Суретті түсірген – Серік МАЕМЕРОВ
Қазіргі таңда Ақтау қаласын жан-жақты дамыту мәселесі талқыланып, ұсыныстар тыңдалып, мамандар тарапынан сарапқа салынып жатыр. Жергілікті атқарушы билік тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін облыс орталығын соңғы үрдістерге сай көркейту бағытын басты назарға алған.
Маңғыстау облысында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай отандық және шетелдік жобалау компаниялары өкілдерімен бірге Президент тапсырмасына орай Ақтаудың урбанистикалық даму жоспарын талқылады. Басқосуда Түркия, Беларусь, Қазақстанның белгілі сәулетшілері Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын абаттандыру, қайта қалпына келтіру, дамыту бағытындағы ерекше жобаларын ұсынды. Жобалау компанияларының өкілдері «Самал» шағын ауданынан бастап «Солдат жағалауына» дейінгі аралыққа заманауи үлгіде саябақ, спорт алаңдарын, біркелкі стильде павильондар, құрғақ субұрқақ, ашық қоғамдық бассейн мен пирс салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар туристердің мекеніне айналған Ақтауды ұлттық нақышта айшықтап, қазақы құндылықты таныту мақсатында «Әуенді домбыра» атты үшсатылы монумент пен «Парус» кіреберіс стелласын орнатуды ұсынды.
«Ақтау еліміздегі даму мен мәдениеттің, сондай-ақ ұлттың тарихи байлығының теңіз жағасындағы шынайы көрінісі болуы керек. Бұл жұмыста ой мен қиялды, білім мен шеберлікті тоғыстыра отырып, Ақтаудың ажарын арттырамыз. Тың идеялар мен ұсыныстар әлі де сарапқа салынып, ең үздік деген жобалар іріктеледі», деген облыс әкімі Н.Қилыбай қала құрылысына жауапты тұлғалар мен сәулетшілерге ұсынылған жобаларды жинақтап, Ақтауды көркейтудің тұжырымдамасын жасауды тапсырды.
Туристер көп келетін маңғаз Маңғыстаудағы бірегей қала, теңіз жағалауындағы жалғыз қала – Ақтаудың ажары мемлекеттің мерейі, мәдениет пен тазалықтың, сондай-ақ ұлттық діліміздің көрінісі болуы қажет-ақ.
Маңғыстау облысы