23 Қаңтар, 2015

Солтүстік Қазақстанда жылу қуатының бағасы өзгермейтін болды

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
news_kgen_30052014ПЕТРОПАВЛ. 22 қаңтар. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департаменттің басшылығы «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің жылудың бағасын өсіру іс-әрекетінің заңсыздығы жайлы мәлімдеме таратты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталмыш мекеме жылу қуатын беру және таратудың реттелетін қызмет түрі бойынша табиғи монополиялардың субъектісі ретінде 2014 жылы 1 сәуірде департаментке 2 жылдық тариф сметасын бекіту туралы өтінім түсірген. Алайда, осы жылы 12 маусымда қабылданған «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» Заңға сәйкес, табиғи монополия субъектісінің міндеттері өзгертіліп, «Табиғи монополиялар субъектісі 5 және одан да көп жылға дейінгі арақашықтықпен ұзақмерзімді кезеңге өкілетті орган бекіткен ақырғы тарифтер (алымдар бағасы, ставкалары) деңгейі бойынша реттелетін қызмет көрсетуге міндетті» деген жаңа бап енгізілген. Заңнама талаптарын басшылыққа алған департамент 2014 жылғы 16 шілдеде «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің екіжылдық мерзімге жылу қуатын беру және таратуға арналған қызмет тарифін және тариф сметасын бекітуден бас тартқан. Бұл шешіммен келіспеген «Петропавл жылу желілері» ЖШС облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсірген. Алайда, мекеменің арызы қанағаттандырылмаған. Бұдан кейін серіктестік биыл қаңтарда азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жүгінгенімен, бұрынғы шешім өзгеріссіз қалдырылды. Өмір Есқали. Дерек: egemen.kz.