27 Сәуір, 2015

Руслан АУШЕВ: «Ертеңгі күніне сенімді халық осындай болады»

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Изображение 393 Қазақстандағы Президент сайлауына  бүкіл әлем тарапынан үлкен қызығушылық танытылуы біздің еліміздің мына дүниеде қандайлық орын алатынын айшықты айғақтайды. Көршілес Ресейден  келген байқаушылардың арасында Ирина Роднина, Владислав Третьяк, Руслан Аушев сияқты танымал тұлғалар бар. Кеңес Одағының Батыры, ауған соғысының аты аңызға айналған қаһарманы Руслан Аушевпен біз кеше Ұлттық академиялық кітапханада ашылған көне қолжазбалар көрмесінде ойламаған жерден кездесіп қалдық. Ол кісімен қысқа уақытқа болса да сұхбаттасу мүмкіндігін қолдан жібергіміз келген жоқ. Аз-кем әңгімеміз былай өрбіді. – Құрметті Руслан Сұлтан­ұлы!  Өзіңізді Астанада көр­генімізге қуаныштымыз. Сіз­дің Қазақстанға жиі келеті­ніңізді, қуана келетініңізді біле­міз. Оның жайынан газет оқыр­мандарының жасы үлкен, орта буыны жақсы хабардар. Мұны біздің жас оқырмандарымыз үшін де айтып өтсеңіз деймін. – Айтайын. Қазақстан – ме­нің туған жерім. Сталиндік қуғын-сүргін заманында Кавказ халықтарының біразы Қазақстанға жер аударылды ғой. Біздің әкеле­рімізді Көкшетауға алып келіпті. 1954 жылы сондағы Володар ауданында Саумалкөл деген жерде туғанмын. Қазір Айыртау ауданы деп аталады. Кейіннен әкемнің жұмысына байланыс­ты Алматыға көштік, жетінші класқа дейін сонда оқыдым. Қазақ жерінің мен үшін орны бөлек. Мұндағы президенттік сайлауға байқаушы болып қатысу жөніндегі ұсынысты мен қуана қабыл алдым. Қазақстанда туған, Қазақстанда тұрған адам ретінде мен үшін бұл елде кімнің Президент болатыны өте маңызды. – Қазақстандағы прези­денттік сайлауға қатысты­лығы­ңыз бұрын болып па еді? – Кезінде Ингушетия Пре­зиденті ретінде Қазақстан Пре­зидентінің инаугурациясына қатысқанмын. Одан кейін де Астанаға талай рет жолым түскен.  Байқаушы мәртебесімен бірінші рет келіп отырмын. – Байқаушы ретіндегі алған әсеріңіз қандай? – Тамаша. Таңертеңнен бері бірнеше сайлау учаскесінде болдым. Қайран қалдым. Мұндай бүкілхалықтық белсенділікті бұрын-соңды көрген емеспін. Еш жерден, еш елден. Тіпті, осындай жағдайдың Қазақстаннан басқа жерде болуы мүмкін де емес сияқты. Адамдардың бәрі кәдімгі мерекеге келгендей көңілді күйде. Жүздері жарқын. Бүгінгі өміріне разы, ертеңгі күніне сенімді халық осындай болады. Мына кітапхананың алдындағы ұзыннан-ұзақ кезекке қараңызшы. Ғажап емес пе? Көбі жастар. Яғни, кезекке тұру дегенді ұмытып қал­ған буынның өкілдері. Сағат 9-да келгенде кезек тұрған еді, қазір де сол кезек жалғасып жатыр. – Сіз мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? – Себебі – қарапайым. Халық өзінің ертеңгі тағдырын өзі шеше­тінін біледі. Президент лауа­зымындағы адамның ел өмі­рін­­де қандайлық орын алатынын біледі. Мемлекеттегі тұра­қ­­­­тылықты, ха­лықтың игілі­гін тиі­сінше ба­ғалайды. Сайлау­шыларға қара­саңыз, көңіліңіз толады. Бәрі қуанышты, бәрі разы. Негізінде, мұндай кезекке түсіндірме жасап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл осы елдегі ерекше жағдайды – саяси тұрақтылықты, экономикалық қуаттылықты, достықты, бірлікті тамаша танытады. Мұндайда қазір көп айтылатын  no  comment деумен шектелген орынды. Бірақ, мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы  айтпай кете алмаймын. – Руслан Сұлтанұлы, сайлау күні кандидатты үгіттеумен айналысуға болмайды... – Білемін. Бірақ, газетіңіз бүгін кешке шықпайтын шығар, ертең таңертең шығатын шығар. Ал ертең мұндай пікірді жариялауға болады... Нұрсұлтан Әбішұлын мен алғаш рет 1989 жылы КСРО Халық депутаттары съезінде көрген едім. Ол кезде Қазақстан Үкіметінің басшысы болатын. Съезде керемет сөйлегені сондай, жиналған жұрттың бәрі жапырыла жақсы көріп қалған-ды. Орталық пен республикалардың қарым-қатынасын түбірінен жаңаша құру, республикаларға көбірек сену қажеттігі жөнінде жеріне жеткізіп айтқан еді. Горбачев вице-президенттікке Янаевты таңдаған кезде залдағы жұрттың көбінің қалауы Назарбаев болып отырғаны есімде. Ол кезде біздің бәріміз Назарбаев КСРО вице-президенті немесе ел Үкіметінің басшысы қызметін атқарса, жағдайдың түбірінен жақсаратынына сенген едік. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы КСРО Премьер-Ми­нистрі лауазымын атқарудан бас тартқанын да білемін. Одан кейінгі уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Президенті ретінде ел басқарудың үздік үлгісін көрсете білді. Оған бүкіл әлем куә. Бүгінгі сайлаудың қорытындылары да Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын жеңісін көрсететініне кәміл сенемін. Бауырлас қазақ елінің халқына бар жақсылықты тілеймін. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Суретті түсірген Алмас СЫРҒАБАЕВ.