Спорт • 10 Тамыз, 2024

Дерек пен дәйек

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда өнер көрсетіп жүрген спортшылар арасындағы ең атақтысы АҚШ-тың өкілі Кэти Лэдекин екені даусыз. Орта және ұзын қашықтыққа жүзетін 27 жас­та­ғы Вашингтонның тумасы Парижде 1 алтын, ­1 күміс және 1 қола медальды иеленді. Оған дейін ол 2012 жылы Лондон, 2016 жылы Рио-де-Жанейро және 2021 жылы Токиодағы додаларда олжаға кенелді. Қазіргі кезде Кэтидің қоржынында 9 алтын, 4 күміс және 1 қоласы бар. Сөйтіп, Лэдекин Олимпиадада ең көп жүлде алған спортшылар тізімінде үшінші орынға көтерілді. Оның алдында тек америкалық жүзуші Майкл Фелпс (23 алтын+3 күміс+2 қола) пен КСРО гимнасшысы Лариса Латынина (9+5+4) орап тұр.

Дерек пен дәйек

Фото: dzen.ru

  • Филиппиндік гимнаст Карлос Юло Париж Олимпиадасында екі жаттығу бо­йынша алдына жан салмай, алтын тұғырдан қол бұлғады. Оған дейін аталған мемлекеттің бірде-бір ер спортшысы ғаламдық бас жүлде алмаған. Сол көшті Юло бастады. Оның еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, сыйақы ретінде 52 000 доллар көлемінде қаражат пен толық жабдықталған екі бөлмелі пәтер берілді. Оған Спортшыларды ынталандыру қорынан 174 360 доллар бөлінді. Сонымен қатар әп-сәтте Ұлттық батырға айналған саңлақ өмір бойы өзі қалаған мейрамханадан тамақты тегін ішіп, дәріханалар мен ауруханалардың қызметін тегін пайдалануға құқылы. Және де оған ең қымбат маркалы телефондар, көліктердің қосымша бөлшектері, тұрмысқа қажетті заттар мен құрал-саймандар ақысыз берілетін болды.

 

  • Франциялық Леон Маршан Олимпия ойындары барысында 200 метр­ге брасс және баттерфляй әдісімен жүзуде бас жүлдені олжалады. Екі ретінде де ол олимпиадалық рекорд орнатты. Бұған де­йін жер-жаһандағы ешбір жүзуші ондай көрсеткішке қол жеткізе алмаған еді. Тіптен даңқы жер жарған Майкл Фелпстің өзіне ондай бақ бұйырмаған. 22 жастағы Тулузаның тумасы 200 және 400 метрге кешенді жүзуде де алдына жан салмай, 4х100 эстафетасында қола медальды иеленді.

 

  • Францияның бас шаһарында 57 кг салмақта жұдырықтасқан Мұнарбек Сейітбекұлы жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл – Қырғызстанның бокс тарихындағы Олимпиаданың тұңғыш жүлдесі. Қазіргі кезде әлеуметтік желіде рингтің бұрышындағы Мұнарбекке ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Тологонұлымен бірге өзбек маманы Ақмал Хасановтың да секундант ретінде жәрдемдесіп жүргенін байқауға болады. Себебі Қырғызстанның Ұлттық Олимпиада комитеті боксшының жеке жаттықтырушысы Беканас Сұлтанбаевқа аккредитация бермей, оны елде қалдырып кетті. Жалғыз өзінің қиналып жүргенін байқаған Өзбекстанның өкілі әріптесіне көмекке келді. Бұл көрініс журналистердің назарынан тыс қалған жоқ. Бауырлас түркі халқының ауызбірлігі мен бір-біріне деген шынайы жанашырлығына тәнті болған БАҚ өкілдері арнайы ролик түсіріп, соны жер-жаһанға ғаламтор арқылы таратып жатыр.