Аймақтар • 13 Тамыз, 2024

Күршім көпірі түйісті

172 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұқтырма су қоймасының қос жағалауынан басталған көпір құрылысы түйісіп, көпшілікті қуантты. Айта кетейік, Пре­зиденттің тікелей тапсырмасымен салынып жатқан көпір бір емес, төрт ауданды облыс орталығымен жалғайды.

Күршім көпірі түйісті

Ны­сан осы жыл­дың желтоқса­нында толығымен аяқта­лады. Алайда мамандардың ай­туынша, көліктерге қазан айынан бас­тап жүруге рұқсат берілмек. Көпір құрылысы бас­талғанда-ақ шығыс жұрты малақайларын аспанға атып қуанған. Әсіре­се аралда қалып қойғандай күй кешіп келген Марқакөл, Күршім аудандары халқының қуанышы алабөтен. Ала жаздай су бетінде қалықтап пароммен қатынасатын. Қыстың күні жандарын шүберекке түйіп, мұзбен жүретін. Мезгілдің өлара шақтарында Алтай ауданын айналып, облыс орталығына жетер еді. Қысқасы, жолдың машақатын елу жылдан астам уақыт көріп келген. Енді еліміздегі ең ұзын өткел – Бұқтырма көпірімен қатынайтын күн де алыс емес. Ұзындығы 1 316 метр болатын көпір Күршім мен Самар аудан­дарын байланыстырып тұр.

2019 жылдың 19 қыркүйегінде Прези­дент Бұқтырма су қойма­сынан өтетін көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырған. Көп ұза­май тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында нысан құрылысы басталды. 

Құрылыс жұмыстары бас­тал­ған соң 2022-2023 жылдары құрылыс мате­риалдары мен жанар-жағармай баға­сы қымбаттап, маңызды жобаға түзету енгізіл­ген болатын. Сөйтіп, оның құны екі есе өсті.Екі жолақты көпірдің ені – 12,2 метр, ал биіктігі – 18 метр. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өтеді. Көпірдің стра­тегиялық маңызы зор. Ол аймақтың әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуына ықпал етеді.

Көпір құрылысы Күршім және қай­тадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына барынша оң әсерін тигізбек. Айта кетейік, көпірді салу жұмыстарын толығымен отандық мердігер жүзеге асырып жатыр. Құрылысқа еліміздің бірқатар өңірінен инженерлер тартылған. Ал негізгі жұмыстар жергілікті мамандарға жүктелген.

«ҚазАвтоЖол» мекемесі облыстық филиалы директо­рының орынбасары Алмас Қасеновтің айтуынша, аралық құрылыстарды монтаждау жұ­мыстары толығымен аяқталды. 21 тірек орнатылды, оның ішінде 20-сы – негізгі тірек. 512 метрге дейін екі қабат асфальт төселген. Енді нысанның қалған бөлігін арматуралау және бетондау жұмыстарына кезек келді.

– Көпірге кіреберіс жолдар да салынып жатыр. Самар ауданында көпірге дейінгі жол учаскесінің ұзындығы 17 ша­қырым 200 метр болады, оның 10 шақырымына асфальттың бірінші қабаты төселген. Күр­шім ауданындағы учаскенің ұзындығы – 1 ша­қы­рым 300 метр, – дейді дирек­тордың орынбасары Алмас Қасенов.

Жуырда стратегиялық маңызға ие нысанды Премьер-министр Олжас Бектенов те тексеріп кетті.

– Қазір көпірдегі кө­лік қозға­лысын іске қосу үшін жұ­мыстарды тезірек аяқ­тап, бұған барлық күшті жұмылдыру ке­рек. Көлік-логис­тика саласы елі­міздің эконо­мика­лық дамуының қоз­ғау­шы күш­терінің біріне айналуға тиіс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек, – деді Олжас Бектенов.

Қос жағалаудан бастал­ған құрылыстың қарқыны жоға­­ры. Осылайша, Президент­тің тапсырмасымен басталған ірі жо­ба аяқ­талуға жақын. Құры­лыс биыл желтоқ­санда халық­қа толығымен қолданысқа б­еріледі.

 

Шығыс Қазақстан облысы