Авторы – Александр Рукавишников. Бұл кісі – екі-үш атасынан бері мүсін өнерін қуған танымал тұлға. Қазір жасы 74-ке қарап тұр. Оның қолынан 70-жылдардан бері талай дүние шыққан. Қысқартып қана айтайық, В.Высоцкий, В.Набоков, В.Татищев, Ю.Никулин, Л.Яшин, М.Магомаев, Ю.Семенов, т.б. ескерткіштері. Ең қызығы, коммунист көсемінен бастап большевик қолынан ажал тапқан діндарларға дейін сомдаған.
А.Рукавишников шығармашылығының бір ерекшелігі – туындылары соцреализм шекпенінен шықпағандығы. Ойлы, салмақты һәм тосын. Біразын Ресей қоғамы ауыр қабылдаған (мысалға Ф.Достоевский ескерткішін). Соған қарамай түрлі атақ-дәрежеден кенде емес.
Біз өзіміз көрген М.Шолохов ескерткіші туралы айтайық. Бұл туынды 2007 жылы орнатылыпты. Шаһардың екі ғимараты ортасындағы сәл ойпаң жерде қайыққа отырған классик-жазушы бейнеленген. Су – Дон өзені, жалпақ тас тербелген толқын екені тұспалданған. Ықшамдау күрткі жамылған қаламгер ойланып отыр. Қолындағы темекі де байқалады. Бір ескегі – қайықтың жақтауында, екіншісі – үстінде. Өнертанушылар М.Шолоховтың көз тіккен жағы – бір кезде өзі Мәскеуге келіп, аялдап жүрген Арбаттың «Сивцев Вражек» орамы
деседі.
Туындының тосын тұсы – мұнда емес, қайық бағытына кері жүзіп бара жатқан жылқыларда. Әрине, терең де телегей Дон өзенінің бейнесін қылқұйрықтардың басы және дөңестеу жерден құлаған су имитациясы айқындай түседі. Ерекше деталь – барлық аттың жүгені анық көрінеді. Алайда үстінде адамы жоқ (құдды, «Иең қайда, Ақбозат, иең қайда?..»). Жалғыз бір құлын ғана адасқандай – жазушы қайығы бет алған жағаға қарай бұрылыпты (жазушының «Құлын» әңгімесіндегі су иірімінде қалған жануар баласын құтқарамын деп оққа ұшқан кейіпкер еске түседі). Скульптордың осы шешімін өнертанушылар «А.Рукавишников Шолоховтың шығармашылығына сүйеніп, төңкерістен кейінгі аласапыранды, ақ пен қызыл қырғынын, құрдымға кете бастаған Ресей дәстүрін, белгісіздік пен қиындықты меңзеген» дейді.
Иә, жүгені бар да, иесі жоқ аттарға қарап, мұндай дағдарыс кез келген берекесіз елде қайталанып тұратынын аңғарғандай боламыз. Дегенмен қай уақытта да тығырықтан жол табар азаматтар табылады. Осыны сездіргендей, М.Шолохов «Тынық Дон» романында «Ақылды-ақ басың бар, бірақ ол ақымаққа бұйырыпты» деген халық нақылын еске алады...
Жылқыны қадір тұтқан қазақ үшін ат басының киесі бар. Халық тыйымында «Малдың басынан ұрмау керектігі» ескертіледі. Даланың әл-ауқаты мал басымен есептеледі. Хан-сұлтанның жомарттығы «данышпанға ат басындай алтын бергенімен» өлшенеді. Қадірлі тұлпарының басын арулап жерлейді. Қазақ сахарасында Атбасы, Жылқыбасы деген топонимикалық атаулар аз емес.
Салыстырмалы түрде қарасақ, ат басы мен адам басының айырмасы аз. Айталық, қыр қазағының жылқы басын қадірлеуі – өзін, шаруасын, ізгі ниетін, бүгіні мен болашағын қадірлеумен бір есеп. Скульптор Александр Рукавишников Дон казагы арманын жеткізген Михаил Шолоховқа осы өреде қарап отыр.
Арман дегеннен шығады, М.Шолоховқа айшықты әйкел қою мүсіншінің әкесі Иулиан Рукавишников ойында әбден піскен екен. Тіпті ол осы жобаны 80-жылдары ұтып та алыпты. Бірақ жетілдіру мен орнатудың сәті түспепті. Кіші Рукавишников әке арманын да, өзінің дара идеясын да жүзеге асырды.
Иесіз жылқыларды Дон өзенінің түпсіз иірімі жұта ма, жоқ, бұл жануарлар амалын тауып, келесі жағаға аман-есен шыға ма – ескерткіш авторы мұны ойлауды қоғам еркіне қалдырған.
Айтуған Досби