Таң азанмен белгілі журналист Қайнар Олжай ағамыздың жазғанын оқып, таңырқап отырмыз. Ол кісіге танымал суретші Жанұзақ Мүсәпір WhatsApp арқылы хабарлама жолдап, қарыз сұрайды.
«Ойымызда дәнеме жоқ, жолдастың ватсабына «Кімге аудару керек, Жақа?» деп жаздық. Бір минут өтпей жауап келді. Кәртішке нөмірді көрсетіпті. Оны смартфоннан қағазға мұқияттап жазып алдық. Өйткені сансыз ой құйылып тұратын мына басқа цифр тұрмайтын жыны бар. 4400 4302 2130 3933. Қағазға жазып алып, үстінен бір тексердік. Содан кейін Каспи қосымшасын ашып, ақша аудару үшін осы кәртішке нөмірін тердік. «Төлеген Д» деп тұр екен. Анықтап алу үшін Жақаңа хабар жолдадық. «Иә» деп жауап берді ол кісі», дейді.
Сөйтеді де, ағамыз Жақаңның көрсеткен кісісіне әлгі 250 000 теңгені аударады. Бірақ қызық болғанда, банк бұл аударымды өткізбейді. Карта нөмірін тағы бір мәрте тексеріп, екінші рет аударуға талпынады. Бұл жолы да жүзеге аспай қалады. Кейін барып телефон шалып мән-жайды білген кезде, «Қайнеке, бұлар алаяқтар. Менің атымды пайдаланып жатыр, аудара көрмеңіз» дейді суретші ағамыз шыр-пыр болып.
Қарапайым халық үшін 250 мың теңге аз сома емес. Қаншама жанның бір айлық еңбекақысы. Ол тұрмақ абайсызда 5 мың теңгеңізді жоғалтып алсаңыз да, жарты күн жаның сыздап жүреді...
Айтайық дегеніміз, алаяқтарға қойылатын тосқауылдың соңғы кезде нығайып жатқаны. Әйтпесе, Қайнар ағамыздың әдепкі аударымы-ақ кедергісіз бәзбіреудің шотына топ ете қалғалы тұр еді. Мұны Ұлттық банк бірнеше күн бұрын ғана іске қосқан «Алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасу орталығының» – Антифрод орталығының игілігі десе болғандай.) Жоба құқық қорғау органдарымен және қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп іске асырылып отыр.
Ұлттық банк таратқан мәліметке сүйенсек, Антифрод орталығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін құрылған.
«Қаржы ұйымдарына алаяқтыққа тән операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операцияларға жедел әрекет етуге, оның қатысушылары арасында нақты уақыт режімінде ақпарат алмасуға да мүмкіндік береді. Антифрод орталығының жұмысы алаяқтық операциялар бойынша бірыңғай деректер базасын жүргізуді де көздейді. Платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық фактіні анықтады және алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 миллион теңгеге жуық қаражатты бұғаттады», делінген хабарламада.
Алдағы уақытта күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану да жоспарда бар екен. Бұл жерде ескере кететін бір жайт бар – әлдебір пысықай-алаяқтар (алаяқтар жуас болушы ма еді өзі) «Біз Антифрод орталығынан хабарласып тұрмыз, сіздің шотыңызда күмәнді аударым жүріп жатыр» деп хабарласып, қалтаңызды қағып-сілкіп кетуі де бек мүмкін ғой. Сондықтан біле жүргеніңіз абзал – Антифрод орталығының қызметкерлері мен өкілдері ақпарат жинау немесе қандай да бір операция жүргізу мақсатында ешуақытта жеке тұлғаға қоңырау шалмайды.
Орталық қызметкерлері тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен жұмыс істейді. Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға және Антифрод орталығы атынан деп қоңырау шалуы мүмкін алаяқтардың әрекетін елемеуге шақырады.