Мәселе • 14 Тамыз, 2024

Жайылымдарға жүйелі көзқарас керек

127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Республикадағы жайылым өнімділігі мен азық-түлік қауіпсіздігі көңіл көншітерлік деңгейде емес. Әсіресе, ең қолайсыз жағдай Маңғыстау өңірінде қалыптасқан. Қолданыстағы жайылым сапасының жыл өткен сайын төмендеуі, тозу деңгейінің артуы, ішінара қуаңшылыққа ұрынуы, шабындықтардың мардымсыз өнімділігі және басқа факторлар еліміздегі табиғи мүмкіндікті толық игеруге шектеу болып тұр.

Жайылымдарға жүйелі көзқарас керек

Фото: kazgazeta.kz

Жақсы жер тапшы

Жақында «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг деректеріне сүйенген «Energyprom.kz» агенттігінің зерттеу ақпараттары жарияланды. Зерттеу қорытындысына зер салсақ, 2023 жылы елдегі барлық жайылымдық жердің 87,2%-ы нашар және өте нашар жағдайда екен. 80,8 млн гектар жер көлемінің 70,5 млн гектарының жай-күйі нашар. Жағдайы қанағаттанарлық жайылымдар үлесі – небәрі 10,2%. Жақсы деген жерлердің өзі 2,1% ғана, өте жақсылары – 0,5%. Мәселен, өткен жылы 17 облыстың 15-інде өсімдіктері жоқ немесе жағдайы нашар немесе өте нашар жайылымдардың үлесі 80%-дан, ал 10-ында 90%-дан жоғары болған. Ең нашар жағдай Маңғыстау облысында орын алған. Анықтап айтсақ, осы өңірдің барлық ауыл шаруашылығы жерінің 99,4%-ы нашар күйде. Мұндай келеңсіздік заң талаптары мен ғылыми ұсыныстардың орындалмауынан, жайы­лым­дық жерлерді орнықты басқару мен пайдаланудағы үйлесім мен жүйенің жоқ­тығынан туындап отыр.

Бұл – елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, мал өнімдерін өндіру мен экспорттық әлеуетті арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, халықтың тұрмыс дәрежесін көтеру және Еуразия кеңістігінде көшбасшы орынға ие болу мақсатын іске асыруға қолбайлау. Сон­дай-ақ сарапшылар алдағы уақытта ел аума­ғында жаһандық қлиматтың қуаң­шылық жағдайы белең алатынын, шөлейттену үрдісінің және су тапшылығының күшейетінін болжап отыр. Ал осы қалыптасқан үрдісті жақсартуға және табиғаттың қолайсыз жағдайына бейімделуге бағытталған мақсатты іс-шаралар жоқтың қасы.

 

Басқаруды реттеген жөн

Жайылымдарды пайдаланудың ор­нықты жүйесін қалыптастыру үшін табиғи байлыққа, әсіресе жер игеру, жайылым және су ресурстарына көз­қарасты түбегейлі өзгерту қажет. Ел­дің жайылым ресурстары – мал шаруа­шылығын қамтамасыз ететін азық көзі ғана емес, республикамызға тиісті бай фаунаның мекендейтін және алуан түрлі құнды флораның өсетін орны. Бүгінде жайылымның барлық аумағы 184,3 млн гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 71,9 млн, қоғамдық жерлер – 21,3 млн, мемлекеттік қорда – 63,9 млн, орман қоры мен ерекше қорғалатын аумақ жерлері – 9,8 млн гектар. Соңғы жылдары республикамыздағы мал басының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы және ауыл маңындағы қоғамдық жа­йылымдарда жайылады. Малды шалғай жайылымдарға шығаруды тек санаулы ірі агроқұрылымдар ғана жүзеге асырады, шағын фермерлер мен жеке үй шаруашылықтарының малы елді мекендерге жақын қоғамдық жайылымдарда жүр. Ол жерлерде жайылымға түсетін жүктеме мөлшері ұсынылған нормативтен 3-10 есеге дейін артық, яғни бір сиыр жайылатын жерге 10 сиырға дейін жайылады. Нәтижесінде, жер тақырланып, өсімдіктердің өз тұқымынан көбею мүмкіндігі шектеліп жатыр. Жақын жайылымдарда осындай апатты жағдай қалыптасып жатқан кезде, мемлекеттік қосалқы жерлер мен орман қорындағы жайылымдарда мал жеуге жарамайтын шөп қаулап өсіп, өрт шығу қаупін ушықтырып, неше түрлі зиянкестердің ұясы болып жатыр. Ал ұзақ уақыт мал тұяғы тимеген жа­­йылымдар экологиялық тұтастығынан айырылып, мал жаюға жарамдылығын жоғалтатыны ғылыми дәлелденген жайт.

Мұндай келеңсіз жағдайлардың себебі – жайылым ресурстарын басқару­да­ғы үйлесімділіктің жоқтығы. Елімізде жайы­лымы бар жерлер әртүрлі министр­­­­ліктер қарамағында. Көбі Ауыл шар­уа­­­шы­лығы министрлігіне қарас­ты. Орман қоры жайылымдары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жайылымдар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды. Мемлекеттік және қоғамдық қор жерлеріндегі жайылымдар жергі­лік­ті атқарушы билікке бағынышты. Жа­йылымдарды басқарудың мұндай шашыраңқы жүйесі ведомствоаралық мүдде мен өкілеттіктердің қайшылығына тап болып тұр.

 

Тиімді шешімдер

Жайылымдық жерді жүйелі пайда­лануды қамтамасыз етудің басты ше­шімі – әр ауылдық округте немесе ауданда «Жайылым туралы» заң­ның 9-13-баптарының талаптарын бас­­шылыққа алып, жайылым түр­леріне сәйкес белгіленген ғылыми негізделген жүктемелерді ескере отырып, «Жайылымдарды орнықты басқару мен оларды пайдаланудың жоспарларын» бекітіп, нақты іс-шараларды жүзеге асыру. Негізінен бұл заң аясында мал шаруашылығын өркендетуге қажетті мал азығын қамтамасыз ету және жайылымдардың тозуына жол бер­­меу үшін бес жыл кезеңге бекітілген нормативтік-құқықтық акт ретінде қарас­тырылған. Жайылымды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу кезінде тиісті аумақтарда мал жаю дәстүрі мен жайылым ресурс­та­ры­ның мүмкіндігі толығымен ескерілуі тиіс. Осыған сәйкес жайылымды пайдаланудың тиімді әдістері, оның азықтық қоры тапшы болған жағдайда пайдаланылмай жатқан жерлерді, оның ішінде мемлекеттік жер қорындағы жа­йылымды айналымға енгізу және тозған жайылымдарды қалпына келтіру мен жайылым инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты іс-шаралар қарастыру керек.

Озық тәжірибелердің бірі – «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғалымдары Маңғыстау өңірінде жүргізген инновациялық жобасы. Жобада ең нашар жағдайдағы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының жайылымдарын орнықты басқару мен пайдаланудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары дайындалған. Алдымен геоботаникалық зерттеу аясында ауыл шаруашылығы жерлеріндегі жайылымдардың азықтық қоры қолдағы бар малдың қажеттілігін тек 48%, ал қоғамдық жайылымдар 12% ғана қамтамасыз ететіндігі анықталған. Өңірде мал шаруашылығын қалыпты дамытуға 9 млн тоннаға жуық мал азығын қамту үшін қосымша 1,2 млн гектар жа­йылым қажет екені есептелген. Ол үшін ғалымдар тарапынан мал басының басым бөлігін облыстың мем­лекеттік қорындағы 8,6 млн гектар жердің жайылымдық алқабы мен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының жеріне жазғы маусымда жайылымға шығару ұсынылған. Осы ұсыныспен малға қажет суаттарды ұйымдастыру үшін гидрогеологиялық зерттеу негізінде құдық және скважиналар қазудың және өзен, бұлақ тағы да басқа жергілікті су көздерін тиімді пайдалана отырып, суармалы шабындықтар мен жайылымдар жасаудың карта кестесі жасалды. Оларды іске асыруға керекті қаржы мөлшері анық­талды.

 

Инвестиция тартудың игілігі

Осы мәселені инвестициялық жо­ба­ларды тарту арқылы шешуге бола­­тыны іс жүзінде дәлел­денген. Мысалы, ғалымдардың қаты­суы­мен Қарағандының Шет ауданында іске асырған Дүниежүзілік банктің «Қуаң жерлерді басқару» жобасының нә­тижелері осының нақты дәлелі. Жоба ая­сында 35 мың гектар жерге ер­кек­шөп, жоңышқа, сиыржоңышқа, тарлау сияқты көпжылдық шөптер егілді. Олар деградацияға ұшырап, бос жатқан қуаң жерлерден гектарына 1,5-2,0 тоннадан сапалы пішен дайындауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, шаруа­лар мал азығының жеткілікті қорына қол жеткізді, ал артылғанын сатты. Ет-сүт өндіру жобаға дейінгі уақытпен салыстырғанда үш есеге жуық артты. Қазір ең қуаңшылық аймақта орналасқан Шет аграрлық саласы орнықты дамыған, ауыл тұрғындарының тұрмыс дәрежесі жақсарған іргелі аудандардың біріне айналды.

Ғалымдар есебі бойынша Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлы далада 9 млн, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің тау бөктеріндегі және суармалы жерлерінде 1 млн гектарға жуық көпжылдық мал азығы дақылдарын егуге болады. АҚШ ғалымдарымен жүр­гізген зерттеулер қуаң жерлерде егілген көпжылдық шөптердің әр гектары жыл сайын ауадан 4, ал суармалы жерлерде 40 тоннаға дейін көмірқышқыл газын сіңіретінін көрсетті.

Биылдан бастап Ғылым қорының қаржысы аясында Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «МИТ ГРУП» ком­паниясымен бірлесіп, «Мал азығы дақылдарының өнімділігін жасыл технологияларды қолдана отырып еселеп арттыру» инновациялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобада тозығы жетіп пайдаланылмай жатқан жерлерде бірінші жылы жоңышқа және сиыржоңышқа дақылдарын қонақ дақылымен қоса кең қатарлы бүркеме етіп себу қолданылды. Осы әдіс алқап өнімділігін екі есе арттырады деген үміт бар.

 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

профессор