Басылым • 15 Тамыз, 2024

Нүктелі сөз

104 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда академик, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің «Нүкте философиясы» атты кітабы қолымызға тиген еді. Жаңа жинақтың атына қарап, автордың «Egemen Qazaqstan» газетінде (2020 жылы 3 маусым) жариялаған осы тақырыптағы бағаны еске түсті.

Нүктелі сөз

Иә, нүктені жүйелі сөздің, жинақы ойдың, шегелі шешімнің таңбасы деп білеміз. Бірақ осы иненің көзіндей нүктеге қанша өмірлік мағына, қанша ғаламдық сыр сыятынын өлшеп білу мүмкін емес. Автор аталған мақаласында жалғыз таңбаны философиялық тұрғыдан талдап, тереңнен қаузайды. Нүкте мен көп нүктенің адамның ой-санасындағы өзгерісіне дейін мысал қылады.

«Адам ғұмыры – ақжемделген бір кітап десек, сол кітаптағы ең соңғы сөз де нүктемен аяқталады. Тұмса табиғат, қалың орман ноқаттай ғана дәннен таралады. Адам мен аң да бір тамшының дақылы. Ноқаттай дәннен алып ағаштың өсіп шығатыны сияқты, бір нүктеге бүкіл ғалам сыйып кетердей. Сол нүктеден жоғары ғарышқа жол салған құс жолы тізбеленеді. Ал төмен жылжысаңыз, микроәлемге тап боласыз. Нүкте құдды бір сиқырлы қақпа сияқты қос ұшы да шексіздікке жалғасатын осы екі әлемді жалғап тұрғандай», деп жазады.

Расында да, тарыдай нүктенің адамзат ғұмырындағы, жалпы осы ғаламшардағы байланысар нүктесі де көп екенін, әрқайсысы ағаштың берік діңіндей философиялық мазмұнды көздеп тұрғанын түйсіне түсесің.

Жаңа жинаққа Дархан Қыдырәлінің ой-тол­ға­ныстары мен эсселері топ­тас­ты­рыл­ған. Мұның ішінде елдік пен ерлік туралы, бүгінгі қоғамның тынысы мен тіршілігі, талғамы мен таңдауы, жаңа заман жастарының бет-бейнесі, ұлттың бүгіні мен болашағы, білім мен білік, өнер мен тарих, қалам мен қабілет, ұлттық мінез бен болмыс та­қы­рып­та­рында толғанады. Қо­ғам­дағы түйткілдерге де өзіндік азаматтық көзқарасын білдірген мазмұнды байламдары да енген.

Қаңтар оқиғасынан соң жазыл­ған «Буырқанған бұла буын» атты мақалада замана ағысына қатысты тұшымды толғамдар айтылады. Әсіресе бүгінгі тәуелсіз ұрпақтың болмыс-бітімі мен мінезіне талдау жасайды. Жаңа Қазақстан идеясының өзі сол жастардың жарқын бағыты екенін баяндайды. Қоғамды еркін кезген түрлі көзқарас бүгінгі буынның санасын сан-саққа жетелейтініне қаралы Қаңтар дәлел болып отыр дейді.

«Біз жастарға жол ашып, олар­дың жан-жақты білім алуына, өмірден, қоғамнан, біз құрғымыз келетін жаңа мемлекеттен өз орнын табуына мүмкіндік беріп, бар күш-қуатын жаңа мемлекетті қалыптастыруына, ерен күшін жасам­паздыққа бағыттауына жағ­дай жасауымыз керек. Олар­ды түсінетінімізді түсінікті тілмен жеткізіп, халықтық құнды­лық­тар­дың ешқашан өзгер­мей­ті­нін, халық әрқашан өз арнасынан жаңылмайтынын, санғасырлық дәстүріміздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз берілетінін көрсетуіміз керек. Өйткені Хақ – мәңгілік, халық – мәңгілік», деп жазады.

Мағжанның әйгілі жастарға сенетін ұранын жақтаған автор жаңа ұрпақ пен әділетті сөз етеді. Жоғалған ұрпаққа жатқызбайды. Буырқанған бұла буынға балайды.

Бұдан бөлек, «Құбылған заман­да құбыладан жаңылмау», «Ар алдында арылу», «Елдің сынға түс­кен сәт», «Мылтықсыз майдан», «Рухтың айнасы», «Рухани ренессанс жолы» сияқты ұлттың тілі мен тағдырын толғаған эсселері де көзіқарақты жұрттың көңілінен шығары анық.