Білім • 16 Тамыз, 2024

Әлі де мүмкіндік бар...

98 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Грантқа ілікпеген түлектердің әлі де мүмкіндігі бар. Мәселен, мемлекет тарапынан 3 000-ға жуық грант қайта бөлінеді. Бұған бірнеше оқу орны және жергілікті атқарушы органдар тағайындаған грантты қосыңыз. Барлығы 8000-нан астам қосымша грант қарастырылған. Бұл – талапкерлерге беріліп отырған зор мүмкіндік.

Әлі де мүмкіндік бар...

Еске салайық, 2024-2025 оқу жылына бөлінген жалпы грант саны – 94 мыңнан астам. Оның ішінде 78 мың грант – бакалавриат студенттерге қарастырылған. Үміткерлер бұл тізімге ілікпеген жағдайда қосымша гранттарға таласа алады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, грантқа ілінбей қалған талапкерлер әлі де үміт үзбегені жөн.

– Кейбір мамандықтарда конкурс өте жоғары болды. Бұл талапкерлердің мамандықты таң­­дауына байланысты. Мәселен, «Стоматология» мамандығы­на бір орынға 35 адам таласса, «Ха­лықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығы бойынша бір орынға 12 адам, сондай-ақ «Аударма ісі», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Құқық», «Мода және дизайн» сияқты бағыттар бо­йынша биыл өте жоғары конкурс байқалып отыр. Сондық­тан кейбір талапкерлер жалпы гранттың тізіміне ілікпеді, бірақ әлі де мүмкіндік бар екенін атап өтеміз, – деді ол.

 

Әкімдік 2,5 мыңға жуық грант бөлді

2024-2025 оқу жылына жер­гілікті атқа­рушы органдардан конкурстық не­гізде мемлекеттік білім беру грантына өті­ніштерді қабылдау басталды. Нақтырақ айтсақ, биыл жергілікті атқарушы органдар 2475 білім беру грантын бөлді. Мәселен, 858 грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270, Абай облысы – 200, Маңғыстау облысы – 175, Ақмола облысы – 160 және Жетісу мен Қызылорда облысы – 100, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.

Білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ жоғары оқу орнына білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Айта кетейік, жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

 

«Қазақстан халқына» қорынан 850 грант

«Қазақстан халқына» қоры 2024-2025 оқу жылына арналған білім гранттары бағдарламасын жариялады. 2022 жылдан бері осы бағдарламаның көмегімен бүгінде 2,6 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтағы 850 талапкер жоғары білім алуға қол жеткізе алады. Білім гранттары бакалавриат бағдарламасы бойынша беріледі. Бұл конкурсқа ауылдық жердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар қатыса алады. Сонымен қатар жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар және 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қайтыс болған азаматтардың балалары аталған грантқа ие бола алады. Айта кетейік, үміткерлердің жасы 29 жастан аспауы тиіс. Мемлекеттік білім грантын алғандар «Қазақстан хал­қына» қорының грантына құжат тапсыра алмайды. Талапкер жоғарыда аталған талаптарға толық сай болса, жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына хабарласып, бағдарламаға өтініш бере алады. Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 17 тамыз.

Сондай-ақ «Freedom Bank» «Freedom Grants» білім жобасына өтініштерді қабылдай бастады. Биыл банк талапкерлерге 400 грант бөлді. Бұл мүмкіндікке ие болу үшін үміткерлерге қойылатын бірнеше шарт бар. Жас түлектер 18 тамызға дейін өзінің Instagram желісінде Банк парақшасын (@bankffin.kz) белгілей отырып, «FreedomGrants» хэштегімен пост немесе рилс жариялауы керек. Жазбада талапкер өзі туралы айтып, оқығысы келетін университетті атауы тиіс, сондай-ақ неге осы мамандықты таңдағаны жөнінде және өз аймағын қалай жақсартқысы келетінін түсіндіруі қажет. Тамыздың 21-і күні банктің @bankffin.kz ресми парақшасында тікелей эфирде кездейсоқ сандарды таңдау әдісімен «Freedom Grants» иелері анықталады.

 

Университеттен бөлінген грант көп

Түркістандағы халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті «В091 Туризм» және «В093 Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандықтары бо­йынша қосымша 800 грант бөліп отыр. Ол үшін талапкерлердің міндетті түрде бейіндік пәндері «География – Шет тілі» болуы қажет. Сондай-ақ талапкердің ұлттық бірыңғай тестілеуден жинаған жалпы ұпайы 65-тен жоғары болуы тиіс. («Қазақстан тарихы» және бейіндік пәндер кемінде 5 балл, «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауат­ты­лық» кемінде 3 балл). Атаулы грант­қа құжат қабылдау 18 тамызға дейін жалға­сады. Ал Ж.Тәшенов университетінің қабылдау комиссиясы жоғары балл жинаған талапкерлерге «Тәшенов тартуы» білім грантын тағайындады. Бөлінген 150 грантқа ие болу үшін талапкер ұлттық тестілеу орталығы өткізген тестілеуді тапсырған және мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысқан болуы міндетті. Ең бастысы, тестілеуден бес пәннің жиынтығы бо­йынша жоғары балл жинауы тиіс. Айта кетерлігі, бұл конкурста ауылдық жерлерден қатысушыларға басымдықтар бері­леді. Сонымен бірге 10-11 сыныптарында пәндік олимпиадалар мен республикалық, халықаралық байқауларда жетістікке жеткен түлектер аталған конкурсқа қатыса алады. Грант беру туралы шешім арнайы құрылған конкурстық комиссияның шешімімен анықталады. Ескерте кететін жайт, конкурста үміткерлердің ҰБТ балы тең болған жағдайда, олардың аттестаттағы үлгерімінің ортақ балы ескеріледі. Ал жаңа оқу жылында С.Торайғыров университетінде мемлекеттік гранттардан бөлек, жоғары оқу орнының өзінен, серіктес кәсіпорындардан қосымша 100 грант қарастырған. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктер өкілдеріне, облыстық пәндік олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарына, «Дарын» өңірлік олимпиадасы мен С.Торайғыров университетінің пәндік олимпиадасының үздіктеріне, мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға, халықтың әлеуметтік қорғалатын санаттарына жататын жастарға арналған гранттар бар. Айта кетейік, С.Торайғыров уни­верситетінің серіктестері жоғары оқу орын­дарында тегін оқуға кепілдік береді. Сонымен қатар Абай облысының зияткерлік элитасын қалыптастыру және туған өлкесіне қызмет ету жөніндегі өз миссиясының шеңберінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті білім беру гранты бойынша түспеген «Алтын белгі» иегерлеріне төрт жыл бойы тегін оқуға мүмкіндік береді. Университет әрбір талантты жастың өңірде қалып, өзінің әлеуетін барынша арттырып, өз аймағы мен елінің дамуына үлес қоса алатын тұлғаны қалыптастыруға баса назар аударады.

Дарынды, талантты жастарды қолдау мақсатында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 20-дан астам пәндік олимпиада өткізіледі. Жеңімпаздар университеттің төрт жылдық грантын алуға үміткер бола алады. Университет жыл сайын оқуда жоғары көрсеткіш көрсет­кен, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балалар санатына жататын талапкерлерді үнемі қолдайды. С.Аманжолов университеті ауқымды облыстық және республикалық олимпиа­далар ұйымдастырады. Мәселен, «Менің Қазақстаным», «Туған ел. Туған жер. Туған глобал», «Абай оқулары», «Педагогикалық ассорти», «Дарын» сынды байқаулардың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға оқудың барлық кезеңіне жүз пайыз жеңілдік қарастырылған.