Сірә, әр ұлтқа біртуар дананы Жаратқанның өзі бұйыртады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деп атап көрсеткені мәлім. Ақын болмысындағы ерек тумыс – оның кенен отаншылдығы, халқын терең сүюі. Әлемде ұлы ақындар көп десек те, ұлт ақындары аз. Ұлтты сүю арқылы ғана адамзаттық өлшемнің баспалдағына қадам басуға болады. Ал елшілдік қасиет – ана сүтімен келетін адамшылық арнасы. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деп қам жеген отаншыл ақын халқымен бір тұтасып кеткен.
Бүгін ұлт руханиятының қалыптасу жолына үңілсек, Абай жолы, Абай ізі сайрап жатыр. Абай мұрасында, сол мұрадан бастау алған Алаш идеясында, азаттық арманынан жаралған 50–60-жылдардағы «жылымық» сәулесінде, сол сәуледен қуаттанған желтоқсан рухында кез келген сын-қатерге төтеп беретін мыңжылдық ерік-жігеріміз бен жасампаз сенім мен үмітіміз тұр.
Абай – даналық биігі. Абай – елдіктің темірқазығы. Президентіміз айтқандай, Абай – рухани реформатор.