Клуб дегенде сахнасында әртістердің концерті мен әкімдердің жиналысы өтетін ауылдағы кәдімгі клуб екен деп қалмаңыз. Бұл жолғы саудаға футбол клубы түсіп жатыр. Яғни, Жамбыл облысындағы спорт саласының басшылары теңбіл допқа теңге жұмсайтын қалтасы қалың азаматтарды іздеуде. Нақтырақ айтқанда, еліміздің бірінші лигасында өнер көрсететін «Лашын» командасы 520 мың теңгеге сатылғалы жатыр. Бұл саудаға қызыққан кез келген үміткер клубтың қожайыны бола алады.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтің айтуына қарағанда, клубты сатып алу оңай, бірақ, оны керек-жарақпен қамтамасыз ету, түрлі деңгейдегі жарыстарға шығарып, ойыншылар мен жаттықтырушылардың жалақысын төлеу үлкен машақат. Әзірге бұл шығындарға облыстық бюджеттен жыл сайын 100-120 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп келеді. Айта кету керек, «Лашын» клубы осыдан бес жыл бұрын Тараз қаласында құрылған болатын. Алайда, бір жылдан кейін Қаратау қаласына көшірілді. Команда жылда бірінші лигадағы ойындарға тұрақты түрде қатысып келеді. Былтырғы маусымда 27 ұпай жинап, 15 команданың ішінде 11-ші орын алған болатын.
Сөйтіп, мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелік ортаға шығару тәртібі бойынша «Лашын» футбол клубына конкурс өтіпті. Бірақ ешкім қызығушылық танытпаған...
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.