Құқық • 08 Тамыз, 2024

Қаһарман полицейдің есімі ұлықталды

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Ақтөбе ­облысына барды. Іссапар барысында полиция депар­та­ментінің жеке құрамымен кездесу өткізді. Жиында министр­дің орынбасары жұмыстың ауқымдылығын атап өтіп, қо­ғам­дағы қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күрестегі мін­дет­терді тағы бір мәрте түсіндірді. Сондай-ақ ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімін ұлықтау рәсіміне қатысты.

Қаһарман полицейдің есімі ұлықталды

Басқосуда Айдар Сайтбеков құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мәсе­лелеріне егжей-тегжей тоқталды. Сөз арасында ол қоғам алдында полиция отандастарымыздың сенімді әрі қорғаныш тірегі ретінде қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сындағы мәселелерді бір­ле­сіп анық­тау және шешу үшін поли­цейлер­дің азаматтармен тиімді серіктестік қарым-қатынас орнатуы қажет. Әрбір тәр­тіп сақшысы антқа адал болуы керек, күнделікті жұмыста заңды қатаң ұстануы керек», деді Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары.

Іссапар барысында өкіл Шұбаршыда қаза болған арнайы жасақ жауынгері Руслан Жолдыбаевтың атындағы кабинет ашылуына қатысты. Батырдың ерлігі мен жанқиярлығын айшықтау және мәңгі үлгі ету мақсатында өткі­зілген шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ІІО ардагерлері, облыс әкімінің орынбасары, мектеп ұжымы, батырдың отбасы – анасы, жары мен қызы, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары қатысты.

«Қазақта «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын» деген қанатты сөз бар. Елім деп езіліп, жанын қиған Русланның ерлігі – бойымызда шексіз құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатса, екінші жағынан оның қайғылы қазасы қабырғамызды қайыстырады. Ел үшін туып, ел үшін жанын қиған еріміздің есімін ұлықтау және үлгі ету мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ашылып отырған бұл сыныптың өрендері болашақта еліне адал қызмет ететін азаматтар боларына сеніміміз мол», деп Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов батырдың анасы мен отбасына қолдау сөздерін арнап, алғысхат пен гүл шоқтарын табыстады.

Ақтөбе облысы ПД арнайы мақ­саттағы бөлінісінің аға инспекторы Руслан Баққалиұлы Жолдыбаев 2011 жылдың 1 шілдесінде Темір ауданында екі полиция қызметкерінің өмірін қиған қарулы діни эстремистік сипаттағы қылмыстық топпен бетпе-бет атыс кезінде жолдастарын қорғай отырып, ауыр дене жарақатын алса да, жолдастары шегінгенше атысты тоқ­татпай, қандықол қылмыскерлер қолынан ерлікпен қаза тапқан. Кейін Президент Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталды.

«Қайсар болмыс пен антына­ адалдықтың айқын үлгісі болған Рус­лан Жолдыбаевтың ерлігі мәңгі есте. Осы мақсатта өзі оқыған Ақтөбе қала­сындағы №13 орта мектепте батыр­­дың атында алғашқы әскери дайын­дық сыныбы ашылып отыр. Бұл – ең алды­­мен, өкше басып, аға буынның ізін жал­ғайтын жастарға үлгі өнеге. Әрі есепсіз ерлікті тарихта қалдырудың бір тетігі», деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

6-сыныптың 25 оқушысы тәжірибелі тәртіп сақшыларының алдында мақ­танышпен әрі толқыныс сезімімен салтанатты түрде адалдық антын беріп, Руслан Жолдыбаев атындағы сыныпқа ресми түрде қабылданды. Сонымен қатар іс-шарада полиция департаментінің және №13 орта мектептің басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы ауқымды жұмыстың бірлескен бағытын айқындады.

Айта кетейік, тәуелсіздік алған жылдардың ішінде елімізде Ішкі істер органдарының 817 қызметкері қызмет бабында қаза болған.