Жуырда «Esentai Gallery» залында зергер Абзал Молдабектің көрмесі өтті. Шебер көрмеде онжылдық жұмысын қорытындылап, «Alash Jewels» брендінің барлық еңбектері мен «Қарлығаш» атты жаңа топтамасын таныстырды.
Жүзден аса дизайн, әшекей қойылған көрмені дайындауға үш ай уақыт кеткен. Ал жаңа топтаманы жасауға бір жыл уақыт жұмсапты. Автордың алғашқы көрмесіне Франция, Швейцария, Ресей, еліміздің бірнеше қаласынан тұрақты тұтынушылары арнайы келген.
«Әлеуметтік желіге әшекейдің суретін сала салғанмен, оның құндылығы, артында қандай ой мен еңбек жатқаны көрінбей қалады. Сондықтан арнайы көрме өткізіп, жақсылап таныстырайын деп шештім», дейді Абзал жаңа топтамасының тұсауын кесіп жатып.
«Зергерлікке кәсіп ретінде әлі кіріскен жоқпын. Қазір тек шығармашылық даму жолындамын. Осы мамандықты оқуым, жұмыс істеуімді қосқанда 15 жылдай уақытым кетті. Қазақтың ұлттық өрнектерін, мәдениетін, салт-санасын зергерлік өнер арқылы әлемге танытқым келеді», дейді шебер.
Әр әшекей-бұйымынан әсемдік пен жоғары эстетикалық талғам, қазақы нақыш көрінетін зергердің алдағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тілейміз. «Alash Jewels» бұйымдарын әлемнің әр түкпірінен тапсырыс беріп алатын әйдік брендке айналса, қазақ мәдениетінің де қанаты кеңге жайылары сөзсіз.