Дүбірге толы дүние
Берлиннің ортасында 10 мың адам қатысқан митинг өтті. «Террорға қарсы шеру» деп аталатын бұл шарада Парижде болған террорлық әрекет айыпталып, жұртшылықты діни сабырға, бірлікке шақырған үндеу қабылданды. Бұл шара оны Германиядағы мұсылмандардың Орталық кеңесінің ұйымдастырғанымен ерекшеленді.
Қазір бүкіл әлемде «Шарли Эбдо» сатиралық журналының қызметкерлеріне қарсы жасалған террорлық қастандық, сондай-ақ, сол журналда Мұхаммед пайғамбарды әжуалаған карикатура жариялануы туралы әңгіме де көп, әрекеттер де көп. Қоғам екіге жарылғандай: біреулер террорлық әрекетті айыптаса, екіншілері журналды айыптайды. Бұл екі топтағылардың басты сипаты дінге де қатысты болып отыр. Басым жұртшылық исламистік экстремистердің террорлық әрекеттерін айыптаса, негізінен мұсылман қауымын біріктірген екінші топ журналда орынсыз карикатуралар жарияланбаса, экстремистер оларға тиіспес еді дегенді тұжырымдайды.
Берлиндегі мұсылман қауымының бастамашылығымен өткен митингте жағдай басқаша болды. Елдегі 28 мұсылман ұйымын біріктіріп отырған Орталық кеңес пен осындағы түрік қауымдастығы негізінен ислам экстремистерін айыптап, өз діндестерін сабырға, түсіністікке, бірлікке шақырды. Митингке келгендер бірлікке шақырған плакаттарды, сондай-ақ, әртүрлі діндердің символы саналатын кресті, жарты айды, Дәуіттің жұлдызын алып жүрді. Митинг имамның құран оқуынан басталды.
Ұйымдастырушылардың шақыруымен бұл шараға ел басшылары, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері келген. ФРГ президенті Гаук елдегі мұсылмандардың көпшілігі өздерін ерікті неміс қоғамының бір бөлігі санайтынын ризашылықпен атап өтті. Германиялық мұсылмандар «Террормен біз бірге емеспіз, бізді олар басқаларға қарсы қойғысы келеді, олардан біздің жолымыз бөлек» дегенді айтады. Президент Гаук мұсылман қауымының патриотизміне жоғары баға берді.
Германиядағы мұсылмандар Орталық кеңесінің басшысы Айман Мазиектің сөзі де президенттің сөзімен үндес естілді. «Экстремистердің біздің қоғамымызды іріткеніне жол бермейміз, біз – бір Германиямыз», деді ол. Митингке қатысқандар шараның соңында бір-бірімен қол ұстасып жүрді, сонысымен ел бірлігін паш етті.
Парламентте сөйлеген ФРГ канцлері Ангела Меркель елдегі жағдайға баға бере отырып, Германиядағы мұсылмандарды оқшаулауға да, олардың атына негізсіз айыптар айтуға да жол берілмейтінін үкімет атынан мәлімдеді. Бұл елде 4 миллиондай мұсылман бар. «Біздің конституциямыздың шегінде ислам дінін ұстауға кепілдік беріледі», деді канцлер. Сонымен қатар, ол Парижде болған террорлық әрекетті де қатты айыптады.
Сөйтсе де бұл елде де әсіре ұлтшылдық желігі жоқ емес. Мұсылмандарға қарсы сөздер де айтылып, әрекеттер елесі аңғарылып қалады. Тек үкіметтің ұстанған бағыты олардың жолын кесетінін айтқан жөн.
Өкінішке қарай, біраз елде антиисламистік, сондай-ақ, керісінше, исламистік желікке жол берілген, тіпті, оларды қолдағандай жағдай қалыптасып отыр. Оған белгілі дәрежеде сол ел басшылары ұстанған жаңсақ саясат та себепші. Діни желікті қоздырумен әділдікке жету мүмкін емес. Бұл желігу исламистерге де, ұлтшыл антиисламистерге де қатысты. Парасатқа жүгінгенде ғана түрлі дін өкілдерінің түсіністікпен өмір сүруіне мүмкіндік туады.
Өзбектер өз президентімен бір болатын сыңайлы
Жақында ғана Өзбекстанда парламент сайлауы өтіп, саяси күштердің ара-салмағы айқындалғандай еді. Сондай-ақ, бұл елде айта қалғандай саяси өзгерістің болмайтыны аңғарылған. Президент Ислам Кәрімовтің беделі мызғымай тұрғаны айқын еді.
Тіпті, елде билік президенттік-парламенттік сипаттан парламенттік-президенттік сипатқа көшкен күнде де Кәрімовтің беделіне нұқсан келе қоймайтыны күмәнсіздей көрінген. Өйткені, тікелей президенттің партиясы саналатын Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы ғана емес, парламенттен орын алған тағы да үш партия Ислам Кәрімов жүргізіп отырған саясатты қолдайтындықтарын білдірген.
Ел енді осындай қалыптасқан саяси ахуалмен президент сайлауына бара жатыр. Ол үстіміздегі жылдың 29 наурызында өтеді. Сайлау науқаны айтарлықтай саяси дабырмен өтетін де шығар, бірақ онда шын мәнінде саяси күрестің бола қоюы екіталай. Оның басты себебі – қазіргі биліктегі партияның атынан Ислам Кәрімов президенттікке қайта ұсынылып отыр. Бұл елде оған қарсы тұрып, өз бағдарламасын ұсынатын және көпшілікті соңынан ертетін тұлға, алда болса, болатын шығар-ау, дәл қазір жоқ екені белгілі.
Заң бойынша бұл елде президенттікке кандидатты тек тіркелген партиялар ғана ұсына алады. Кешегі парламентте орын алған төрт партия да Кәрімовке оң қарайды. Оны ұсынған либерал-демократтар қазіргі президентті барынша жарнамалайтыны анық. Ал өзге партиялар да өз кандидаттарын ұсынғанмен, қазіргі президенттің атына қатқыл сын айта қоймайтыны, өз адамдарын жеңіл насихаттаумен шектелетіні және анық.
Ислам Кәрімов 1989 жылы Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы болып сайланса, бір жылдан кейін оны Жоғарғы Кеңес президент етіп сайлады. Содан кейін 1991, 2000 және 2007 жылдарда жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен. 2002 жылы жалпыхалықтық референдум өтіп, оның президенттік өкілеттігі ұзартылған. Сөйтіп, ол 2007 жылы жаңа мерзімге сайланды. Енді тағы да сайлануға толық құқылы.
ЛДП өз ұсынысын президенттің басшылығымен қол жеткен табыстармен негіздейді. Ең бастысы – елде тыныштық бар. Сол жақсылықтар жалғаса беруі үшін басшылық тізгіні алда да Ислам Кәрімовтің қолында болғаны жөн деп есептейді либерал-демократтар. Бұл – президенттің соңғы сайлану мүмкіндігі. Содан да нағыз күрес келесі сайлауда болмақ.
Оппоненттер дегенде, ол бір жағы сайлау демократиясының бір талабы екенін де естен шығармау керек. Сайлау баламалы болуы шарт. Халықтық-демократиялық партия өзінің Орталық кеңесінің төрағасы 45 жастағы Хатамжон Кетмоновты, «Ұлттық жаңғыру» партиясы парламент комитетінің жетекшісі, белгілі заңгер-ғалым 56 жастағы Акмал Саидовты, ал «Әділет» социал-демократиялық партиясы өзінің саяси кеңесінің төрағасы 62 жастағы Нариман Умаровты ұсынып отыр. Бұлардың ешқайсысы да қазір президентпен тайталасуды ойламайтыны белгілі. Сірә, Кәрімовтен қалған 15-20 пайыз дауысты бөлісуді ойлайтын шығар. Содан көбірек үлес алып жатса, ол да аз олжа болмас. Болашақ үшін керек болады. Бес жыл деген өте шығады. Әзірге таңдау – Кәрімов.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.