Олимпиада • Бүгін, 09:35

Париж Олимпиадасы: Жетістігіміз – жеті жүлде

71 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Франция астанасы Парижде өткен ХХІІІ жазғы Олимпия ойындары аяқталды. 17 тәу­­лік бойы жер-жаһанды дүбірге бөле­ген бай­­рақты бәсекеге 206 мемлекеттен кел­ген 10 714 спортшы қатысты. Тарқатып айтсақ, Африкадан – 51, Еуропа­дан – 48, Азиядан – 44, Америкадан – 17 және мұхит жағалауынан 17 ел­дің өкілдері шеберлік байқасты. Бұған қоса бақ сынаушылар қатарында бей­тарап спортшылар мен босқындар командасы болды. «Олимпиадалық бітім» деп аталатын көнеден келе жатқан ата дәстүрді бұзғаны үшін Ресей мен Беларусьтің жарысқа қатысуына қатаң шектеу қойылды. Үміткерлер ­32 спорт түрі бойынша 329 медаль жиынтығын сарапқа салды. Ал кейінгі ­үш күнде еліміздің өрендері қалай өнер көрсетті? Бүгінгі мақаламызды осы­дан бастасақ.

Париж Олимпиадасы: Жетістігіміз – жеті жүлде

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Таеквондошылар түк бітірмеді

Олимпиаданың 14-күні Қазақстан спортшылары арасындағы ең жасы Батырхан Төлеуғали даянға шықты. 80 кг салмақта сайысқа түскен ол тұсаукесер кездесуін әлем чемпионатында екі рет қола медальды қоржынға салып, Африка ойындарының жеңімпазы атанған Исмаэль Кулибалиге қарсы өткізді. Жекпе-жек барысында өте сауатты тактика ұстанған Батырхан өзінен атақ-даңқы әлдеқайда зор және бақандай бір мүшел жас үлкен танымал спортшыдан айласын асырды. Күні кеше ғана 18 жасқа толған жас таеквондошының Олимпия ойындарындағы алғашқы аяқалысы бізді қуантты. Келесі кезеңде Төлеуғали италиялық Симоне Аллесиомен күш сынасты. Қарсыласы тым азулы еді. Әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионына оның әлі жетпеді.

Сөйтіп, бұл жолы да кең-байтақ Қазақ елінен Арман Шылмановтың осыдан 16 жыл бұрынғы көрсеткішін қайталайтын бір даян шебері шықпады. Естеріңізде болар, Атыраудың арланы 2008 жылы Бейжіңде қола медаль иеленді. Сол кезден бері тағы төрт бірдей Олимпиада алауы тұтанды. Алайда қазақ жанкүйерлері не Лондон мен Рио-де-Жанейрода, не Токио мен Парижде медаль сыңғырын
естімеді.

 

Не жүгіре алмады, не секіре алмады

Қазіргі бессайыстан өткен жарыс­та өнер көрсеткен Елена Потапенко жартылай финалда 1 301 ұпай жиып, 16-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже ақтық сынға жолдама алу үшін жеткіліксіз болды. Ерлер арасында сынға түскен Георгий Борода-Дудочкин 1 452 ұпай иемденіп, финалдан тыс қалды. Ескек есушілер сайысында Мария Бровкина мен Руфина Ысқақо­ва (500 метр, каноэ-екілік) 11-орынға тұ­рақтады. Брейкингтен Әмір Зәкіров бақ сынады. Бастапқы бәсекелерде ол Марокко мен Тайпей өкілдерінен басым түсті. Одан кейін Нидерланд спортшысынан ұтылғанымен, ширек финалға жолдама алды. Бірақ бұл межеде жерлесіміз осы жарыстың басты фавориті, былтырғы әлем чемпионы, америкалық Виктор Монтальвоға есе жіберді.

Африкадан аттай қалап алдырған же­ңіл атлет Дейзи Джемпекей 10 000 метр­лік қашықтыққа жүгірді. Алайда ол қа­зақ жанкүйерлерін қуанта алмады. Кения­лық легионер мәре сызығын 17-ші болып қиып өтті. Бұл сайыс аталған мем­лекет­тің тағы бір тумасы, әлем чем­пионатының ­екі дүркін жүлдегері, құр­лық біріншілігі­нің жеңімпазы Беат­рис Чебеттің жеңісі­мен аяқталды. Жеңім­паздың уақыты – 30:43:25. Бұл – 24 жастағы кениялық желаяқтың Париж Олимпиадасындағы екінші алтыны. Бірер күн бұрын ғана Чебет 5 000 метрлік қашықтықта шашасына шаң жұқтырмаған еді. Күміс медальды Еуропаның екі дүркін чемпионы, италиялық Надя Баттоклетти иеленді. «Қара маржаннан» ол небәрі 10 миллисекунд қалып қойды. Токиодағы ойындарда бақ жұлдызы жарқырай жанған нидерландық Сифан Хассан бұл жолы қола медальды қанағат тұтты.

Марафоншылар жарысында Жанна Мамажанова өнер көрсетті. Осыдан үш жыл бұрын Токиода ол 46-орынға табан тіреген еді (уақыты – 2:37:42). Парижде 30 жастағы қазақ спортшысы өз көрсеткішін жақсартты. Мәреге 2 сағат 30 минут 51 секундта жеткен Мамажанова 33-орынды иемденді. Ал Нидерландтың намысын қорғап жүрген эфиопиялық қыз Сифан Хассан 5 және 10 шақырымдық аламанда үшінші орыннан аса алмағанымен, есесіне марафоншылар бәсекесінде оған тең келер ешкім табылмады. Чемпионның нәтижесі – 2:22:55. Екінші және үшінші сатыға эфиопиялық Тигц Ассефа (02:22:58) мен кениялық Хелен Обири (02:23:10) жайғасты.

 

Батырмұрзаев бабында емес

Еркін күрес шеберлерінің сайысында Мейрамбек Қартбай (57 кг) пен Азамат Дәулетбеков (86 кг) алғашқы айналымнан аса алмай, көрермендерді қатты қынжылтты. Келесі күні Юсуп Батырмұрзаев бозкілемге шықты. 125 кг салмақ дәрежесінде белдескен ноғай жігіті бастапқы бәсекеде польшалық Роберт Баранға есе жіберді. Шын мәнінде екеуі мүлдем күрескен де жоқ. Бәсекенің басынан аяғына дейін итерісіп, тіресіп, сүзісіп жүріп алды. Осындай сүреңсіз өнер мен келеңсіз көріністің куәсі болған «Гран-Пале-Эфемер» кешеніне жиналған көрермендер әбден мезі болды. Төреші алма-кезек активити тайм белгіледі. Сол кезде Роберт екі ұпай алса, Батырмұр­заев жалғыз ғана ұпаймен шектелді. Жеңіліп жатса да, Қазақстанның балуа­ны жанұшыра алға ұмтылмады. Юсуп­тың бойынан жеңіске деген құлшыныс пен талпынысты байқамадық. Елдің елдігі сынға түскен сәтте мемлекеттің мүддесін ысырып қойып, ештеңеге бас қатырмай бейқам жүрген балуанға қатты ашуландық. Сол кезде Батырмұрзаев­тың бозкілемдегі жүріс-тұрысы мен қи­мыл-қозғалысы күллі ха­лық сенім артқан саңлақты емес, жай ғана Сена өзені­нің жағалауында серуендеп жүр­ген еш алаңсыз адамды елестетті.

Іш пыстырар бәсекенің аяқталуына шамамен 10–15 секундтай ғана уақыт қал­ғанда Юсуп қолын қарсыласының аяғына созғандай болды. Соның өзі­нен шы­найылық байқалмады. Батырмұрзаевтың бұл әрекеті «ертеңгі күні жанкүйерлер «мүлдем күреспеді» деп жазғырмасын» деген оймен жай ғана жасалғандай кө­рінді. Шабуылдың сылбыр болғаны сон­шалық, Баран оның артына оп-оңай шығып, тағы екі ұпай еншіледі – 1:4. Бұл есеп бәсекенің соңына дейін сақталды. Көп кешікпей Польша спортшысы Грузия­ның алыбы Гено Петриашвилиден ойсырай ұтылды. Соның салдарынан Юсуп Батырмұрзаев жұбаныш белдесуіне қа­тысу мүмкіндігінен айырылды.

Еркін күрестегі соңғы үмітіміз Әлішер Ерғали да сенім үдесінен шыға алмады. 97 кг салмақ дәрежесінде күрескен қандасымыз біраз жарыстың көрігін қыздырып, құрлықтық деңгейдегі додаларда сан мәрте жүлде алды. Токиодағы ойындарда бақ сынады. Елішілік жарыста қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпио­ны Ризабек Айтмұханның өзінен айласын асырды. Париж Олимпиадасының тұсаукесер кездесуінде Ерғали мысырлық Мұстафа Елдерсті 6:2 есебімен еңсерді. Көп кешікпей Ахмед Тажудиновпен күш сынасты. Бұл тартыс Бахрейннің намысын қорғаған дағыстандық балуанның айқын жеңісімен аяқталды.

Жұбаныш белдесуінде Әлішердің жолы Әмір Әли Азарпирамен қиысты. Бастапқы бәсекеде ол да Тажудиновпен жолыққан еді. Жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы атанып, Әлем кубогінде дара шыққан Иранның апайтөсі Ахметке лайықты қарсылық көрсетіп, бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды. Сол сайыстан кейін көңілге секем алдық. Бекер қауіптенбеген екенбіз. Азарпир Ерғалиді оңай еңсерді – 6:1. Осылайша, Париждегі жарыстан еркін күрес шеберлеріміз олжасыз оралды.

Дәл осы салмақта Хабила Әбусайман да сайысқа түсті. Ол бірден Кайл Снайдер­ге тап болды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дүниеге келген қазақтың нар тұлғалы жігіті Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионымен біраз тіресті. Алғашқы үш ұпайды Хабила алды. Осылай болады деп еш ойламаған кілемдегі қазы сасқанынан оны Кайлдың еншісіне жазды. Бірақ қапталдағы төрешілер оның қатесін дер кезінде түзеді. Әбусайман алға шықты – 3:0. Бірақ АҚШ-тың атақты балуаны бәсеке қыза келе ұпайын түгендей бастады. Ақыры Снайдер өз дегеніне жетіп, 9:5 есебімен басым түсті.

 

Парижді мойындатқан қазақтар

Жексенбіде жер-жаһан жанкүйер­лерінің назарын өзіне аударған ХХІІІ жазғы Олимпия ойындарының алауы сөнді. Бірден айта кетейік, еліміз өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бар-жоғы жеті жүлде алған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 43-сатыға ­жай­ғасты. Бұл жолы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола бұйырды. Иә, 2021 жылы Токио Олимпиадасына қарағанда медаль­дар­дың сапасы жақсырақ болды. Жапо­ния ­астанасында 8 қоланы еншілеп, жалпы есепте 83-орынды қанағат тұтқан едік. Десек те жүлделердің саны жағынан ұтылдық. Өйткені осыдан үш жыл бұ­рын­ғы көрсеткішке қарағанда биылғы бә­се­кеде бір медаль кем алдық.

Париж Олимпиадасының қаһарманы Елдос Сметов екені сөзсіз. Францияның бас шаһарында Қазақ елінің әнұранын шырқату бақыты тек сол дүлдүлге ғана бұйырды. Бұған дейін де талай толағай табысқа қол жеткізген 31 жастағы Тараздың тарланы Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалаған еліміздің тұңғыш дзюдошысы ретінде тарихта қалды. Жоғарыдағыдай жағдай 2004 жылы Афинада орын алған еді. Ежелгі Эллада елінде отандастарымыздың арасынан жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев иеленді. Қалған спортшылар күміс пен қоланы қанағат тұтты. Бір айта кетерлігі, жоғарыда есімі аталған саңлақтардың екеуі де – қасиетті Әулие-ата топырағының тумасы.

Гимнаст Нариман Құрбанов күміспен күптелді. Осыған дейін құрлықтық деңгейдегі додаларда ғана дараланған 26 жастағы алматылық сайыпқыран Парижде жасындай жарқылдады. Нариман тек әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы, ирландиялық Рис Маккленаганды ғана алға жіберді. Қалған жұлдыздардың барлығын артқа тастады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Құрбановқа дейін спорттық гимнастиканы серік еткен жерлестеріміздің бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтерілген емес.

ро

1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қазақтың қос қыраны – Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков грек-рим күресінен өткен жарыста барлық қарсыласын қапы қалдырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, осы спорт түрін серік еткен бірде-бір қандасымыз сол межеге жеткен жоқ. Ол аз десеңіздер, еліміздің балуандары Олимпиаданың соңғы алтынын сонау 1996 жылы олжалады. Атлантадағы жарыста Юрий Мельниченко атой салды. Одан бері 28 жыл зымырап өте шықты. Аты аңызға айналған ақиық азаматтар­дың ерлігін қайталауға Демеу Жадыраев­тың Парижде жақсы мүмкіндігі болды. Алайда ол шешуші тұста сүрінді. Дес­ек те, бұл күндері жасы 35-ке таяған Жар­кент өңірі тумасының бұл күмісін барша жұрт «алтынмен парапар» десіп жатыр.

Жылдан-жылға құлдырап бара жат­қан қазақ боксының абыройын бұл жолы Нұрбек Оралбай сақтап қалды. Басқа мақтаулы марғасқалар бірінен кейін бірі сүрініп жатқанда 80 кг салмақтағы астаналық арлан ақтық сынға дейін ал­қынбай жетіп, күміс медальды мойнында жарқыратты. Әйелдер арасында Назым Қызайбайдың өнері көңілден шықты. Жасы 30-дан асқанда ғана Олимпиадада күш сынасу мүмкіндігіне ие болған ол қола жүлдеге қол жеткізді. Нысана көздеушілер сайысында Александра Ле мен Ислам Сатпаев та дәл сол меже­ден көрінді. Осы орайда күні бүгінге дейін қазақтың бірде-бір мергені төрт­жылдықтың басты додасында жеңіс тұғы­рына көтеріле алмағанын айта кетуге тиіспіз. Сол көшті Ислам бастады.

 

Көршілердің қадамы қуантарлық

Париж Олимпиадасында көрші­леріміз де жақсы өнер көрсетті. Әсіресе Өзбекстан спортшыларының толағай табысына тәнті болдық. Ғаламдық додада олар 8 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжалап, командалық сайыста 13-орынды иеленді. Расында да, бұл – өте керемет көрсеткіш. Бокстан бас жүлденің бесе­уін олжалаған ала тақиялы аға­йын­дары­­мыз жалпы есепте жеке-дара көш баста­ды. Хасанбой Дусматов пен Баходир Жалолов екі дүркін Олимпиада чемпионы ата­­нып, тарихтың жаңа бетін ашты. Ал еліміз­де ондай дәрежеге көтерілген бірде-бір былғары қолғап шебері жоқ.

Таеквондошылар сайысында Ұлықбек Рашитов қарсылас шыдатпады. Сөйтіп, 22 жастағы өрімдей жас Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы деген аса мәртебелі атаққа ие болды. Бұл жағынан да біз ұяттымыз. Қазақтар әлі де Арман Шылмановтың 2008 жылы Бейжіңде жеңіп алған жалғыз қоласын көңілге медет қылуда. Дзюдошылардың додасында Диора Келдиерова дара шықты. Спорттың бұл түрін серік еткен қазақ қыздарына алтын тұрмақ, жай ғана жүлде алудың өзі асқақ арманға айналды. Тағы бір алтынды еркін күрес шебері, дағыстандық легионер Разамбек Жамалов жеңіп алды.

Қырғызстан да қарап қалған жоқ. Олар алты жүлде олжалады. Екеуі – күміс, қалғаны – қола. Франция астанасында айыр қалпақты ағайындар 2008 жылы Бейжіңдегі (1 күміс, 2 қола) және 2021 жылы Токиодағы (2 күміс, 1 қола) табысынан екі есе асып түсті. Бұл – аталған мемлекеттің тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Нәтижесінде, олар командалық есепте 68-орынды иеленді. Сол жүлделердің денін балуандар олжалады. Олардың жігіттері қарулы, қыздары өжет екенін мойындамасқа лаж жоқ. Спорттың бұл түрінде Қазақстанға жалғыз ғана жүлде бұйырса, көршілеріміз бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, Мейірім Жұманазарова ақтық сынға дейін алқынбай жетті, ал Айсұлу Тыныбекова (әйелдер күресі), Жоламан Шаршенбеков, Ақжол Махмудов және Узур Жузупбеков (грек-рим күресі) үздік үштікті түйіндеді.

Көрермендер көзайымына айналған Мұнарбек Сейітбекұлы жайында әңгіме мүлде бөлек. Францияға Қазақ елінің жеті жуан жұдырықты жігіттен бөлек, топырлаған бапкерлер, сансыз басшылар мен қосшылар аттанғаны мәлім. Барлығы улап-шулап жүріп, жалқы жүлдеге қол жеткізді. Ал Қырғызстанға бір ғана жолдама бұйырып, Сенаның жағалауына екі адам ғана сапар шекті. Олар – Мұнар­бек пен ұлттық құраманың бас бапкері. Тіп­тен аталған боксшыны бозбала шағы­нан тәрбиелеген жеке жаттықтыру­шы­сы­ның өзіне аккредитация берілмеді. Бірақ бұл жағдай Сейітбекұлына еш әсер еткен жоқ. Қырғыздың өр мінезді ұлы кубалық Сайдел Орта, америка­лық Жамал Харви және болгариялық Хавьер Ибаньес (тегі кубалық) сынды саңлақтарға сан соқтырды. Ал ақтық сында өзбек Абдулмәлік Халоковтан айласын асыра алмай, күміс медальды мойнына ілді. Осылайша, Мұнарбектің есімі Қырғызстан боксшылары арасынан шыққан Олимпиаданың тұңғыш жүл­дегері ретінде тарихта қалды.

Тәжікстанның да қадамы жаман болған жоқ. Алғаш рет 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында еркін күрес шебері Юсуп Абдусаламов пен дзюдошы Расул Бокиев, 2012 жылы Лондонда боксшы Мовзона Шориева жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода балға лақтырушы Ділшод Назаров бас жүлдені қанжығасына байлады. Бар табысы сол ғана еді. Ал Парижде тәжіктер үш жүлдені қоржынға салды. Оның екеуін дзюдошы Самон Махмадбеков пен Темур Рахимов иеленсе, біреуін боксшы Давлат Болтаев еншіледі. Сөйтіп, Памир тауы бөктерінен келген тәжік спортшылары медальдар санын жетіге жеткізді.

Париж Олимпиадасында барлығы ­63 мем­лекеттің әнұраны шырқалып, 91 елдің туы биікте желбіреді.