«1934 жылы Сәкен Сейфуллиннің көмегімен театрға жұмысқа қабылданғанда, Әбікеннің бағына қарай театр директоры Орынбек Беков еді, бұл екеуі ауылдас әрі бұрыннан мүдделес жандар болатын. Орынбек Беков (1898-1938) «Алаш» партиясының мүшесі болған, 1930 жылғы «Шет қозғалысына» Әбікенмен бірге қатысқан. Кейін қызыл өкіметтің құзырына өтіп, баспасөз, мәдениет саласында еңбек еткен. Жазушы, драматург, сыншы. Жұмысқа қабылдануына Мұхтар Әуезов те тілектестік танытқан, ол Әбікеннің күйшілік өнерін ертеректен, Семей кезеңінен жақсы білетін, сондықтан театр әкімшілігіне жазушы сөзінің де салмағы өткен секілді. Далалық тума дарыны арқасында ол театр сахнасына, актерлік шеберлікке тез бейімделеді. Қазақ драма театры сахнасында Құнанбай (М.Әуезов. Л.С.Соболев. «Абай»), Қараменде (М.Әуезов. «Еңлік-Кебек»), Қодар (Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты»), Мұса (С.Мұқанов. «Шоқан Уәлиханов»), Тайман (Ә.Тәжібаев «Майра»), Балқы (М.Ақынжанов. «Исатай мен Махамбет») образдарын сомдап көрермен қауымның ризашылығына бөленеді», дейді күйші Ж.Жүзбай.
Таланттың аты – талант. Талантты адам қай жерде не істесе де, ұлтқа, көптің ұпайына, сапаға қызмет етеді. Бұған дейін күйші Әбікеннің ел ішінде көшелі азамат болғаны туралы әңгімелерді құлақ шалатын. Ел мен жердің намысы дегенде қарап қалмайтын азаматтығы туралы деректердің бірсыпырасы кейін де көрініп, шыға бастағаны соның дәлелі.
«1930 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында кеңес өкіметіне қарсы әйгілі Бетпақдала көтерілісі басталады. Көтерілістің көсемдері, Алаш қайраткерлері – Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтер еді. Әскери қозғалыстың бас сардары боп Еркебек Дүйсенов сайланады. Тарихшылар Тұрғанбек Алланиязов пен Амангелді Таукеновтің «Шетская трагедия» атты кітабының «Дело Дюсенова» бөлімінде Еркебек Дүйсенов пен Жақып Ақбаевтың ескі достар екендігі жазылады. Осы кітапта Алаш қозғалысын басындағы 40 кісінің ішінде Әбікеннің де аты аталады: «...Из Шетского района: Оспанов Каирберли, Ибышев Маулен, Норбаев Мукаш, Дюсенов Еркебек, Хасенов Абекань, Балгожин Жунусбек, Бодуков Карымбек» (Алланиязов.Т.К. Таукенов А.С.Шетская трагедия. Из истории вооруженных выступлений в Центральном Казахстане в 1930-1931 ГГ. Алматы: Фонд «XXI век», 2000 г.164 стр. 26-бет).
Бұл жерде хаттама толтырушының жазуымен күйшінің аты-жөні «Хасенов Абекань» деп қате жазылып кеткен, солай бола тұра «әбікентануда» бұл аса маңызды құжат болып табылады», дейді Жанғали Жүзбай.
Әбікен Хасенұлының өмір жолына ой көзімен үңілгендер қазақ халқы басынан кешкен қайғы-қасіреттің бәрі күйшіні айналып өтпегенін және өміріне терең із салғанын жүрегімен сезеді. Тіпті күйшінің тірі қалғанының өзі таңғаларлық жайт. Ол 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезіндегі әпербақандыққа куә болып қана қойған жоқ, ұстазы Әбди сынды күйшілердің жазықсыздан жазықсыз атылғанын көрді. Әбди өзін кеңестік жендеттер атайын деп тұрғанда, «кеудемде күй кетіп барады, жалғыз-ақ тілегім – Әбікен деген баланы шақырыңдаршы, үйреніп алып қалсын» деп ақтық тілеуін айтады. Әбди бір тартып болғанда, Әбікен екінші рет тартуын өтініп, екеуі жылап айырылысқан. Мұндай сұмдықты көргені аздай күйшінің отбасы бұл айдауда жүргенде аштықтан қырылып қалады. Келіп мүрделерін құшып қалады. Осылайша, кеңес өкіметінің зұлымдығын жан-жүйесімен сезінген Ә.Хасенұлы ұстазы Әбдиден қалған әлгі күйді тек бертінде, соғыстан кейінгі жылдары ғана тартып, таспаға жазған. Ел ішіндегі осыншама құбылысты жан-жүрегінен өткізіп, ақылында қорытқан Әбікеннен қалған жалғыз-ақ күй – «Қоңыр». Күйді қадірлеген Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен бастаған серкелер атылып кетіп жатқанын білген Әбікеннің бұл күйінде күллі қазақ даласының қайғы-қасіреті мен өкінішті, азалы зары тұрған жоқ па? Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының алдында Тәттімбеттің «Жантелім» күйін шерткенде, Ақаң «өз аты да жаман емес, алайда көкейді тесіп тұрған күй екен. Бұдан былай «Көкейкесті» деп тартшы» десе керек. Демек Алаштың осындай қайраткерлерінен бата алып, ықыласына жарып, кейін олардың орнын сипап қалған Әбікеннің «Қоңыры» қазақ тұрғанша тыңдала беретін күй. Оны тек көңіл көзін ашып тыңдау керек.