23 Қаңтар, 2015

«Боздақтар» кітабы қайта  жарық  көреді

1787 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
женис-70-2Барша адамзат баласы үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны айрықша. Ақмола өңірінде мұң аралас мерекені өз деңгейінде атап өтуге қатысты дайындық шаралары басталып кетті. Осындай тағылымдық-тәлімдік шараның бірі – «Боздақтар» кітабын толықтырып, төрімізге қайта оздыру. Елімізді жаудан азат етуде құрбан болған жерлестерімізге арналған бұл ескерткіш-кітап ерекше мәнге ие. Қымбат жәдігерімізде Ақмола облысының қазіргі әкімшілік аумағынан Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданға аттанған жауынгерлердің тізімі қала мен аудандар бойынша жеке-жеке ұсынылмақшы. Қазіргі күні әрбір аудан мәліметтер жинау жөнінде өздеріне жүктелген тапсырманы аяқтауға таяу екенін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шапай Әбутәліпов айтып отыр. – Біз жеңіс үшін жау­мен айқасқан аға ұрпақтың, ажал құшқан ағаларымыз бен апа­ларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз. Батыр­ларымыздың ерлігі біздер үшін әрқашан үлгі-өнеге. Бұл ерлік өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік жатталып қалуы үшін қоғам болып жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Осы басылымды 1000 данамен шығарып, Көкшетау, Степногор қалалары мен облыстың әрбір аудандарының мектептеріне, кітапханаларына, музейлер мен ардагерлер ұйымдарына тарту етпекпіз, – дейді Шапай Мү­тәллапұлы. Облыстық ардагерлер ұйы­мының мәліметі бойынша, ке­зінде Көкшетау облысынан 100 мыңға жуық адам соғысқа аттанған. Қазір облыста 103 мың зейнеткер бар. Оның 228-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 72-сі  Көкшетау қаласында тұрады. Тізімге алынғандардың барлығының есімі жаңа кітапқа енетін болады. Егер суреттері болса, тіпті жақсы. Соғысқа басқа жерден шақырылып, бірақ кейін белгілі бір себептермен біздің облысқа қоныс аударған ардагерлердің аты-жөндерін де кітапқа енгізу мәселесі ұмыт қалмайды. Сондықтан, Шапай Әбутәліпов тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Көк­шетау, Степногор қалалары мен аудан тұрғындарынан соғысқа қатысқан ата-бабаларының аты-жөндерін нақтылауды өтінді. Ол үшін қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі мен әскери комиссариатқа хабарласулары керек. Ал, жалпы, осы айдан бас­тап аудандардан тізімдер сұрала бастайды. «Боздақтар» 1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер туралы екі томдық ескерткіш-кітап бұрынғы Көкшетау облысы кезінде, 1996 жылы жарық көрген болатын. Енді 3 томдық болып шығатын қымбат жәдігер сәуір айында жарық көрмек. Бұл басылымда майдан даласында қаза тапқан барлық жауынгерлердің есімі жазылады. Жарқын тарихтың жасампаз беттерін жазуға соғыс арда­герлерімен бірге тыл еңбек­керлері де айрықша үлес қос­қаны белгілі. Сондықтан, тың игеру науқанына белсене қа­тысқан бірқатар еңбек арда­герлерінің есімдерін аталған кітапқа енгізу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.