Пікір • 13 Тамыз, 2024

Салдармен емес, себеппен күресу қағидаты

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені­мен Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті. Әр басқосуда көтерілген өзекті мәселелермен қатар, қоғамның құнды­лық­тарына айналуға тиіс ұғымдарға баса назар аударылды. Олар – адал азамат, адал адам, адал табыс. Бұл тү­сініктер Әділетті Қазақстан құру идеясымен ұштасады.

Салдармен емес, себеппен күресу қағидаты

Фото: qazdauiri.kz

Әділетті Қазақстан – мемле­кет­тік саясаттың түпкі мақсаты. Бұл тұжырымдама тек Жол­дау­лар мен жиындарда ай­тылып, қалыптасқан идея емес. Қа­сым-Жомарт Тоқаев Прези­дент лауазымына кіріскен сәт­тен-ақ алғашқы сөзінен әділдік қа­ғидатына иек артты. Міне, бү­­гінде адал азамат, адал адам, адал табыс ұғым­дары бү­кіл қо­ғам­­ның идеологиялық темір­қа­зы­ғы­на айналып үлгерді.

Қазір елімізде саяси, әлеу­меттік-экономикалық реформа­лар қарқынды жүріп жатыр. Әділетті Қазақстан идеясы негі­зінде биліктің ашықтығы ғана­ емес, отандастарымыздың үн­қо­суы нәтижесінде «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұ­­жырымдамасы жүйелі іске асы­­ры­лып келеді. Демек қазір жүйе мо­нологтен диалогке көшу үстінде.

Ең бастысы, заңның үстем­дігі, азаматтардың құқық­тары­­ның жан-жақты қорғалуы, адал сот төрелігі құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етті.

2023 жылғы 27 сәуір­де Қа­зақ­стан халқы Ассам­блея­сының сессиясында Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­ «Демократия туралы сөз қоз­ғағанда, тара­зы­ның бір жағында азаматтың құқықтары және бостан­дығымен қатар, оның міндеттері мен жауапкершілігі тұрғанын ешқашан естен шы­ғар­мауымыз керек. Еркіндікті жүгенсіздікпен шатастырмайық. Ал диалог мәдениетін әлсіздік деп қабылдамаған жөн» дей келе, «Бір адамның бостандығы шектелетін жерден, екінші адамның еркіндігі басталатыны ежелден белгілі. Ынтымағы жа­расқан қоғам құрамыз десек, біз заң мен тәртіпке мүлтіксіз бағынуымыз қажет. Бұл – Әді­летті мемлекет құрудың ең бас­ты қағидаты» екенін жеткізді.

Демек Әділетті Қазақстанды құру жолында тең құқылық қа­ғи­даты өте маңызды. Егер бұл идея берік орнықса, отандаста­ры­мыздың бәрі өзінің жеке әлеуе­тін жүзеге асыру үшін әлеу­мет­тік жағдайына, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан, бірдей құ­қық­тар мен мүмкіндіктерге ие болады.

Қоғамдық келісімді нығайту, саяси реформаларды жүйелі жалғастыру бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір әлемдегі түрлі геосаяси жағдайға бай­ла­нысты өзге мемлекеттер­де іріткі салуға, алауыздық отын жағуға құмарлар бар. Тіпті елі­міз­дің көпэтносты екеніне назар салып, түрлі кикілжіңді ту­дырып жататындар да табы­ла­ды. Мәселен, әлеуметтік желілер де, тұрмыстық сипат­та­ғы келіспеушіліктерді өрші­тіп, теріс ақпарат тарататындар­ көп. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Бірлік. Жасам­паз­дық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айрықша тоқталып өткен еді.

«Жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиға болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе аза­маттарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола аран­датуға, я болмаса кемсітуге мүл­де жол бермейтін орта қалып­тастыру маңызды.

Қоғамда алауыздық туды­ра­тын кез келген әрекетке қатаң тос­қауыл қою қажет. Азамат­та­ры­мыздың бізге қатысы жоқ ақ­парат майданына араласып, өш­пенділікті насихаттауы елі­міздегі тұрақтылыққа және қо­ғамдық келісімге зор қатер төндіреді.

Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңы­мыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жер­де сақталуы, заң үстемдігінің сөз­бен де, іспен де орнығуы маңыз­ды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл міндеттерді ескере отырып, ҚХА этномедиация институтын тиімді дамытудың және этномедиаторлардың сапалық жаңа пулын қалыптастыруға кі­рісті.  Яғни дау қай жерде болады деп емес, біртұтас ұлт қағидатын насихаттау жұмыстарын күшей­тіп, әлеуметтік сананы жаңғырту қажет. Бұл – бір жағынан қақты­ғыстардың алдын алудың ең тексерілген және дұрыс жолы.

Қазіргі уақытта елімізде этномедиаторлар саны 200-ге жетті. Олар этносаралық мәселелерде бірлігімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді. Жылына олар осы типтегі 10 мыңнан астам мәселені қарастырады.

 

Орал ШӘРІПБАЕВ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Абай облыстық филиалының төрағасы