23 Қаңтар, 2015

Оқушылар уланып қалды

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше жергілікті уақытпен 13 сағат 12 минутта Атырау қаласына таяу орналасқан Жұмыскер елді мекеніндегі Исатай Тайманов атындағы мектепте оқитын оқу­шылардың бір тобы, дәлірек айтқанда, 21 шәкірт өздерін нашар сезінгендіктеріне шағым білдірген. Кейін анықталғандай олардың барлығы белгісіз заттан уланған. Шұғыл хабар алысымен атал­ған мектепке «жедел жәрдем» қызметінің 3 бригадасы дереу аттанып, уланған оқушылардың барлығын облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Мұндағы дәрігерлер әзірге анықтала қоймаған, белгісіз заттан уланған 21 оқушының барлығын ауруханада қалдыру жөнінде шешім қабылдады. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетіліп, сақтандыру шаралары қолға алынды. Жансақтау бөліміне ешкім жатқызылған жоқ. Осы оқиғаға орай ауруханаға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұ­хамбетов арнайы барып, жағ­даймен қанықты. Құзырлы органдарға оқиға себебін анық­тауды тапсырып, сырқаттарға толық ем жасауды міндеттеді деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Қазіргі кезде уланған оқушылардың барлығы дәрігерлердің жіті бақылауында. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.