Көрме қытай фарфоры өнерін жан-жақты көрсетіп, оның тарихы мен стилі жайлы сыр шертеді. Алуан түспен көмкерілген өрнектер құмыралар мен тостағандардың шынайы шеберлер қолынан шыққан бағалы жәдігер екенін айғақтап тұр. Әсем фарфорлардағы бірегей қолтаңба ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан бірегей әдістердің өзегі тәрізді. Көрме қонақтары «Әлемнің фарфор астанасы» атанған ежелгі Цзиндэчжэнь шаһарының тынысымен танысып, қытай елінің мәдени мұралары туралы мол мағлұмат алды.
«Өнер ұлтқа бөлінбейді. Ол – шекарасы жоқ шексіз әлем. Өмір сүру салты, таным-түсінігі бір-бірімен мүлде қабыспайтын халықтар өнер мен мәдениет арқылы жақындасады. Сол арқылы ынтымақтастық орнатады. Қытай фарфоры көркемдік бейнесімен және өндірістік технологиясының жоғарылығымен танымал. Музейде өтіп жатқан фарфор өнері көрмесі «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге, достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», дейді еліміздің Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова.
Бірегей өнер жәрмеңкесін Алматы қаласының сауда және инвестиция палатасы мен Қытай керамикалық саяхатын ұйымдастыру комитеті бірлесе ұйымдастырған. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Цзянси провинциясында орналасқан Цзиндэчжэнь әлемдік қыш өнерімен танылып, мыңжылдық фарфор жасау мәдениетінде бай тарихқа ие. Шаһардағы фарфор орталығы атақты Таң әулетіне (б.з. 618–907) тиесілі. Өнертанушылардың айтуынша, фарфор жасау шын мәнінде Сун әулеті (960–1279) кезінде өрістеген. Ол тұста император сарайына жоғары сапалы фарфор жеткізумен айналысқан шеберлер әлемге танылыпты.
Көрме қонақтары қытай фарфорының тарихын, жасалу әдісі мен халықтың мәдени көзқарасын тереңірек түсінуге, сондай-ақ дәстүрлі қытай мәдениетінің ерекшеліктерін сезінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар көрме екі елдің суретшілері, қыш шеберлері мен ғалымдары арасында ой-пікір және тәжірибе алмасу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Өнер жәрмеңкесі тамыз айының ортасына дейін жалғасын таппақ.
АЛМАТЫ