Жылыжай мегаполис іргесіндегі «Бозарық» индустриялық аймағында салынады. Ол қызанақ өсіретін Қазақстан былай тұрсын, Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай кешендерінің бірі болмақ. Мамандардың айтуынша, жобаның инвестициялық құны – 650 млн доллар. Кешеннің жалпы ауданы – 650 гектар.
Шаһар басшысы өз сөзінде жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда айтып өткен инвестиция тарту, егін шаруашылығына су үнемдейтін озық технологияларды енгізу секілді тапсырмаларды орындауда бұл жобаның маңызы ерекше екеніне тоқталды.
«Ел айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті тұр. Өнім өңдеуге ынталандыру үшін салық саясатын қайта қарау маңызды», деді мегаполис басшысы.
Жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері негізінен шаһардың базарлары мен сауда нүктелеріне, содан соң еліміздің өзге аймақтарына жөнелтіліп, шетелге де экспортталады. Экономикалық дамудың басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болса, бұл жоба сол міндетті өз деңгейінде атқарып шығады деген сенім мол. Бұрын көп жағдайда қызанақ пен басқа да жылыжайда өсетін ауыл шаруашылығы өнімдері сырттан келетін еді. Енді мегаполис осы жоба арқылы импорттаушы емес, экспорттаушы аймаққа айналуға ниетті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қаланың өзін ғана емес, тұтас республиканы бағасы арзан, экологиялық таза, нағыз табиғи өнімдермен қамтамасыз етеді деген үміт басым.
Инвесторлар құрылыс мерзімін қысқарту үшін Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар жоба аясында халықаралық стандартпен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мамандандырылған академия да есігін айқара ашады.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, бүгінде қала аумағында 19 өнеркәсіптік және 28 фермерлік жылыжай бар. Олардың жалпы аумағы 100 гектар аумақты құрайды. 2023 жылы өнімділікті арттыру мақсатында жылыжайларға мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар биыл егін шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн теңге қаржы қаралған. Оның ішінде:
- минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға – 122 млн теңге;
- тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 20 млн теңге;
- пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға 600 мың теңге бөлінді.
Одан бөлек, былтырдан бастап жылыжайда өсірілетін көкөніс дақылдарының маусымаралық айналымы кезеңінде электр энергиясы, көмір мен газ шығындарының 20 пайызын субсидиялау қайта қолға алынды. Былайша айтқанда, бір кездері төленіп келген гектарлы субсидиялау қаражаты диқандарға қайтадан беріле бастады. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының таратқан мәліметіне сүйенсек, өнеркәсіптік жылыжайдың 1 гектарына 8 млн, фермерлік жылыжайдың 1 гектарына 4 млн теңге субсидия қаралған. Гектарлы субсидия дегеніміз, міне, осы. Яғни диқан 1 гектар аумаққа жылыжай өнімін ексе, жоғарыда аталған көлемдегі қаражатты міндетті түрде субсидия есебінде алады. Ол қаржы мемлекет есебінен диқанның жылыжайды жылытуға кеткен шығынын өтеу үшін төленеді.
Өнеркәсіптегі 8 млн мен фермерлік жылыжайға арналған 4 млн теңге субсидия – тұрақты баға. Егін салған диқанның әрбір гектарына қарай осы бағадағы субсидия беріліп отырады. Өткен жылы жылыжай шаруашылығымен айналысатын мегаполис фермерлеріне гектарлы субсидиялау қаражатын беру үшін қазынадан 768 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Жалпы, агроөнеркәсіп – дотациялы сала. Қай заманнан бері осылай келе жатыр. Тек біздің ел емес, дүниежүзінің барлық мемлекетінде ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауымен өмір сүріп келеді. Өйткені бұл сала табиғат пен климатқа қатты тәуелді. Тәуекелі көп сала болғандықтан өнім де, табыс та құбылмалы болып тұрады.
Біздің елдің фермерлерге көрсетіп жатқан қолдауы жыл сайын жүйеленіп келеді. Былтыр ғана жылыжай шаруашылығы иелерінің қаншама жыл айтып келген өтініш-тілектері қанағаттандырылып, гектарлы субсидиялау төлемі қайтадан іске қосылды. Сарапшылар сөзінше, ендігі жерде мемлекет осыншама көмек көрсетіп жатқан соң, шаруалар да соған қарсы қадам жасап, бағаны арзандатқаны дұрыс сияқты. Бұрын жылыжайда қызанақ, қияр өсіретін диқандар Өзбекстан, Түрікменстаннан келетін өнімдер өте арзан, сондықтан баға жағынан бәсекелесе алмай жатырмыз дейтін. Енді фермерлер жеткілікті деңгейде көмек ала бастады. Субсидия арқылы шығындарын жапты. Соған орай шамалы бағаны түсіріп, көрші мемлекеттердің арзан өнімдеріне бәсекелестік туатын шығар деген үміт те жоқ емес. Ал арзан баға үшін болған бәсекелестік бәрінен бұрын қарапайым халықтың қалтасына тиімді. Үкіметтің жасап отырған экономикалық саясатының бір бағыты осы болса керек.
ШЫМКЕНТ