Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы және Жолдауындағы тапсырмалары мен реформаларын орындау аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет, ақпарат және коммуникация салаларын дамыту мақсатында іргелі бастамаларды іске асырып келеді. Ақпарат саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы әрі аса маңызды іс. 2024 жылдың бірінші жартысында «Масс-медиа туралы» заңды қабылдау барысында біраз жұмыс атқарылды. Заң жобасы тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең көп талқыланған құжаттың біріне айналды. Нәтижесінде, биыл 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медиакеңістіктегі жаңа үрдістерді ескере отырып мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғауға арналған «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды.
Отандық телеарналардың таралу ауқымын ел аумағымен шектемей, халықаралық деңгейде арттыру – басым бағыт. Бұл тұрғыда айтарлықтай нәтиже бар. Айталық, «Silk Way» арнасы қазірдің өзінде 118 елде көрсетіледі және АҚШ, Еуропа және Азиядағы кабельдік операторларға қосылған. Ал «Хабар 24», «Qazaqstan International» және «Balapan International» телеарналары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан басқа да елдерде хабар таратады.
Музей ісін дамыту және театр өнерін насихаттау жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының иммерсивті көрмесі жарқын оқиғаға айналып, нағыз сенсация тудырды: экспозицияға 25 мыңнан астам адам келді. Биыл құрылған шығармашылық ұжымдар – «Бірлік» ән-би көпұлтты ансамблі мен классикалық гитаристердің Мемлекеттік квинтеті халықаралық сахналарда сәтті өнер көрсетіп жүр.
Жыл басынан бері мемлекеттік театрлардың шығармашылық ұжымдары 7,5 мыңға жуық спектакль ұсынды, оған 1,5 миллион көрермен қатысты.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін атап өтті. Осыған байланысты 23 сәуір – Ұлттық кітап күні деп белгіленді. Кітаптар барлық азаматқа қолжетімді болуға тиіс, сондықтан қазір елде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 17 мамандандырылған кітапхана жұмыс істейді.
Елімізде цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу қарқынды дамып келеді. 580 радиотелевизиялық станса ел халқының 93%-дан астамын «цифрлық хабармен», ал шекаралас аудандарда «Qazaq radiosy» халықтың 91%-ын немесе 435 мыңнан астам тұрғынды қамтып отыр.
Өңірлік баспасөзді жетілдірмей, ақпарат саласын ілгері бастыру мүмкін емес. Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл да мемлекеттік тапсырыс арқылы өңірлермен жұмыс істеуді және Журналистиканы дамыту қоры арқылы гранттар беруді қолға алды. Сондай-ақ биыл сәуір айында алғаш рет өңірлік БАҚ әлеуетін арттыру және журналистік материалдардың сапасын жақсарту бойынша форум өткізді. Өңірлік баспасөз өз ұстанымын жоғалтпай, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлердің көмегімен сапалы дамып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.
Айта кетсек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметі жеті стратегиялық бағытқа негізделген. Атап айтқанда, ақпарат саласынан бөлек, мәдениет, өнер және әдебиет, жастар және отбасы, азаматтық қоғам, дін саласы, т.б. бағыттарда жұмыс атқарып жатыр.