Оның құндылығы қанттылығына байланысты. Жергілікті қауындардың қанттылығы 18% брикст болса, бұл қауындардың қанттылық мөлшері – 20% брикст. Жергілікті қауындар 90 күнде піссе, тропикалық қауын 60 күнде піседі. Ауруға, тасымалдауға төзімді. Жылыжайға егілгеніне 10 күн болса да, қазіргі шығымдылығы жақсы. «Бұл ретте таиландтық ғалымдармен әріптестік орнатып отырмыз. Олар ойлап тапқан қауын сұрпын жылыжайда сынақтан өткіземіз. Содан кейін жергілікті қауын тұқымымен будандастырып, жаңа сұрып шығару жоспарда бар», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылыжай шаруашылығының директоры Самалбек Мұндай.
Дабыл жүйесі
Жапония алғаш рет жойқын зілзала қаупі туралы хабар беретін дабыл жүйесін іске қосты.
Ұлттық метеорология агенттігі 29 префектураның 707 әкімшілік аумағында жерасты дүмпуі кезіндегі дайындығын да пысықтап үлгерді. Ескерту негізінен Сидзуоки қаласынан Токионың батысына дейінгі аумаққа созылып жатқан 800 шақырым жерде жасалды. «Гардиан» басылымының жазуынша, бұл аймақта әр 100-200 жылда 8-9 балдық зілзала болып тұрады. Естеріңізге сала кетейік, Жапония премьер-министрі Фумио Кишида елдің оңтүстігінде 7,1 балдық жер сілкінісі болған соң, Орталық Азияға сапарын кейінге шегерген болатын.
Масасыз ел
Жаз мезгілінде маса мәселесі бәрімізді мазалайтыны анық. Осы тіршілік иесі қай елде жоқ екен деп те ойланған болуымыз керек. Сөйтсек, Исландияда жоқ екен.
Исландияда масалардың бірде-бір түрі өмір сүрмейді. Оның себебі нақты анықталмаған. Дегенмен оған жақын Норвегия, Шотландия, Ирландия, тіпті Гренландияда маса бар. Ғалымдар нақты себебін анықтамаса да, табиғат ерекшелігіне байланысты деп топшылап отыр. Яғни Исландия климатының ерекшелігіне байланысты қыста бірнеше рет кенеттен болатын ауа райына қатысты. Масалар суық пен жылудың кезектесіп тұратынына шыдай алмайды екен.