Аймақтар • 13 Тамыз, 2024

Моноқаладағы мереке

109 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Туризмнің ошағына айналуға бел байлаған Текелі қаласы тұрғын үй мәселесін де бірте-бірте шешіп келеді. Мәселен, шағын шаһарда 1 023 адам баспана кезегінде тұр. Қаншама жылдан бері пәтерін сарыла күткен халық биылдан бастап жаңа үйлерге кіре бастады. Жақында 40 пәтердің кілті табысталды. Келер жылы тағы да жүздеген отбасы қуанышқа кенелмек.

Моноқаладағы мереке

Осылайша, Қора көше­сін­де әлеуметтік осал топтағы азамат­тар­ға 40 пәтерлі тұрғын үй пай­далануға берілді. Былтыр ғана құрылысы басталған көпқа­бат­ты үй заман талабына сай жаб­дық­талған. Жалпы алаңы 3,4 мың шаршы метрді құрайды. Оған жауапты мердігер – «СЕМ Шоғы құрылыс» ЖШС. Құны 780,6 млн теңгені құрайтын баспананы алдымен үй кезегінде тұрған толық емес және көпбалалы отбасылар, жетім балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік мекеме қызметкерлері алды.

«Қаладағы тұрғын үймен қам­та­масыз ету мәселесіне тоқта­латын болсам, кезекте тұрған­дар­дың саны жылдан-жылға өзгеріп тұрады. 2022 жылы кезекте 964 адам болса, 2023 жылы – 1 092 адам, биыл 1 023 адам болды. 2022 жылы тұрғын үй берілмеді, 2023 жылы 192 пәтер берілді, оның ішінде 59 пәтер сатып алынды. Тұрғын үй кезегіндегі 1 023 азаматтың 449-і – әлеуметтік осал топтағылар, 122-сі – жетім балалар, 150-і – көпбалалы отбасылар, 302-сі бюджеттік сала қызметкерлері саналады. Қала бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 10,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Оның ішінде 6,8 мың шаршы метрі – бюджет есебінен», дейді қала әкімі Алмас Әділ.

Жаңа тұрғын үйде 15 бір бөлмелі, 5 екі бөлмелі, 15 үш бөлмелі және 5 төрт бөлмелі пә­тер бар. Аула аумағы абат­тан­дырылған. Балалардың ойын және спорт алаңдары бар. Тағы бір атап өтерлігі, көпбалалы отбасылардың сұранысына сай тұрғын үй жобасына төрт бөлмелі 5 пәтер арнайы енгізілді. Үйдің балкондарын мердігер компания өз қаражаты есебінен жауып берді. Осы ретте баспана қуанышына бөленгендер арасында қала тұрғыны Қанипа Осанова әсерімен бөлісті.

«Баспаналы болу – әр азамат­тың арманы. Біз де осы сәтті көптен күттік. Менің балам – ІІ топтағы мүгедек. Бүгін, міне, екі бөлмелі жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Бұл – отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Осындай мерейлі сәттеріміз көп болсын. Бізге үй сыйлаған облыс әкімдігіне, осындағы азаматтарға алғысымды айтамын», деді Қ.Осанова.

Бұған қоса халықтың әлеу­мет­тік осал топтарын тұрғын үй­лермен қамтамасыз ету мақ­са­тында 50 тұрғын үйді сатып алуға 962,8 млн теңге қаражат бөлінген. Текелі қаласы әкімдігі, «Elite strоy ED» ЖШС және «Temir stroy Alatau» ЖШС арасында жеке тұрғын үйлердің құрылысы бойынша меморандумға қол қойылып, 50 жеке тұрғын үй салу көзделген. Аталған тұр­ғын үйлердің құрылысы 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Ғарышкерлер көшесінде 40 пәтерлі несиелік тұрғын үйдің және оның инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жалпы, Жетісуда 8 аудан мен 2 қала бойынша қолданысқа берілетін тұрғын үйлердің жол картасы дайындалды. Аталған картаның шеңберінде биыл 349,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде осы жылдың қаңтар-маусым айларында 115,5 мың шаршы метр қолданысқа берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға артық. Жыл соңына дейін қалған баспаналардың құрылысы аяқталуы тиіс.

«Бүгінде Текеліде 40 пәтерлі және 60 пәтерлі тағы екі көп­қабат­ты үй бой көтеріп келеді. Бұған қосымша 60 отбасыға арналған 30 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тағы бір 60 пәтерлі бір үйдің жобалық-сметалық құжат­тамасы дайындалады», дейді А.Әділ.

Қазір моноқалада туризмге бағытталған құрылыс нысандары қарқынды жүріп тұр. Сондықтан жергілікті атымтай жомарт азаматтар жерлестеріне үй сатып алып беріп, мемлекетке қолдау көрсетіп жатыр. Осыған дейін ондаған отбасының баспаналы болуына септескен кәсіпкерлердің ерлігі мақтауға тұрарлық.

 

Жетісу облысы