Осы орайда айтпағымыз халқымыздың бұрын-соңды өмірден өткен тарихи тұлғаларына тән домбыра аспаптары да баршылық. Дені еліміздің әр деңгейлі музейлерінде сақтаулы тұр. Соның бірі – Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде «КП 15294» ретімен сақтаулы тұрған Абай Құнанбайұлының жары Ділда Алшынбайқызының домбырасы.
Аспап туралы анықтамалықта: «Бұл аспап – 1882 жылы жасалған, қос ішекті, тоғыз пернелі қалақ домбыра. Мойнының ұзындығы – 47,5 см, шанағы пішіндетіп ойылған, ұзындығы – 29 см, ені – 11 см. Шанағының пошымы алмұрт тәрізді. Бет қақпағы жалпақ, жұқа ағаштан жасалған. Домбыраның сырты және мойынғақ пен қақпақ түйіскен сағақ тұсы мен қос қапталы сүйектен жонып жасалған қазақы өрнектермен көркемдестірілген. Шанақтың сырт жағына үш жерден торкөзді сүйек өрнек салынған. Шанағы, өндіршек және пернесі алақанымен қосыла қазақы өрнектермен безендіріліп, оймышталған сүйек тілімдерімен қапталған. Шанақтың артқы жағына үш торкөз өрнек салынған. Домбыраның қос қапталы сүйек оюмен көркемделіп, қызыл түсті барқытпен қапталып, бет қақпағына сүйектен ойылған сыңармүйіз өрнек бастырылған. Қақпағында дөңгелек ойық бар» делініпті.
Мекеменің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімованың айтуынша, бұл домбыраны музей қорына Абайдың інісі Ысқақтың немересі Сайда Әрхамқызы 1978 жылы тапсырған. Бұл жәдігер қазір Мемлекеттік орталық музейдің Тарих және этнография залында орналасқан құнды экспонаттардың бірі көрінеді.
«Музей қорында ұлы ақын Абай атамызға қатысты бұдан басқа да жәдігерлер баршылық. Атап айтар болсақ, ол кісінің аңшылықта ұстаған балдағы, тоғызқұмалағы, бірқанша қолжазбалары бар», дейді Үміт Әлиақпарқызы.