең үздік халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, ұлттық құраманың қоржыны 424 медальмен толықты. Оның ішінде 50 алтын, 158 күміс, 216 қола медалі бар. Жас дарын­дар­дың осынау жетістігі бірнеше жылғы еңбегінің жемісі екені анық.