Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Тұрғын халық саласындағы (ЮНФПА) қорының Орталық Азия елдері жөніндегі кеңсесінің директоры Николай Ботевпен кездесті.
Мемлекеттік хатшы қордың Қазақстан халқының тұрақты дамуы мен әл-ауқатының артуындағы елеулі үлесін атап өтіп, оның атқарып жатқан істеріне ризашылығын білдірді. Сіздер Қазақстан аумағында 1992 жылдан бері қызмет етіп келесіздер.
Осы жылдарда халық өмірінің тұрақты дамуы мен өсуіне өздеріңіздің үлестеріңізді қосып, бірнеше жобаны іске асырдыңыздар. Сондай-ақ, сіздер оралмандардың, жастар мен жасөспірімдердің, әйел-аналардың да жағдайын зерттеудесіздер. Соның ішінде, бірнеше облыста 13-16 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға болашақ әйел-ана ретінде өсу мен қалыптасуға қаншалықты жағдай барын қадағаладыңыздар. Әсіресе, соңғы бес жылда жүзеге асырған жобаларыңызға жоғары баға бере аламыз. Егер 2008-2009 жылдары 100 мың адамға шаққандағы ана өлімі 36,8 адам болса, сіздердің осы істі зерттеп, соның арқасында біз өкімет көмегін ұйымдастыруымыздың арқасында бұл сан соңғы жылы 11,5 адамға дейін төмендеді. Алдағы уақытта да осындай игілікті жұмыстарды бірлесе атқаратынымыздан үміттіміз, деді Г.Әбдіқалықова. Өзі тарапынан Н.Ботев Мемлекеттік хатшыға қор жұмыстарына жоғары баға бергені үшін ризашылығын білдірді.
Кездесуден шыққан соң Н.Ботев журналистерге брифинг берді. Біздің қорымыз Қазақстан тұрғындары үшін негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Ол халықтың өмір сапасы бойынша қалыптасқан үрдістер, өсім динамикасы және демография. Сондай-ақ, ананың денсаулығын сақтау, бала өлімінің азаюы мәселелерін де қарастырамыз. Ана денсаулығын сақтау мәселесінде Қазақстан соңғы жылдары жақсы нәтижеге жетіп келеді. Біз Мемлекеттік хатшымен алдағы уақыттағы осы бағыттарда атқаратын жұмыстарымызды талқыладық, деді ол.
Кездесуге аталмыш қордың Қазақстандағы атқарушы өкілі Р.Сисемәлиев, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен қатысты. Л.Сүлеймен де журналистерге аталмыш қордың жұмыстары туралы пікірін білдірді. Бұл қор еліміздің мемлекеттік органдарымен тығыз байланыста. Соның ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктері, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Статистика агенттіктері бар, деді ол.
Өткен жылы мемлекеттік органдар осы қормен бірлесіп, бірнеше жобаны табыспен жүзеге асырыпты. Соның ішінде отбасын жоспарлауды жақсарту, әйелдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, оралмандармен жұмыс және мигранттар мәселесі бар екен.
Мемлекеттік хатшыдағы кездесу қорытындысы бойынша алдағы уақытта да Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының аясында халықтың әлеуметтік тұрмысының көкейкесті мәселелерін бірлесе шешу жолдарын жалғастыру туралы келісілді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».